«Асыл» тобы, биылғы 10 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Осы уақыт ішінде талай биіктерді бағындырып, Қазақстанның беткеұстар гелз-бэндтерінің бірі бола алдыңыздар. Десе де, шығармашылықтарыңызда жүзеге аспай қалған жоспарларыңыз болды ма?

– «Асыл» тобы сахнада 11 жыл көлемінде өнер көрсетіп келе жатыр. Әрине, осы уақытқа дейін «әттеген-ай» дейтін сәттер болды. Біз үнемі ізденістеміз. Жасаған дүниелерімізді одан да сапалы жасауға ұмтыламыз. Сондықтан да жетер шыңымызға жетіп, толық қалыптастық деп айтқан асығыстық болар. Әлі де көптеген жоспарлар мен жаңалықтармен таңғалдырамыз деген үміт бар.

Қазір қазақтілді өлеңдерді ағылшын сөздерімен араластырып айту белең алды. Сіздерде сондай үрдісті қайталап көру ойда бар ма?

– Әрине, қазір сан түрлі трендтер музыка әлеміне еніп жатыр. Олардың ішінде уақытша ғана жарқырап көрінетіндері де, нақты қалыптасқандары да бар. Бірақ біздің мақсат – қазақ тілін дамыту, дәріптеу. Иә, бүгінде көптеген поп-әншілер әртүрлі трендтермен жұмыс жасап жатыр. Десе де, біздегі міндет – тілімізді шетелдіктерге үйрету.Картинки по запросу Асыл тобы

– 10 жыл ішінде музыка саласында кәсіби мүмкіндіктеріңізді шыңдадыңыздар. Болашақта өз ізбасарларыңызды дайындау жоспарда бар ма?

– «Асыл» тобының барлық мүшелері профессионалды музыканттар. Топ мүшелері Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын, Чайковский атындағы музыка колледжін, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжін бітірген мамандар. Әрине поп-музыка мен қобыздың синтезін жасаған тәжірибелерімізді бөлісу ойымызда бар. Мысалы, өткен жылы топ құрамы болып бірге жиырма шақты қобызшы қыздардың басын біріктіріп, бір ай көлеміндегі дайындықтан кейін үлкен сахнада өнер көрсеттік. Сол сәтте кішкентай қыздардың қуанышын, қобызбен халыққа тіл қатудың ерекше екенін жанарларынан көрдік. Бұл бізге керемет тәжірибе болды. Қазірдің өзінде «Асыл» тобындай болғым келеді» дейтін кішкентай ізбасарларымыз өте көп. Әдемі киімдерін біздің сахналық костюмдерімізге ұқсатып, қобыздарын белдеріне байлап өсіп келе жатқан жас музыканттарға қарап қуанамыз және ол талпынастарын құптаймыз. Кейде дайын дүниелерді иемдене бергеннен, өздері де ізденіп, жаңа музыкалық материалдар мен костюм үлгілерімен шықса деген әпкелік кеңесімізді де айтқымыз келеді.

– Сіздерді халық сабырлы, инабатты, қазақи қыздар ретінде өте жақсы көреді. Шынымен де сабырлы қалыптарыңыз адам сүйсіндіреді. Топтың ұзақ уақыт өз құрамын толық сақтап тұруларыңыз да мінездеріңіздің арқасы шығар. Жалпы өзара келіспеушіліктерді қалай шешесіздер?

– Бұл – бізге ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Төрт қыз, төрт түрлі мінез бен өмірге деген көзқарас қалай бір топқа сыйысып отыр деген сұрақтар көпшілікті мазалайды. Бірақ бізде де ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды (күлді). Әзіл ғой, әрине. Тобымызда бізден бұрын келген, топтың алғаш негізін қалаған әпкелеріміз бар. Олар біздің ақылшымыз, сондықтан төртеуімізде әпкелі-сіңлілі қарым-қатынас берік. Ал жеке өмірде келіспеушіліктер бізде көп бола бермейді. Тек өнерге келгенде арамызда пікірталастар мен түрлі көзқарастар болып тұрады. Яғни бейнебаян түсіретін кезде, костюмдердің эскизін дайындағанда келіспеушіліктер болуы мүмкін. Бірақ ол жұмыс бабымен болғандықтан, мұны қалыпты нәрсе және ол болуы да керек. Сол арқылы ғана топ ретінде есейеміз, жұмысымызда да сапа болады.

– Білуімізше, Анар, Ақерке, Райхан – үшеулеріңіз бірге тұрасыздар. Үйде ең пысық кім, ең еркесі кім?

– Ғалия отау құрып, өз еншісін алғаннан кейін қалған үш қыз бір үйде бірге тұрамыз. Бәріміз де үйдің еркесіміз (күлді). Бір-бірімізге еркелеп, керек уақытында қамшылап та аламыз. Бірақ үй шаруасына келгенде өзара санасу сияқты жағымсыз қасиеттерден аулақпыз. Кімнің қолы бос болса үйдің жұмыстарын ешқандай артық сөзсіз жасауға әзір.

– Қазақстандық кейбір гелз-бэндтердің мүшелері жеке-жеке тұрғанды жөн көреді. Сіздерде бөлек тұру жайлы ой болды ма? Әлде бірге тұрған ыңғайлы деп ойлайсыздар ма?

– Бірге тұрған ыңғайлы деп ойлаймыз. Тіпті үшеуміз бір күнде жан-жаққа кетіп қалғанда, бір-бірімізді іздеп, сағынысып хабарласып тұрамыз. Жеке тұру, бір-бірімізден жалықтық деген ой мүлде ойымызға келмепті. Керісінше осы татулығымызға сызат түспесе екен дейміз.

– Ғалия, қазір сіз тұрмыстасыз. Гастрольдерге, концерттерге кеткенде балаға қарауға кім көмектеседі? Жолдасыңыз да музыка саласының адамы, түсіністік танытатын шығар?

Ғалия: – Біз гастрольдік сапарларға айлап кетпейміз, ең ұзақ дегенде 3-4 күн ғана болуы мүмкін. Бір рет қана Астана қаласында 10 күнге созылды. Кішкентайымызға менің ата-анам қарайласып көмектеседі. Ол кісілер ауылда тұрады. Сондықтан баламның тәрбиесіне уайымдамаймын. Иә, жолдасым да музыкант-әнші, кейде гастрольдерге бірге барамыз. Сол себепті ол толықтай менің жұмысымды түсінеді.Похожее изображение

– Ата-енеңізбен бірге тұрасыздар ма? Ол кісілер әнші-келіннің қатал графигіне үйренді ме?

– Ата-енемнен бөлек тұрамыз. Әкем және анаммен (ата-енеммен) өте жақсы қарым-қатынастамыз. Өздері де өнер адамдары болғандықтан, маған үнемі түсіністікпен қарайды. Мысалы, әкем де жиі бізбен гастрольдік сапарларға шығып тұрады.

– Жақын арада араларыңызда Ғалиядан кейін тұрмыс құруды жоспарлап жүрген ару бар ма?

– Әрине, қыз бала болғаннан кейін тұрмыс құру ойда бар. Ғалиядан соң біз де еншімізді алып, бір үйдің келіні болуға қарсы емеспіз. Бірақ дәл қазір, жақын арада тұрмыс құрамыз деп айта алмаймыз. Өз адамымызды кездестіріп, босаға аттап келін атанғымыз келеді.

– Жеке өмірлеріңізде қандай өзгерістер бар? Сүйіктілеріңіз бар ма?

– Өнер адамы болғандықтан жеке өмірімізбен бөлісе бергіміз келмейді. Халық біздің өнерімізді сүйсе екен, музыкамызға қызықса екен дейміз. Сахналық образдарымызды ұнатса екен дейтін ойлар бізді көбірек мазалайды. Сондықтан жеке өмірімізді өзімізге қалдырайық.

– Әннен бөлек, өздеріңізді басқа да салаларда дамыту ойда бар ма? Мысалы, кино, спорт, тележүргізушілік дегендей…

– Әрине, өнер адамы болғандықтан үнемі өзімізді жан-жақты дамытуға тырысамыз. Әртүрлі шығармашылық салаларында денсаулық болса өзімізді сынап көрген дұрыс деп ойлаймыз. Әсіресе дизайн саласында белсендіміз деп айтуға болады. Сахналық киімдеріміздің үлгісін дайындауға өзіміз атсалысамыз.

– Білуімізше, Ақерке өзіңізді модель және актриса ретінде де сынап көрдіңіз. Әрі қарай жалғастыру ойда бар ма?

Ақерке: – Алла қаласа, барлығы жоспармен болып жатса, осы бастамаларымды үлкен дайындықтан өткеннен кейін кино-фильмдерге түскім келеді. Бірақ асықпай жетсем деймін.

– Ғалия, сізді де балерина ретінде жеке фотосуреттеріңізден көрген едік. Қобыз ұстаған әнші-балерина әдемі үйлесім сияқты. Бишілік өнеріңіз туралы да айтып өтсеңіз.

Ғалия: – Мен негізінде кәсіби түрде балетпен айналысқан жоқпын. Балет өнері – өзім сүйсініп қызығатын сала. Кішкентай кезімнен биге, балетке икемді болғандықтан, фотосессияны жеке қызығушылығым үшін ғана жасадым. Ал негізінде балет пен қобызды үйлестірсе жақсы идея деп ойлаймын. Бірақ оны хореогрофпен ақылдасып, музыкалық продюсердің кеңесімен әдемі қиыстыру керек.

  • Әңгімелеріңізге рақмет, қыздар!

                                                                        Сұхбаттасқан Балжан АБЫЛҒАЗИЕВА

 

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу