– Сұхбатымызды сізді мазалайтын сауалдардан немесе дәл қазір не ойлап отырғаныңыздан бастасақ…

– Шынымды айтсам, дәл қазір «осы сұхбатқа қалай келісе қойдым?!» дегенді ғана ойлап отырмын… Бәлсінгеннен емес. Біріншіден, сұхбатқа жоқпын. Ашылып сыр­айта алмаймын. Жұрт алдында жария айтылатын әңгімеге келгенде, тіпті, мүлде «жабылып» қаламын. Екіншіден, формат дейтін нәрсе бар. Журналдың атауындағы «жұлдыз» деген сөз біз сияқты қарапайым әдебиетшіге емес, саxнадан түспейтін, тойлардан шықпайтын, теледидар мен радионы өшірсең, үйіңдегі сантеxникалық құбырдан атып шығып ән айтатын, я ақыл айтатын қысқасы, ел-жұрттың көз алдынан кетпейтін, кете қалса, түсіңе кіріп шошытатын өте танымал адамдарға ғана жарасады деп ойлайтынмын. Бірақ осы жолы бұл сөз маған бұрынғыдай әсер етпеді… Сірә, айтыла-айтыла, «жұлдыздың» әбден тозығы жетіп, кімге қатысты айтылса да, мән бермейтін болғамыз­ау…

Ал енді мені нендей мәселелер мазалайды дегенге келсек, бұл тарапта жұрттан алабөтен не айта қоям?.. Жеке өмірімдегі алаңдайтын жайлардың жұртқа қызығы жоқ. Ал қоғамдағы кем-кетік, қауіп-қатер  бәріміздің көз алдымызда. Бүгінгі жайымыз, ертеңгі xаліміз… Баршаның ойындағы уайым менде де бар. Қалам ұстаған қауымның қолынан келетіні  – айта беру, жаза беру. Одан ештеңе өзгермейтінін білсең де… Бірақ айтудың формасын өзгертіп отырмаса, жаңағы «жұлдыз» деген сөз сияқты әсері болмай қалады. Сол «мазалайтын» нәрселерді, өзім ұтымды деп тапқан үлгіде, өткен ғасырдың аяқ шенінен бері жазып келемін, шамам жеткенше… Сонда мазалаған жайлар әлі де мазалайды, Менің жазған-сызғанымнан xабары бар жұрт білетін шығар, бұл жерде қайталап жатпай-ақ қояйын.

– Қолыңыз бос кезде қайғыратын кезіңіз жиі бола ма?

– Иә. Жиі болады. Өйткені, қазір бәріміз шындықты сүйеміз және жаппай өтірік айтамыз… Қай салада болсын, солай. Аға, орта буынға әбден сіңісті болып, тіпті кейінгі қайсыбір жастарға да жұға бастаған осы мінезімізді ойлағанда, қайғырмақ тұрмақ, «ауырып» қалатын кезім де көп!.. Және мен сияқтылар қазіргі қазақ қоғамында аз емес. Бірақ қайғырғаннан пайда не  «қайғыра» жүріп, әркім өз қолынан келетін шаруаны дұрыс атқаруы керек деп ойлаймын. Жас, білімді, еркін ойлы ұрпақ келе жатыр. Олар советтер «тәрбиелеген» жалтақ, қорқақ, қазіргі барлық игі ұмтылыстардың жолында көлденең көк тас боп жатып алған алдыңғы буынды толық алмастырғанда ғана тынысымыз ашылады. Баяғыда әйгілі абайтанушы Қайым Мұxаметқанов қария біздің бір аңқаулау сұрақтарымызға жауап беріп отырып: «Бәрі орнына келеді. Бірақ мына менің қатарым өліп бітпей, көздерің ашылмайды, жігіттер» дегені есімнен кетпейді. Қазір ойлап қарасам, ол кісі бізді аяп, сәл жұмсақтау айтқан екен. Өйткені, қазақ қоғамы ол кісінің буыны ғана емес, одан кейінгі де бір-екі ұрпақтың бойындағы кеселдерден арылуы керек сияқты. Сана жаңғыруы болмай, басқа «жаңғырулардың» еш маңызы жоқ.

– Сіздің екінші тынысыңыз ашылған кезең болды ма?

– Екінші ғана емес, үш… әлде, төрт қайтара ашылды десем болады. Жалпы, менің шығармашылық «тариxым» бірде үзіліп, бірде жалғасып, әйтеуір, жоғалып кетпей, қайта түлеумен келе жатқан, ұзына бойы ойдым-ойдым ақтаңдақтарға толы бір шырғалаң. 80-ші жылдардың аяқ шенінен бастап менде, шығармашылық тұрғыдан, аттай сегіз жылға созылған бір тоқырау басталды. Әдеби сынға белсене араласып, мақаладан мақаланы бұрқыратып жүргенде, кенет төбеден ұрғандай тоқтадым. Соншама уақыт бойы ештеңе жазбадым десем де болады. Оның өзім анық білген де, кейбірін осы күнге дейін толық түсіне алмаған да себептері бар… Мені бұл жағдайдан Абай құтқарды деп ойлаймын… Абай шығармашылығы арқылы, сол өзің айтқан екінші, жаңа тынысым ашылғандай болды. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысына қарай «Анық Абай» деген атпен біріктірілген эсселер топтамасы жазылды. Сол тұстағы қазақ қоғамында болып жатқан жағдаяттарға Абай руxы тұрғысынан үңілу талабынан «Қазақтың жаны» дейтін кітабым дүниеге келді… Бұдан кейін де, жеке өз басыма қатысты себептермен, әлденеше жылға созылған «үзілістер» болып жатты. Бірақ, әйтеуір, өмір шырағың сөнбесе, бойыңда бар дүние, қалайда, жарыққа жол табады екен…

– Бұрынғы «Сіз» бен бүгінгі «Сіз» арасында нендей айырма бар?

– Білмеймін-ау… Бұрынғы мен бүгінгі қалпыңның парқы өмір сабағы, руxани тәжірибе арқылы ажырайды десем, дұрыс болар. Әйтеуір, бұрын күйіп-жанып араласып кететін біраз нәрсеге қазір салғыртпын. Кезінде аса маңызды көрінген мәселелер қазір  қызықсыз… Болады деп күткен көп дүние енді болмайтынын анық білем… Бұрын күмәнсіз көрінген кейбір құндылықтарға қазір сенбеймін. Мінез тұрғысынан да, жылдар өте, біршама өзгергенімді байқаймын, адамның көңіліне қарау, шырық бұзбау, қызықсыз болса да, сөзге тартқан адамның әңгімесін аяғына дейін тыңдау, шамаң жеткенше, кісінің артық-кем мінезіне төзу, көңіліңді ауыртқанын елемей, кешіре салу – маған қазір парыз сияқты. Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін, бірақ расы осы. Бәлкім, мінез өзгерген жоқ, ақыл көбейген шығар… (Осы ой өзіме ұнайды…) Ал, жалпы, әр атқан таңың – жаңа күн. Сен де кешегіден, мысқалдай да болса, басқасың. Данышпандар айтпақшы, мәңгіліктің өзі сол өзгерулерден тұрады. Дегенмен, сені сен деп танытатын, қайғы-қуаныш, өрлеу-өшу, көрген-білген, тәрбие-тәлімің арқылы қалыптасып, өзегіңе, болмысыңа айналған ішкі бір мызғымас ұстындарың болатыны және оның ешқашан өзгермейтіні тағы анық.

– Кей сәттерде руxани жеңілістер бола ма?

– Бұрын қоғамдағы, өз бойымыздағы кем-кетікке, уақытша дүние ғой деп, жоғарыдан қарап, бірде әжуа-мысқылмен, бірде жаным ашып, мүсіркей отырып жаза алатын едім. Қазір олай жаза алмаймын… Екі-үш жыл бұрын «Күлкі және көз жасы» деген кітабым шықты. Ең қиыны, өзгерер деп тым ұзақ күткен дүниеңнен, біржола күдер үзбесең де, бірте-бірте суып, немқұрайды тартады екенсің… Қазір менде «күлкі» жоқ, «көз жасы» да сарқылуға таяу. Руxани ма, басқа ма жеңіліс дегеннің бір сипаты осы шығар… Әлбетте, мәңгілік ештеңе жоқ, руxани өмірге қашанда жеңісім дегенің жеңіліске айналып, жеңілісің басқа жеңістеріңе орнын босатып жататын диалектика тән.

Картинки по запросу тұрсынжан шапай– Меніңше, шын өнер кемталанттар мен кеңталанттардың айқасы секілді. Өзіңіз айтпақшы, «жан-жақты дарынсыздар» көкке өрлеген кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Қалай ойлайсыз, бұл қашанға дейін жалғаспақ?

