
Жақында Алматыда өткен концерттің бірінде жас әнші Мақпал Исабекова мен оның продюсері Эрик Тастамбеков сахна сыртында аяқ астынан шу шығарып, сол күнгі өтіп жатқан шараға қатыспай кетіп қалған көрінеді. Әңгімені әріден бастасақ, ұзынқұлақтың айтуынша, Мақпал Исабекова көпшілікпен бірге отырмайтынын жеткізіп, өзіне жеке гример бөлмесін сұрайды.
Алайда ұйымдастырушылар мен Республика сарайының қызметкерлері мұндай мүмкіндік ешуақытта ешкімге жасалынбағанын айтып, халық әртістерінің өзі бір бөлмені бірнешеуі бірігіп пайдаланатынын түсіндірмек болады. Оның үстіне, әртістердің киім ауыстыратын орындары санаулы болғандықтан, кеш иелері Мақпалға Қарақат Әбілдина мен Мәдина Сәдуақасоваға көрші жайғасуды өтінеді. Алайда бұл ұсыныс бір-екі мәрте Ресей сахнасының дәмін татқан әнші мен оның продюсерінің көңілінен шықпайды. Сөйтіп, ілік іздеген екеу келісімге келмей, есікке қарай беттейді. Жүргізушілерге амал жоқ залдағы көрермендер алдында «Мақпал гастрольде жүруіне байланысты, бүгінгі кешімізге келе алмады» деп өтірік айтып, ақталуына тура келеді...
Біз шоу-бизнес өкілдері арасында біраз уақыттан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан осы келеңсіз жайт жөнінде мәселенің ақ-қарасын білмек болып, әншілердің өзіне хабарласқан едік. Сыртынан күйе жаққандай болмайық деп, Мақпал Исабекованың продюсері Эрик Тастамбековпен де тілдестік.
Қарақат ӘБІЛДИНА:
– Әртістер бөлмесінде жалғыз Мәдина екеуміз ғана емес, басқа да әншілер болды. Бірақ кім кіріп, кім шығып жатқанына көңіл бөлмедім. Дау-жанжал туралы мүлде естіген жоқпын. Өз басым шығармашылық концертімде ғана жеке бөлмеде отырғанмын. Қалған уақытта «көппен көрген ұлы той» деп көпшілікпен бір болғанды ұнатамын. Оның үстіне, Республика сарайындағы гример бөлмелері көптен бері жөндеу көрмеген. Бас сахнаның осындай жағдайын көре тұрып, ешқашан артық талап қойған емеспін. Сондықтан «класқа» бөлінудің қажеті шамалы. «Ұлық болсаң, кішік бол» дейді. Жеке отырсаң да, елмен отырсаң да бөлмелердің бір-бірінен айырмашылығы жоқ.
Мәдина СӘДУАҚАСОВА:
– Біз үшін өте жағымсыз оқиға болды. Елдің бәрі айтып, «не жағдай» деп сұрап жатыр. Бірақ өз құлағыммен Мақпалдың аузынан мұндай әңгіме естіген жоқпын. Жас әншімен жиі гастрольге шығып тұрамыз. Жақсы қарым-қатынастамыз, сәлеміміз түзу. Кеше ғана продюсері хабарласты. Бірақ әлгіндей әңгіме естігенде, шынымен ыңғайсыздандым. Мақпалдан ондай қылық күткен жоқпын. Мүмкін, бұл жалған дүние шығар... Біреулер ойластырған болар... Ал олардың концертке не үшін қатыспай кеткенін білмеймін. Бұл туралы Қарақат екеуміз өзара сөйлесіп, «Мақпалдың бізге бұлай жасауы мүмкін емес» деп отырмыз. Бірақ осындайда айта кету керек, біздің әртістеріміздің қазақ және Қазақстан эстрадасы болып екіге бөлінетіні шындық. Орыс тілді әріптестеріміздің тек қазақша ән айтатын әншілерді бір саты төмен санайтыны жасырын емес. Еуропаға ұмтылғандардың ойлау дәрежесі соған жетіп тұрса, біз не істей аламыз? Жалпы, өзім бұлай топқа бөлінуді қабылдай алмаймын. Сахна бір болғандықтан, онда өнер көрсететіндердің барлығы бірдей. Біреуден біреу артық немесе кем емес.
Эрик ТАСТАМБЕКОВ:
– Мұның бәрі өтірік. Шын мәнінде, олай болған жоқ. Мен өз басым сонда болдым. Бізді бір түсініксіз концерттің, түсініксіз марапаттау рәсімінде өнер көрсетуге шақырды. Бар жазығымыз ұсыныстарын жерге тастамай, айтқан уақытында межелі жерге келдік. Бірақ біріншіден, бізді күзетшілер кіргізбей, біраз әуреге салды. Сөйтіп, әрең дегенде ішке өтсек, Мақпалға дайындалған бөлме жоқ. Бәрі бос емес. Қарақат пен Мәдинаны бір топ бишілермен бір бөлмеге тығып қойыпты. Бізге де «сонда барыңдар» деді. Сөз жоқ, барар едік-ау, бірақ ұйымдастырушылардың бізге деген мұндай «құрметі», қалай болса, солай қарсы алуы, ұнаған жоқ. Неге алдын ала киім ауыстырып, боянып-сыланатын бөлме әзірленіп қоймаған? Өнер адамына тиісті жағдай жасау керектігі ескерілмеген? Есік сыртына Қарақат пен Мәдинаның аты-жөнін жазып қойыпты. Соған Мақпалды да қосса болады ғой... Қайда барарымызды білмедік. Демек, бұл біздің ол жерде қадіріміз жоқтығын көрсетеді. Концертке де керегіміз шамалы. Сосын бұрылдық та, кетіп қалдық. Айта кетейін, бұл жерде ерекше жағдай талап етіп жүрген мен ғана. Мақпал жұмған аузын ашқан жоқ.
Сонымен, «Мақпал Қарақат пен Мәдинаны менсінбей кетіпті» деп гу ете қалған әңгіменің ақиқаты осы. Қос әнші бұған сенер-сенбесін білмейді. Оқиғаның куәгерлері болса, мұндай шулы көрініс бұрын-соңды әртістер арасында кездеспегенін айтып, жағаларын ұстап отыр. Біздің ешкімнің «сөзін сөйлеп, сойылын соғатын» ниетіміз жоқ. Тек сахна сыртындағы боямасыз өмірді қаз-қалпында таразыға салғанды жөн көрдік. Төрелігін айтам десеңіздер, өз еріктеріңіз.
Айқын