Картинки по запросу Арықбай Ағыбаев
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор

Арықбай аға, Қазақстанда көп жасалатын қылмыстардың бірі – алаяқтық қылмыс. Заң орындары бұл қылмыстың алдын алу шараларын қаншалықты күшейткенімен де зардап шегетіндердің саны әлі азаймай келеді. Сондықтан да осы өзекті мәселе төңірегінде ой қозғап, журнал оқырмандарына заңдық кеңес ретінде өзіңізбен сұхбаттасқанды жөн көрдік. Алғашқы сұрағым – алаяқтық қылмыс деген не?   

– Қазақстан Республикасының 2014 жылғы қылмыстық кодексінің 190-бабында көрсетілгендей, алаяқтық қылмыс дегеніміз – бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену немесе өз мүлкіндей пайдалану. Әдетте мұндай қылмысты жасаушылар алдымен өзгені алдап-арбайды. Онан соң басқаның сеніміне әбден кіріп алып, жымысқы ойын жүзеге асырады. Демек, алаяқтық қылмыс алдау немесе сенімге кіру арқылы істеледі.

Мұндай қылмыс әдетте қалай  жасалады?

– Алаяқтықты істеудің негізгі тәсілдері дәстүрлі және қазіргі заманға лайықты болып бөлінеді. Дәстүрлі тәсілдерге: карта және басқа да құмар ойындарында алдау, жасанды асыл бұйымдарды сату, ақша купюраларын эквивалентсіз аудару сияқтылар жатады. Ал қазіргі заман тәсілдеріне: жасанды құжаттармен банктік кредиттерді алу, түрлі жолмен өтірік фирмаларды құрып, тұрғын үйлерді саудалау, сондай-ақ банкоматтардан ақша алу немесе сауда мекемелерінен тауар алу үшін жасанды пластикалық карточкаларды пайдалану секілді қылмыстар жатады.

Алаяқтық қылмыс ешқашан абайсызда жасалмайды. Тек қасақана істеледі. Өйткені қылмыскер өз мақсатына жету үшін түрлі айла-шарғы қолданады.

Алаяқтық қылмыстың субъектісі кімдер?

– Он алты  жасқа толған Қазақстан азаматы жасаған қылмыстық әрекетінің зардабына қарай Алаяқтық қылмыстың субъектісі саналады. Ал қылмыстың

субъективтік жағы – тікелей қасақаналық, пайдакүнемдік мақсатта болады.Похожее изображение

Енді осы  қылмыстың түрлері туралы айта кетсеңіз?

– Алаяқтық қылмыстың ауыр және жай түрі сынды бірнеше түрлері бар. Қызмет бабын пайдаланып немесе ақпараттық жүйені пайдаланып қылмыс жасау, мемлекеттік сатып алудағы алаяқтық қылмыс – мұның бәрі алаяқтық қылмыстың жай түріне жатады.

Ал ірі мөлшердегі алаяқтық мемлекеттік функцияларды  атқаратын өкілетті адамдардың жасаған қылмысына қаратылады. Олар өз құзыретін пайдалана отырып түрлі алаяқтық қылмыстарға баруы мүмкін. Екі не үш адамның бірлесе жасаған қылмысы – алаяқтық қылмыстың ауыр түріне жатады.

Қылмыстық топтар алаяқтық  қылмыс жасаса немесе аса ірі мөлшердегі (2500 айлық көрсеткіштен жоғары) экономикалық шығын келтірсе, аса ірі көлемдегі алаяқтық қылмыс қалыптасады.

– Егер осындай оқиға болған жағдайда қылмыстық іс қалай  қозғалады?

– Қылмыстық іс жәбірленушінің арызымен қозғалады. Егер де алаяқтық қылмыскердің құрбаны өнеркәсіп немесе мекемелер болса, қылмыстық іс меншік иелерінің, лауазымды тұлғалардың хабарлауы мен және де тергеу органдарының бастамасымен де іс қозғалады.

Қылмыстық іс тіркелгеннен кейін тергеу амалдары қалай жүріледі?

Алаяқтық тергеу, бастапқы кезіндегі тергеу жағдайына байланысты жүргізіледі. Әдетте іс дәрежесіне және қылмыскердің тұлғасы туралы деректемелердің болуы негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ мұндай істерді тергеуде сот сараптамасы, алаяқтық тәсілі мен оны анықтауға жататын көлемді мән-жағдайларға байланысты. Қылмыскерді әшкерелеу үшін: сот физикалық сараптамасы (материалды тану); сот-бухгалтерлік сараптамасы, сот-химиялық сараптамасы, сот-тауартанымдық сараптамасы, сот материалдық сараптамасы, криминалистикалық сараптамасы  жүргізіледі.Картинки по запросу алаяқтық

– Күдікті қылмысын мойындағаннан соң қылмыстық жазалар қалай тағайындалады?