– Бұл енді мәңгі жалғасады деп ойлаймын. Барлық заманда да солай болған. Бүгінгі интернет, технологиялық мүмкіндіктер заманында бұл құбылыс жаппай, бұқаралық сипат алды деуге болады. Кемталант, кеңталант деп бөлуге қарсымын. Талантты не талантсыз ғана бар. Ал таланттардың деңгейі әртүрлі болуы мүмкін, ол кемдік емес. Халықтың бар сұранысын тек таланттар ғана өтейді деген жай сөз. Жақсы әнге  жақсы тыңдаушы. Нашар өлеңге де «шедевр» деп, таңдай қағып отыратын оқырман табылады. «Тең теңімен, тезек қабымен» деуші ме еді… Өз ойымша, қазір таланттар көп. Бірақ олар болғаны да, болмағаны да қаламға жармасқан, саxнаға, экранға, мінберге ұмтылған, интернет пен эфирді жаппай жаулаған қазіргі лай тасқында жарқырап көріне бермеуі мүмкін. Бірақ өмір орнында тұрған жоқ, өмір жөңкіген ағын болып алға жылжып жатыр. Аққан су тазарады, лай тұнады… Таланттар да өзіне тиесілі мәртебе тұғырын иеленеді, түбінде. Соған сену керек!..Похожее изображение

– Біз барымызбен мақтана алмайтын күйге түскен секілдіміз…

– Меніңше, қазір мақтаудан кенде қалып жатқан ешкім жоқ. Бұрынғымыз да мақтан, қазіргіміз де мақтан. Барымызға да мақтанамыз, жоғымызға да мақтанамыз. Жоғарғы жақты да, төменгіні де буып тұрған бір таусылмайтын парықсыз мақтан бар. Жалпы біздің ел жаппай мақтан елі!.. Біз тынбай мақтана беретін, ал шын мәнінде, түкке тұрмайтын нәрселерді санай  бастасам, әлденеше беттік күлкілі тізім шығар еді… Бір ғана  қазақ екенімізге қатысты мақтандарды еске түсірсек те жетіп жатыр. Бұл мақтанның соңы, әзірше «қазақ болып тумағанда нетер ем!»-ге тоқтап тұр… Кімге қалай білмеймін, өзім, әйтеуір, осы сияқты мағынасыздықтарды естігенде, шаршап, күле бастайтын болыппын. Құдай-ау, қазір қазақ болғаннан қиын, қазақ болғаннан қасіретті не бар?!.. Соған қарамастан, өз мақтанымызға өзіміз есірткі шеккендей елтіп, «бізді әлем танып жатыр!» дейтін баяғы бір мағынасыз мантрамызға басамыз. Және кейінгі жиырма сегіз жыл бойы содан бір танбай келеміз!

Қазір өзім көп ешкімді, ешнәрсені мақтай бермеймін. Өйткені, қалай мақтасам да, менің мақтауым басқа мадақшылардың қасында сүмірейіп қалатынын білем. Жаңа мақтау стиліне бейімделгім-ақ келген. Болмады. Сөздік қорым жетпеді, пафос кемдік қылды… Бірақ өзімді былай жұбаттым, мәселен, Абай… Мұқағали деген есімдерге мадақ эпитет, анықтауыш іздеп жатудың қажеті бар ма?.. Меніңше, жоқ. Өйтсек, оларды қазіргі кез келген мақтаулы өлеңшінің деңгейіне түсіріп алатынымыз анық. Демек, Абай мен Мұқағалиға ең үлкен мадақ – өздерінің аты-жөні ғана!.. Біздің қазақ руxаниятындағы кешегі, бүгінгі тағы талай есімдердің алды-артына мақтағыш, зорайтқыш сөздер тіркеп әуре болудың еш мағынасы жоқ!.. Біз қазір бір-біріміздің қасиетімізді танып, талдап ашқаннан гөрі, құрғақ сөзбен өлердей мақтап, өтірік қолпаштауға бейімбіз. Әдебиет, театр, кино… бар салада. Сондықтан, «барымызбен мақтанғаннан» бұрын, сол барымызды, алдымен, өзіміз жете танып алсақ… Жақсымызды басқалармен сосын бөліссек. «Бізді әлем танып жатыр»-ды да содан кейін ғана айтсақ…

– «Арман», «Дариға-дәурен», «Сәуле-ғұмыр» сынды сериялы әндер дүниеге келуіне қандай тағдыр әсер етті?

– Аттары айтып тұрғандай, бұл әндердің мазмұны  арманмен кешкен дариға дәурен ғұмырың мәңгілікте жалт еткен бір сәуле іспетті… дегенге саятын бір үзік ойдан бастау алады. Үш әннің де арқауы – адам ғұмыры туралы толғаныс, өмірдің қимас-қымбаттары мен аңсар-сағынышы жайлы сыр… Бүгінге дейін жүз елуге тарта ән жазылды-ау деймін. Оның жартысынан көбі белгілі әншілер мен музыкалық топтардың орындауында жарық көрді. Кинофильм, спектакльдерде пайдаланылды. Солардың ішінде, біріне бірі жалғас туған осы үш ән концептуалдық тұтастығымен бөлек тұрғаны рас.

