
22 мамыр күні Республика сарайында әнші-сазгер Гауһар Әлімбекованың «Анаға сағыныш» атты шығармашылық кеші өтеді.
Айта кетерлігі, Гауһар соңғы жеті-сегіз жылда әндері жұртшылық тарапынан жоғары бағаға ие болып жүрген, туындылары басқа ешкімнің қолтаңбасын қайталамайтын талантты сазгер.
Екіншіден, ол – сыршыл да сұлу әндерін нақышына келтіре отырып келістіре шырқай алатын шебер әнші де. Үшіншіден, өзін көрсетуге барын салып, эфирге өңмеңдеп ұмтыла беретіндердің қатарынан емес. Әр әнін шыңдап-шынықтырып, әбден әрі мен сәнін келтіріп барып, көрерменге ұсынатын еңбекқорлығы тағы бар. Сол себепті де, музыка мамандары оны ұлттық эстрададағы талғамды өнерпаздардың тобына қосып жүр. Біз кеш алдында ән әлемінде осындай өзіндік әдемі өрнегі, үні бар, гитараның сүйемелдеуімен айтатын сыры бар, көпшілікке «Қыз сезімі», «Ақ келін», «Көктемге хат», «Оралшы, махаббат», «Әкеге сағыныш», «Жазығым не?», «Көктемгі жаңбыр» сияқты туындыларымен жақсы танымал Гауһармен аз-кем сұхбаттасып, концерттің жай-жапсарын сұраған едік.
– Бұйыртса, өз тыңдармандарыма арнап екінші шығармашылық кешімді тарту етпекпін. Естеріңізде болса, алғашқы концертім 2007 жылдың басында өткен болатын. Одан бері арада екі жарым жылдай уақыт өтті. Бұл үнемі өсуге, ізденуге талпынып жүретін шығармашылық адамы үшін аз мерзім емес. Осы уақыт ішінде талай жаңа әндер дүниеге келді, репертуар толықты. Сондай-ақ бұрын шыққан кей туындыларым жаңа сипатта жаңғырып, өзгеше өңделді. Яғни жаңа концерттік бағдарлама жасауға мүмкіндік туды. Әрине, бұл «осы жолы алдыңғы жылғы кешімде орындалған әндердің бірде-бірін қоспаймын» деген сөз емес. Ата-ана туралы әндерімді, «Ақ келінді», «Оралшы, махаббатты» тыңдарман қауымның қай кезде болсын сұрайтыны анық. Сондықтан оларды қоспай тұра алмасым белгілі. Мұны облыстардағы гастрольдік сапарларымнан да байқап жүрмін. Дегенмен кеш жаңалығы – жұртшылыққа бұрын ұсынылмаған жаңа туындыларым болмақ.
– Оның үстіне кеш ана рухына арналған перзенттік тағзым сияқты...
– «Анаға сағыныш» – анам өмірден өткеннен кейін жазылған ән. Анаға деген аңсау мен сағыныштан туған дүние. Үлкен болсын, кіші болсын, тіпті алпыстағы ақсақалға да өмірінің бір бөлшегін жоғалту оңай емес. Кез келген перзент бұл өмірде бар болсын, жоқ болсын ана алдында бас иіп, тағзым етеді. Менің ата-анам мәңгілікке аттанып кеткендіктен, ол кісілерге деген шексіз құрметімді, сағынышымды әнге қосып сәбилік жүрегімді жұбатып жүрген жайым бар. Сондықтан осы кешімді аяулы анам мен ардақты әкемнің рухына арнағанды жөн көріп отырмын.
– Ақан серінің «Балқадишасын» айтып, елді тәнті етіп едіңіз... Осы тәрізді басқа да туындылар орындала ма?
– Естайдың «Қорланын» репертуарыма қостым. Алдағы концерттің бұдан да басқа жаңалықтарын әзірге құпия сақтай тұрғаным жөн шығар. Жалпы, кейінгі жылдары жаман жұмыс істемеген сияқтымын. Бірнеше клип түсірдім. Ескілі-жаңалы 31 туындыны қамтыған жаңа толық ән жинағым жарық көрді. Алдағы кеште орындалатын әндерінің тең жартысын «соңғы бір-екі жылда жазылған дүниелер» десем, артық болмас. Тіпті олардың арасында әлі сиясы кеппеген жаңа туындылар да бар.
– Сіз клиптеріңізді бірінен кейін бірін эфирде таратып, көрермен талқысына ұсынып жатасыз. Бірақ мерекелік концерттерден неге көп көрінбейсіз?
– Өз басым «шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» деген ұстанымға сүйенемін. Себебі мен әнші немесе композитор ретіндегі өсуім, әлде тоқырауым эфирге көп, не аз шыққаныма тікелей тәуелді деп есептемеймін. Бұл өзі шартты нәрсе ғой. Мәселен, ешқандай концерттен қалмайтын, телерадио эфирден күн сайын түспейтін кейбір әншілердің әні есіңде қалмайды. Ал керісінше, көп көзінен тасалау жүрген кей өнерпаздардың шығармашылығына құрметпен қарайсың.
– Әндеріңізді «МузАрт» тобы, Бейбіт Сейдуәлиева сияқты бірен-саран өнер иелері орындап жүр. Көбіне өзіңіз ғана орындап, аса ешкімге көп бере бермейсіз. Бұл жолы кешке шақырған қонақтарыңыз қаншалықты?
– Менің жеке концертім болғандықтан көп қонақ қатыспайды. Өйткені шығармашылық кеш менікі болғаннан кейін, көпшілік, негізінен, мені тыңдауға, менің өнерімді тамашалауға келеді ғой. Мұндайда өзім анда-санда бір жылт етіп қойып, сахнаны меймандарыммен жауып отырсам, кім болғаным? Төрт бөліктен тұратын кеш арасында бағдарлама талабына сай төрт костюм ауыстырып үлгеруім үшін қажетті үзілістерді менің әндерімді орындайтын әншілер жалғайды. Яғни келген қонақ кеш иесімен осылай тығыз шығармашылық байланыста болса ғана, бағдарламаның артық мүшесіне айналмайды деп ойлаймын.
Айқын