Шыңғыс Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда Қырғызстанның Талас өңірі, Шекер айылында дүниеге келген. Ол жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері және  Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі.

Балалық шағы

Шыңғыстың әкесі Төреқұл көрнекті партия қайраткері болған. Оқып жүрген кезінде жазған мақаласы үшін қара тізімге ілінеді. Сол кезде Төреқұл: «Мені ұстап әкетсе, «халық жауының әйелі» деп сені де жауапқа тартуы мүмкін. Балаларды алып, Шекерге бар. Ағайынның арасы ғой, бас-көз болар», — деп, әйелі Нағиманы төрт баласымен ауылына шығарып салады. Шыңғыс сол кезде 9 жаста болады.  Шыңғыс жеті жасында қырғыздың «Лениншіл жаш» газеті тілшісінің «Өскенде кім боласың?» деген сұрағына: «Шофер болғым келеді», — деп жауап берген. Мұның мәнісін жазушы кейіннен: «Ол кезде көзімізге ілуде бір шалынып қалатын машинаға деген құмарлығымыз ерекше еді. Бұл менің емес, өзім секілді бар баланың арманы болатын», — деп түсіндірген.

Жастық шағы

Тумысынан зерделі де мейірімді Шыңғыс бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласады, бауырларына ерекше қамқор бола біледі. Егін ору, қырман бастыру, өгіз арбай айдау сияқты шаруаларға құрдастарымен бірге білек сыбана кіріскен Шыңғыс бел жазбай еңбек етеді. Жұмыстан қолы қалт етсе, орыс классиктерінің шығармаларын оқиды. Сондай-ақ оқығандарын жанындағы адамға майын тамызып айтып беретін өнері болған.  Орысшаға жетік Шыңғысқа сол жылдары ауылдық кеңестің хатшысы міндеті жүктеледі. Сол себепті де екі жыл оқымай қалған ол мектептің бітуіне 1 жыл қалғанда ғана қайта жалғастырады. Одан кейін Жамбылдағы малдәрігерлік техникумының зоотехникалық бөліміне оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Сөйтіп, Бішкектегі ауыл шаруашылығы инсититутына оқуға түседі. Онда да озық оқу үлгерімімен көзге түседі Алайда, әділетсіздікке тап болады.

«Ағам Шыңғыс институтты үздік оқып жүріп, аспирантураға қалғалы тұрғанда «халық жауының»баласына сталиндік стипендия беріп жүргендерің қалай?» деп арыз түсіп, стипендиядан да, аспирантурадан да шеттетілді. Сонда да мойымай, демалыс күндері теміржолға барып қара жұмыс істеп, көмір мен ағаш түсіріп, ақша тауып жүрді. Табысын шашау шығармай жинап, қысқы демаоысқа келгенде бәрімізге бір-бірден киім әкелді. Маған жағасы үлкен, жылы пальто алыпты. Мұндай сырт киімді тұңғыш рет киюім». (Кенже қарындасы Розаның естелігінен)

Еңбек жолы

Шыңғыс 1953 жылы Қырғыз ауылшаруашылығы институтын бітірген соң Қазақстанның Жамбыл облысында зоотехник болып қызмет атқарған. 1956 — 1958 жылдары Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет курсында тыңдаушы, 1959 — 1960 жылдары “Литературный Киргизстан” журналының редакторы болады. 1960 — 1965 жылдары “Правда” газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, 1965 — 1986 жылдары Қырғызстан Кинематографистер одағының төрағасы қызметін атқарған. 1986 жылы Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1988 жылы “Иностранная литература” журналының Бас редакторы боп тағайындалады. Кейін 1990 жылы КСРО-ның Люксембургтегі елшісі болды. 1991 жылдан Қырғызстанның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.

Айтматовтың өміріндегі әйелдер

Өз сөзімен айтсақ, Шыңғыс Айтматовтың өмірінде үлкен із қалдырған бірнеше әйел заты бар. Бұл ретте, жазушы алғашқы жұбайы Керезге студент кезінде үйленген. Жастық шақтың албырт та қиян асуларынан бірге асқан Керез жазушының анасы На,иманы қщ анасындай сыйлап, көп жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді. Шыңғысқа Санжар, Асқар атты қос ұл сыйлайды. Келесі бір махаббаты жөнінде жазушының өзі: «Тәттібүбі Тұрсынбаева болса — бір кезде көңіл төрінде жанып-өшкен аяулы бейне…», — деп ағынан жарылған. Әйтсе де, солардың ішінде өзінің жанымен, тәнімен баураған өзінің сәулелі махаббаты қырғыз елінің атақты бишісі Бүбүсара Бейшаналиева екенін жасырмаған. Мінезіне көркі сай Бүбүсара жазушының шығармашылығына айрықша әсер еткен.

Бір-біріне деген ыстық сезім оянған сәттен бастап, қашан Бүбүсара қайтыс болғанға дейін, яғни 14 жыл бойы қарым-қатынастарын үзбеген қос ғашық «Мың бір түн» хикаясындағыдай небір ғажайып сәттерді бастан өткерген. Алайда, Бүбүсара үйленуге келісім бермеген. Сүйген адамы үшін жеке бақытынан да бас тартқан Бүбүсара ақыры қатерлі ісікке шалдығады. Бір жарым жыл қатты қиналып, қайтыс болады. Жан күйзелісіне шыдай алмай жүрген шағында тағдыр Шыңғысты Мариямментабыстырады. Содан бастап 35  жылға жуық, яғни өмірінің соңына дейін жарасымды ғұмыр кешкен бұл жарынан Шыңғыс Шырын атты қыз, Эльдар атты ұл сүйеді.

Болмысы қандай болған?

«Әкем ерте тұрғанды жақсы көретін. Өз заттарына тап-тұйнақтай болатын, жұмыс үстелі ешқашан шашылып жатпайтын. Әр затының қай жерде тұратынын жақсы білетін. Ал адамдармен қарым-қатынаста өте ашық адам болатын. Ақыл айтып, ділмарсығанды ұнатпайтын. Өз үлгісімен тәрбиелейтін». (Қызы Шырын Айтматованың естелігінен)

Пікір қосу