Жанұзақ ӘКІМ, биология ғылымдарының кандидаты, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, халықаралық адам институтының президенті

 – Жанұзақ аға, мемлекеттік қайраткер болған Еркін Әуелбеков жайлы ел аузында тек қана жақсы пікір қалыптасқан екен, мұны сіз ол кісінің қандай еңбектерімен байланыстырасыз?

– Әуелбеков Еркін ағамыз – өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан 2000-ші жылдарға дейінгі 30-35 жыл аралықта Қазақстанның саясаты мен экономикасына белсене араласып, осы бүгінгі Қазақстанның қалыптасуына үлкен үлес қосқан, өлшеусіз еңбек еткен мемлекеттік қайраткер. Ол кісінің қызмет жолдарын айтатын болсақ: Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Облыстық атқару комитетінің төрағасы, Республика Ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Астық өнімдері және құрама жем министрі, Көкшетау, Торғай және Қызылорда облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы. КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесінің ұлттық саясат және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары, ҚР Президентінің кеңесші қызметін атқарған. КСРО Жоғарғы Кеңесіне төрт рет депутат болып сайланған. Тізім осылай ұзын сонар болып жалғаса береді. Иә, Әуелбеков атының аңызға айналып, елі күні бүгінге дейін сағынышпен, жақсы пікірмен еске алып отыратындығы оның үш облыста бірінші хатшылықта отырған кездегі елге сіңірген еңбектерімен байланысты болса керек. Мәселен, Көкшетауды басшылық еткен 10 жылдық уақытында сол өңірдің барлық инфрақұрылымдарын вокзал, мәдениет үйі, телеграфы бар, басқасы бар – барлығы да осы кісінің кезінде салынды. Ол кісінің небәрі 43 жасындағы алған Социалистік Еңбек Ері атағы осы Көкшетау облысын өркендетіп, экономикасын дамытып, әлеуметтік жағдайын көтерген іскерлігіне берілген. Мұндай даңқ пен марапатқа Кеңес одағының дәуірінде екінің бірі жете бермейтін. Ерекеңде бір қасиет – еңбекқорлығымен қатар алысты бағамдай алатын көрегендігі де бар еді. Өзі басқарған қай облысты болсын жайнатып, жайқалтып жіберетін ерекше бір қайраткерлігі де болды. Көкшетаудағы қызметінен соң, қателеспесем, 1977 жылы енді ғана ашылған жаңа облыс – Торғайға ауыстырылды. Басшылықта болған жеті жылында бұл өңірді де түпкілікті өзгертіп, мықты дамытты. Әуелбековтен кейін Торғай облысына жабылғанға дейінгі аралықта келген ондаған басшы болса, солардың ішінде облысқа қажырлы еңбек етіп, ең жоғары көрсеткішті Әуелбеков қана берген. Ал Қызылорда облысын 1985-1989 жылдар арасында басқарды. Онда да мына қазіргі цинк, мырыш комбинаттары, Шиелідегі атом өндіретін комбинаттар, тағы басқа өнеркәсіп саласын және облыстың экономикасын айқындайтын Құмкөл мұнай өндірісін мықты өркендетті. Қызылорда осыған дейін тек аграрлық облыс болса, енді жартылай мұнай өнеркәсіпті өңірге айналды. Сөйтіп, облыстың өнеркәсібін дамытуда ағамыздың сіңірген еңбегі зор. Аз ғана жылда үлкен істер тындырды. Бүгінде Қызылорда облысы экономикасы дамыған, Қазақстандағы үлкен донор облысы болып тұруы осы Әуелбековтің арқасында. Сонан соң, бұл кісінің Қызылорда өңіріндегі басшылық қызметін сөз қылғанда халықтың игілігіне шешкен аса маңызды, ел тарихында ойып тұрып орын алатын екі ерлігін атап өтпеу мүмкін емес. Оның бірі – Байқоңырға қатысты болса, екіншісі Арал теңізінің тартылуына байланысты еді. Жалпы, Арал теңізі 1964 жылдан бастап тартыла бастаған ғой, бірақ та Әуелбеков басшылыққа келгенде Аралдың нағыз тартылып жатқан, ең қиын кезеңі еді. Аралдың тартылу қасіретінен халықтың тартып жатқан зардабын түсінген ол 1988 жылы Мәскеу арқылы «Аралды құтқару туралы» атты №1733 қаулы шығартып бекітті. Қаулыда Аралдың тартылу факторлары оны құтқару жолы және Арал теңізінің айналасындағы жергілікті тұрғындарға жеңілдік жасау туралы мәселелер қамтылды. Сол қаулыны негізге ала отырып, Арал теңізі айналасы мен Арал ауданы төңірегіндегі тұрғындардың жалақыларына ең алғаш рет 15 пайыздық көтерме коэффициентін енгізуі, одан басқа 1200 000-дай адамға әлеуметтік жеңілдіктер жасатуы Еркін Әуелбековтің халқына жасаған тарихта қалған адал қызметтерінің бірі еді.