– Алаяқтық қылмыстың түрлеріне қарай  ұқсамаған жаза түрі қолданылады. Мұның барлығы «қылмыстық кодексте» ашып көрсетілген. Сонымен қатар жаза тағайындау кезінде субъектінің мінез-құлқы, істеген қызметі, әлеуметтік жағдайы, басқа да түрлі ерекшеліктері ескеріледі.

Қазақстанда жиі жасалатын алаяқтық қылмыстар қайсылар?

– Жасанды құжаттармен банктік кредиттерді алу, тұрғын үй құжаттарын өз иелігіне өткізу арқылы өтірік фирмаларды құру, тұрғын үйлерді заңсыз мақсатта саудалау. Басқа да жылжымайтын мүліктерді сату жағында елімізде алаяқтық қылымыстар көп кездеседі.  Соңғы кездері акцияларды сатуда және бағалы қағаз туындыларын жасауда алаяқтық қылмыс өрши бастады.

Алаяқтық қылмысқа куәландыру орындарының (нотариус) қатысы бар болса, олардың заңдық жауапкершілігі қалай қузастырылады?

– Нотариус – нотариалдық іс-әрекеттер жасайтын, яғни түрлі заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыратын тұлға. Жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс істеген ҚР азаматы Әділет біліктілік алқасына біліктілік емтиханын тапсырып, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған соң ғана мұндай өкілеттілікке ие болады. Сондықтан да заңдар мен құқықтық нормаларды жақсы білетін куәландыру орындарының алаяқтық  қылымыстармен  шатысуы мүмкін де емес. Алайда бас пайданы ғана көздеген кейбір куәландыру орындары алаяқтық қылмыстың өршуіне белгілі деңгейде себепші болып отырғаны анық. Әрине мұның бір ұшы біздің қоғамды жаппай жайлаған жемқорлықпен астасып жатыр. Осындай заң бұзушылықтың алдын алу үшін ең әуелі заңның беделі бәрінен биік болуы маңызды. Ал куәландыру орындары алаяқтық қылмыспен шатысқанда «қызмет бабын теріс пайдалану» баптары бойынша қылмыстық жауапкершілігі қузастырылады.

Не себепті Қазақстанда алаяқтық қылмыс өршіп тұр деп ойлайсыз?

– Әрине мұның терең әлеуметтік және қоғамдық себептері бар. Әлеуметтік себептеріне келер болсақ, елімізде шешілмеген әлеуметтік мәселелер жетерлік. Әлеуметтік мәселелері оңды шешім таппаған елдің қылмыстық әрекеттердің көбейе түсетіні екі бастан белгілі. Қоғамды жайлаған жемқорлық дерті де алаяқтық қылмыстың азаймауына  мұрындық болып отыр.

Біз өзімізді зайырлы, заңды мемлекетпіз дегенімізбен, біздегі халықтың заңдық сауаты тым төмен. Оның үстіне қазақ қалқы әлденеге тез сеніп қаламыз, аңғалдаумыз. Жақындарымыз алаяқтық қылмыс жасап, меншік құқымызға қол сұқса, оған құқықтық мүдде тұрғысынан емес, ұлттық этика тұрғысынан қарайтынымыз тағы бар. Кей жағдайларда өзіміздің құқығымызды қорғауға жүрдім-бардым қараймыз. Түрлі құқық қорғау институттарымен жұмыс жасамаймыз. Азаматтық құқыққа жауап беретін құзырлы орындарға өзіндік талап қоя білмейміз. Міне, осындай түрлі себептер қоғамдағы алаяқтық қылмыстың үздіксіз көбейе түсуіне жол беретіні сөзсіз.

Осындай қылмыстың алдын алу үшін не істеуіміз керек?

– Ең әуелі меншік иесі өз мүлкін қорғауды жүзеге асыру тиіс. Өз мүлкін қорғауға деген заңдық жауапкерлігін арттыру керек. Одан кейін құзырлы орындар, түрлі күштік құрылымдар бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сонымен бірге  басқа да құқық қорғау институттары осы қылмыс түрінің орын алуындағы түрлі себептерге тереңірек зерттеу жасауы да аса маңызды. Оның үстіне алаяқтық қылмысқа байланысты сот процестері қоғамға ашық жарияланып, осы текті қылмыстардың алдын алу шаралары өз уақытында үгіттелуі тиіс. Сол үшін құзырлы орындар мен құқық қорғау орындары бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз селбесіп жұмыс істеуі керек. Алаяқтық қылмыс бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі ретінде баспасөз беттерінде жиі айтылуы тиіс. Қысқасы, алаяқтық қылмыспен күресуде тұтас қоғам атсалысуы керек.

 

Сұхбаттасқан Ерзат АСЫЛ

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу