Төлеген аға, кезінде мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығында жүргенде газетте еңбек еткен көрінесіз. Сол кезде ол кісімен кездескен де, пікірлескен де боларсыз?

– Әлбетте. Менің облыстық «Көкшетау» газетінде еңбек еткеніме 52 жыл толып отыр. Арасында Целиноград облыстық газетте де бес-алты жыл еңбек еткенім бар.

Көкшетау облысын Ерекеңе дейін қазақ азаматы басшылық еткен жоқ. Ол кезде бригадирге дейін Мәскеу бекітетін еді ғой.

Ерекеңнің Көкшетауға келуі жерлестері арасында зор сілкініс тудырды. Ерекең басшылыққа келгенде облыстағы аудандар саны он үш-он төрт болатын. Сонда, осыншама аудандарда бір ғана бірінші хатшысы мен бір ғана ауатком төрағасы қазақ еді. Осы әділетсіздікті Ерекең келе түзетуге кірісіп аудан басшылықтарына қазақ жігіттерін әкеле бастады. Сенім артқан азаматтарына «Қазақ жігіттерінің қолынан да іс келеді дегенді дәлелдеңдер. Ол үшін жұмыстарыңа адал болыңдар, білімдеріңді көтеріңдер. Жалқаулықты қойып, барынша еңбек етіңдер», – деп тапсырып отыратын, әрі өзі де қатты бақылауға алып, олардың жұмыстарына басшылығын ешқашан босаңсытқан жоқ.

Екінші бір өткір мәселе қазақ ауылдарының мүшкіл халы еді. Ерекең жаңадан бірнеше совхоз ашқанда солардың басым бөлігінің орталығын қазақ ауылдарынан ұйымдастырды. Тұрғын үйлер кешені қарқынды жүргізілді, клуб, кітапхана, монша, қоғамдық мал қоралары тез арада бой түзеді.

Қазақ жігіттерінің саяси білімін көтеруіне ерекше қамқорлық жасады. Мәскеу мен Алматыдағы Жоғарғы партия мектептерінен қазақтардың білім алуын қатты қадағалады. «Өзің білімсіз болып тұрып жұртты қалай ұйымдастырасың, қалай басқарасың» деген талап оның басты ұстанымы болды.

Е.Әуелбеков облыс орталығы – Көкшетау қаласының сәулеті артып, кеңге құлаш жаюына ерекше ықыласты болды. Оның тікелей басшылығымен Көкшетау мәдениет сарайы, мейманхана, вокзал, аэропорт ғимараттары салынды. Ол кездегі жатаған ағаш үйлердің орнын еңселі кірпіш үйлер басты. Жол төселіп, су тартылып, қала мәдениеті ғажап бой түзеді.

Мен бұл арада облыс Одақ бойынша астық, мал шаруашылығын өркендетуде алғашқы ондықта болғанын айтпай отырмын.

– Ел аузында Әуелбековтің коммунист бола тұра ұлтжандылығы жайлы біраз әңгімелер жүреді…

– Әрине, Еркін Әуелбековтің ұлтжандылығы жарқырап көрінбегенімен әр сөз, әр әркетінен байқалып тұрушы еді ғой.

Бір мысал. Көкшетауда «Даңқ аллеясы» бар. Оның төрінде солдат туға тағзым етіп, тізерлеп тұр. Бұл ескерткіштің алғашқы нұсқасында орыс солдаты бейнеленген еді. Ерекең мүсіншіге: «Сен, немене, Ұлы Отан соғысында тек орыстар ғана соғысып па? СҚане, дереу қазақ жауынгері қалпын бейнеле. Орысыңды ауыстыр!» – деп, қатты айтып тастаған. Қазір сол аллеяда қазақ жауынгері жеңімпаздарға құрмет көрсетіп тұр. Халықтың көбі оның Әуелбековтің әмірімен орындалғанын біле де бермейді. Ал білгендер Ерекеңнің сол тұстағы ерлігіндей көзге жылы ұшырайтын ескерткішке құрметпен, алғыс сезіммен қарайтыны ақиқат.Картинки по запросу төлеген қажыбай

– Еркін Әуелбековті кейбіреулер қатал еді дегенді айтып қалады…

– Батыл талап қойса, білмегенді іс үстінде түзетіп отырса, ол қаталдық бола ма екен. Қазір біздегі кемшіліктердің дені білімсіздіктен, жұмысты ұйымдастырудың қыбын білмегендіктен, ең бастысы жауапкершіліктің жоқтығынан екендігі еш дау тудырмайды. Бүгінде білікті ғалым, экономистер ен байлықтың үстінде отырған Қазақстанның күйзелісте екендігін там-тұмдап болса да айтып қалып жатыр ғой. Солардың сөздері негізсіз емес. Бірақ билік оған мойын бұрар еместігі жанға батады.

Қазір бізге түбегейлі (кординальды) өзгеріс қажет. Өйткені, қанша уақытымыз босқа өтіп барады. Орынсыз мадақтың омақа астырары ақиқат. Тек бетін аулақ қылсын!

Кезінде Еркін Нұржанұлы маған да жас демей елеулі тапсырмалар беріп, байқастаған. Редакторымыз Жанайдар Мусин арқылы өз разылығын сан рет білдіргенін күні бүгінге мақтанышпен еске алып отырамын.

Еркін аға іскер басшы, тәжірибелі маман, бар ғұмырын туған елім өркендесе, гүлденсе деп өткен азамат еді. Мен мұны жасым сексенге жақындаған аталық жас үстінде ар алдында мойындауым керек.

Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі өркендеп, өрге басуы үшін тап Еркін Нұржанұлы Әуелбековтей азаматтардың қатарының көп болғанын тілер едім.

 

Сұхбаттасқан Ася АСЕТКИНА

«Аңыз адам» журналы 

(ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіруге тыйым салынған)

Пікір қосу