Ал біздің бүгінде Семей полигоны жабылғанына 30 жыл өтсе де сол аймақтағы 2 000 000-дай халыққа ешбір көмек бере алмай отырғанымыз – үлкен қасірет.

– 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына осы Еркін Нұржанұлының кандидаты да ұсынылған екен. Өтпей қалуының сыры неде деп ойлайсыз?

– Иә, үш кандидат – Нұрсұлтан Назарбаев, Закаш Камалиденов және Еркін Әуелбеков болды. Үшеуі де осал емес, дегенмен Еркін Әуелбеков те ел басқаруға әбден лайық, елін ойлаған, іскер де білікті кандидаттың бірі болған. Негізі мен мына мемлекет басшыларын екіге бөліп қараймын. Біріншісі, жоқтан бар құрап, экономиканы жасап, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеріп, халықтың еңсесін тіктейтін басшылар болса, екіншісі, керісінше бұзатындар. Барды жоқ ететіндер деп бөлемін. Халыққа пайдасынан гөрі зияны көп солақай реформа жасағыш, барды түгесіп, елді тоздырып жіберетін басшылар деп екіге бөліп қараймын. Ол реформалары тағы да, шіркін-ай, түкке жарамсыз, әрі барса облыстарды жабу, министрлікті қосу немесе бөлу ғана болып табылатынын қайтерсің?! Бұл енді реформа емес, әрине…

Міне, Әуелбеков ағамыз осы жоқты бар ететін басшы болған еді. Ал ол кісінің өтпей қалуына, менімше, бірнеше себептері болған болуы мүмкін. Сонан соң үш кісі болған жерде бәсекелестік деген де болады емес пе, бірі екіншісін өткізбеуге тырысады дегендей…

– Еркін Нұржанұлын ақиқатшыл болған, тіпті Дінмұхамед Ахметұлына да сын таға алған бірден-бір басшы болған деседі…

– Иә, жалпы өзі шыншыл, бірсөзді кісі болды ғой. Турасын айтатын. Сын дегенде есіме келетіні, ол 1985 жылғы партияның 16 съезінің отырысында Қонаевқа: «Өзіңіз басшылықта отырған 26 жылдың ішінде сіз Қызылорда облысына бірде-бір рет келмедіңіз, жағдайымызды көрмедіңіз. Ол – еліміздегі ең қиын облыстардың бірі. Кілең құм мен шөлдік жер. Осындайда.. осындай», – деп облыстың күрделі экономикалық мәселелерінің бәрін тізбектей кеткені бар еді. Қонаев шынында да Қызылорда облысына әлі бармаған екен. Ал бұл объективті сынау. Шындықты айту.

Енді Әуелбеков сын айтты екен деп Қонаев шеттеткен жоқ. Қайта сол Қонаев дәуіріндегі Қонаевтың қасындағы 10 адамды ата десе, тізімнің алғы шебінде Әуелбеков жүретін. Немесе Қонаевтың қасындағы елге еңбегі сіңген адал да мықты бес не үш қайраткерді ата десе, соның ішінде Бектұрғанов, Ихсанов, Алыбаевтармен қатар осы Әуелбеков жүретін. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың басшы болған 26 жылдық дәуірде облыс басшыларынан Социалистік Еңбек Ерін алғандар аз болған. Бектұрғанов, Қуанышбаев және Еркін Әуелбеков, бар болғаны 5-6 ғана кісі болды.

– Дінмұхамед Ахметұлына сын айта алған болса, ал енді елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен арақатынасы қалай болды екен?