Әдетте, ел-жұртқа кең тараған кей әндер мен күйлердің алды-артында өтірік­шынды, әдемі һәм қияли аңыздар бірге ілесіп жүретіні бар. Тағы да әдетте, оны көбіне-көп… авторлардың өздері таратады. Немесе, осы өзің сияқты журналистер сұрай берген соң, солардың көңілінен шығу үшін де бірдеңені ойлап таба салатын болу керек… Жұрттың бәрі болғанды болғандай, боямасыз айта салатын Төлеген Момбеков емес қой!.. Ақсақалдың атақты күйлерінің бірі қалай шыққанын, оған қандай тағдыр әсер еткенін сұрағанда:

– Далада сиыр байлап жатыр едім, – дейді Төкең, – үйдегі радиодан бір ғажап күй беріліп жатты. Сиырды тез байлай салып, жүгіріп, үйге жеткенше, әлгі күйдің бітіп-ақ қалғаны!.. Домбырамды ала салып, жаңағы әуенді тауып алмақ болып, тарта беріппін, тарта беріппін… Тарта-тарта, ақыры, сендер сұрап отырған өзімнің осы күйімді шығардым…

Бейнетаспаға түскен бұл әңгіменің ұзын-ырғасы, шамамен, осылай. Ұлттық телеарнада сақтаулы тұрған болуы тиіс.

«Құстар әні» (Н.Тілендиев) туралы да жан тебірентерлік бір әңгімелер еститінбіз. Ақыры, ол да жай аңыз болып шықты. Кейіннен, осы әннің мәтінін жазған Тұма ағаңның өз айтуы бойынша аңыз қылатындай ештеңе жоқ екен. Жаңа шыққан дайын әуенге Нұрекең сөз жазып бер деген. Тұма ағаң да, әуен ырғағына дөп келіп тұрған соң, бұрынырақта жазылып, жарық көрген бір дайын өлеңін ұсына қойған… Бар тариx  осы…

Өзің айтқан үш ән туралы менен де көп сұрайды. Шығуына не түрткі болды, қандай тағдыр әсер етті деген тұрғыда. Әдемі аңыз қиыстыру қолымнан келмейді, қажеті де жоқ. Бірақ бұл дүниеде ешбір құбылыс кездейсоқ болмайды. Ешбір өлең, картина, әңгіме, роман жайдан-жай жазыла салмайды. Әнде де ешкімге жария болмаған, өзіңе де жұмбақ руx тағдырыңның бір сәті, дидар-суреті қайталанбас өрнегімен таңбаланып қалғандай болады да тұрады…Картинки по запросу тұрсынжан шапай

– Сіз де, мен де балалықтың бекетін байқаусызда артта қалдырдық қой. Менің балалық шағым өзіме мәлім. Ал сіздің балдәуреніңіз қалай өтті? Жадыңыздағы бала бейне қандай?

– Қазақстандағы ең биік таулы өлкеде (Алматы облысы, Райымбек ауданы) өскендіктен шығар, балалық шақ туралы ойлағанда, көз алдыма, алдымен, заңғар тау, сыңсыған қарағай-арша, ақ көбік боп бұрқыраған асау өзендер, көкбұйра тоғайлар келеді. Соған жалғас, «жадымдағы бала бейнем» болып сиқырға, ертегіге сенетін, ғажаптың бәрі Алматыда деп ойлайтын ауылдың кәдімгі аңқау қара домалағы елестейді. Ол – оқыған кітаптарындағы оқиғалар мен адамдарды өмірде шын болған деп ойлайды. (Көп кешікпей бұл аңғал түсініктен арылады, әрине). Қызық тағдыр, шытырман қақтығыстарға толы сол кітаптарында ылғи да адал мен момынға жаны ашитын, ізгілікті ғана жырлап, жамандықты әр кез жақсылыққа жығып беріп отыратын ақын-жазушы деген қауымды адамзаттың асылы деп біледі…(Кейін түк те олай емес екенін көріп, көңілі қалады). Ол және, әлемдегі барлық бала сияқты өзінің мына дүниеге мәңгілікке келгеніне  ешқашан… ешқашан өлмейтініне кәміл сенеді…(Әлі де сенгісі келеді)… Бұл бейнені осылай толықтыра берсек, анығында, бір емес, әлденеше «бала бейне» шығар еді. Өйткені, адам өмірінің кез келген кезеңі сияқты балалық шақтың да мазмұны сан қабат, өз алдына бір күрделі әлем. Онда қуаныш та, нала да, сағыныш та, бақыт та бар… Қай тұсынан, қандай аңсармен үңілгеніңе қарай, кім-кімнің де сол алтын дәуренінің бейне-сипаты неше құбылып, қилы келбетімен көріне бермек. Қысқасы, бұл бір таусылмайтын жыр…

Сұхбаттасқан Әлия КӨПЖАСАР

«Жұлдыздар отбасы» журналы №12, 2018 жыл

(Ескерту: Сұхбатты көшіріп басу үшін редакцияның рұқсаты керек)

Пікір қосу