– 1995 жылы елде экономикалық жағдай өте қиын болды. Және тура сол жылы үкіметте бүкіл колхоз, совхоздарды тарату туралы қаулы шықты. Анығында бұл қаулы ел экономикасында өте бұрыс қаулы болды. Ерекең қаулының еліміздің экономикасына өте тиімсіз екенін біліп, тікелей қарсы шықты. Қарсы болғандардың арасында Әуелбековпен қатар екі рет Еңбек Ері болған Н.Н Головацкий, Балташ Тұрсымбаев тағы да басқа ауылшаруашылығын білетін бірнеше саясаткерлер болды. Бұл шешім сонда ауылға келген дәп бір соғыстай бәрін құлдыратып кетті десем де болады. Соғыс десек, дейтіндей-ақ, сол қаулыдан соң кері кеткен ауылшаруашылығын әлі көтере алмай жүр емеспіз бе? Одан беріде әлі оңалған жоқ. Қазіргі жағдайы болса тіптен де нашар. Нашар дейтінім, сол 1991 жылы ауылшаруашылығымыздың ел экономикасындағы үлесі 41 пайыз болса, қазір 4,7 пайызға, яғни 8 есеге түсіп кеткен. Ал халықтың 43 пайызы әлі сол ауылдарда тұрады. Мал шаруашылығы құлдырап кетті, бар асылтұқымды мал етке сатылып кетті. Малдан жаңа тұқым шығару үшін 20 жыл уақыт керек болса, егіннің, көкөністің тұқымын шығару үшін 10-15 жыл уақыт керек. Осыған дейін істелінген еңбектердің көпшілігі зая кетті. Асылтұқымды мал зауыттары, тағы басқа – бәрі де құрып бітті. Күні бүгінге дейін қалпына келген жоқ. Сонда жұмыс жасап тұрған әр колхоз-совхоздарда 30-40 мың бас қой, 15-20 000 ірі қара болып, егін егетін технология жақсы жұмыс жасап, ондағы өндірілген өнімдерді, яғни ет, сүт, бидай тағы басқаларды сату бойынша Қазақстан жылына 2-2,5 млрд.$ пайда әкелетін болған. Бүгінгі күні бұлардың бәрі құрыды. Есесіне біз «мұнайлы елміз» деп кеудені кердік. Бізді мұнай асырайды деп сендік. Шын мәнісінде қазақстандық мұнайдың үлесі әлемдік мұнайда 1 пайызға да жетпейді. Қателігіміз – 250 жыл бұрын Сень-Симон айтып кеткен «Нарық бәрін шешеді» деген саясатты ұстандық. Бұл саясат, яғни осы ауылшаруашылығын тарату инфрақұрылымы жартылай шөлейтті Қазақстан жағдайына еш жүрмейтінін ескерген адам болмады. Үкіметтің үлкен қателігі осы болды. Осы қауіпті алдын ала көре біліп, реформаға қарсы шыққан Әуелбеков сындылар қызметтен шеттетілді.

Қазір ауылшаруашылығын сақтап қалған көршілеріміз Өзбекстан мен Татарстанды алайықшы, Өзбекстанда осы 27-28 жылдың ішінде халықтың саны 13 миллионға өссе, бізде 1 миллионға ғана өсті. Неге? Себебі халықтың саны жағдай жасалса тек ауылда жақсы өсетінін ойламадық. Бізде елдегі халықтың 43 пайызы әлі де ауылда тұратынын жаңа айтып өттім. Өзбектер болса бұл қателікті жасамады, ауылшаруашылығын, мал шаруашылығын, егін шаруашылығын – бәрін сақтап қалды. Татарлар да сақтап қалды, Белоруссия сақтады. Қазіргі күні Белоруссия ауылшаруашылығында еңбек өнімділігі біздің Қазақстаннан 8 есе көп. Ресейде 3 есе көп болса, Батыс елдерінде 20 есеге көп. Ауылшаруашылығын қолға алып отырған Америкада бір фермер 133 адамды асырайды екен. Бізде керісінше өз отбасын асырай алмай отырғандар көп. Ең сорақысы, мына Астананың өзінде азық-түліктің отандық өнім үлесі 20-25 пайызы ғана, бұл деген сөз ауыр өнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіпті айтпағанда, тіпті алғанда күнделікті тамағымыздың өзін шетелден алып тұтынады екенбіз. Теңгенің құнсыздануында, инфляцияда осы азық түліктің әсері 60-65 пайызды құрайды. Мұнай да емес, басқа да емес, дәл осы азық-түлік. Ауылшаруашылығының екі саласы – мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жоқ жерде, өндіріс жоқ екенін, өндіріс жоқ жерде, экономика да жоқ екенін үкімет түсінбеді. Әлі де түсіндіре алмай жатырмыз. Елде ең қарқынды дамып келе жатқаны – ол тек парақорлық. Мәселен, мына инновацияға деп бөлінген қаржының ішінен 2002-2015 жылдар аралығында 502 млрд. теңге, бүгінгі бағамен 800 млрд. теңге өз мақсатына жұмсалмаған деп жақында Есеп комиссиясы мәлімдеді. Ол қаражат сонда қайда? Яғни жылына 80-90 млрд. теңге жымқырылып, ұрланып, әркімнің қалтасында кетіп жатыр деген сөз. Көрдіңіз бе, осындай ұрлық, жемқорлық қана дендеп тұрған елде енді қандай инновация? Инновация жоқ жерде, экономика жоқ. Экономиканың 90 пайызын инновация құрайды. Ал мұнай бізге экономика болмайды. Сорақысы, бүгінгі үкіметтің құрамында әлі де білікті экономистер сол баяғыдағыдай жоқтың қасы…

– Ол кісімен өмірде жақын таныстығыңыз болды ма?

– Ол 1995 жылы болатын. Менің Ауылшаруашылық министрлігінің Ғылыми жаңалықтарды басқару жөніндегі бірінші орынбасары қызметінде отырған кезім. Ол уақыт ҚазАгроФинанстың жарғысы шығып, жалпы мына Қаржы институты заңдары дайындалып, бәрі жаңадан басталып жатқан кезең болатын. Ерекеңнің ресми емес қызметте, Көкшетау облыстық шаруа қожалықтар қауымдастығын басқаратын кезі. Бір күні таңертең хатшы қыз: «Сізге Еркін Әуелбеков келіп тұр», – деді. Ағамыз жүзі жүдеңкіреген, үміті үзілген, тым селсоқ көрінді. Қызметтен шеттетіліп қалған кездері ғой. Келген мәселесі, Көкшетау облысы мен Қызылорда облысындағы шаруа қожалықтарына, күрішшілерге көмек беруге деп несие сұратып келіпті. Сонда қателеспесем, сол кездегі бағаммен 200-300 мың теңгедей аз ақшаны айтады. Ол 200-300 мың не болады, және екі облысқа? «Ой, Ереке, 200-300 мың деген тым аз. Ондай аз қаражатты мына мақсаттарыңызға қалай жеткізбексіз? Және екі облысқа. Біз одан да сізге 300 мың емес, әр облысқа бекітілген лимитті ескере отырып, миллиондай шығартайық», – десем, «Жо-жоқ, ол көп ақша. Мемлекеттің қазынасын олай шаша беруге болмайды», – деп, шошып кері қайтып кетті. Содан бір ай өтер-өтпес «Жанұзақ, сен дұрыс айтады екенсің, мен айтқан ақша бізге жетіңкіремейді екен, шамалы көп алуым қажет екен», – деп, қайта келіп, қолындағы бар құжаттарын рәсімдеп, несиесін алып кеткен. Сол уақыттарда төрт-бес айдай жақын аралас болдым.

– Еркін Нұржанұлының еңбектері бүгінгі ұрпаққа өз дәрежесіне сай мадақтала ма?

– «Мадақталады ма, өз дәрежесіне сай ұлықталып жатыр ма?» дегенде менің бір көңілім толмайтыны Әуелбеков – мемлекеттік тұлға, ірі қайраткер болды, ол кісінің есімін көше, даңғылдарға берумен ғана шектелмей мектеп аттарына беру керек. Өзі басқарған, өлшеусіз еңбегі сіңген үш облыстарда ескерткіштер қойылуы керек. Себебі, басқа саясаткерлігін айтпағанда білдей үш үлкен облысты көтеріп, өркендетуінің өзі қандай үлкен іс?! Мұндай адамдарды біз ұмытпауымыз керек. Көкшетауда Ғалым Елемесов деген бұрын прокурор болған, 1986 жылы көшеге шыққан жастарды соттаған. Көкшетауға сол прокурорға апарып ескерткіш қойды. Ол қазақтың Ежов пен Берияларға қойған ескерткішіндей. Немесе Голощекинге қоятынындай. Бізде бір жаман әдет бар. Халыққа қарсы жұмыс жасап жүрген адамдарды ұлықтап, ал мемлекетке адал қызмет еткен, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұмытып жатамыз. Ол енді біздің нақұрыстығымыз, надандығымыз. Одан да осы Еркін Әуелбековке қойсақшы…?!

– Саяси мемлекеттік тұлғаның адами болмысы жайлы не айтарыңыз бар?

– Бұл кісінің бір қасиеті – нағыз ер адамға тән бірсөзді, сөзі мен ісі сай келетін, артық сөзі жоқ және өзі де өте қарапайым, өмірі де қарапайым болды. Еңбекқор еді. Қарапайымдылығының бір дәлелі отбасымен тұрып жатқан пәтерінен басқа тіпті көлігі де болмады. Бюджеттен де, басқадан да ешкімнен ештеңе алған жоқ, еш кісіге кеселдік жасаған жоқ. Бойындағы бар білімін, қуатын, күшін, бар еңбегін осы еліне сарп етіп, сіңіріп кеткен «жаным – арымның садағасы» дегенді ұстанған, адалдықты ту еткен, асыл азамат еді.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген бар, бүгінгі Қазақстанға біз, міне осындай азаматтардың арқасында жеткенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.

Сұхбаттасқан Ася Асеткина

«Аңыз Адам» журналы №19 саны

Пікір қосу