Жүрсін Ерман 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Байқоңыр кеңшарында дүниеге келген. Ол ақын, публицист.

Балалық шағы

Ақынның балалық шағы өте қиын болған. Шеткері жатқан, мал баққан ауылда бір орыс көрмей өскен. Анасы еңбек ардагері болса, ал әкесі 1943 жылы соғыстан жаралы боп келіп, Жүрсін 1-сыныпқа барғанда қайтыс болды. Әкесінің туған інісі Әбсат Жүрсінді оқытып жеткізеді. Анасының Жүрсінге ертегі айтуға уақыты болмаған. Балаларын жеткізу үшін әйел екеніне қарамастан отын да, су да тасып, мал да баққан. Өмірдің талай тауқыметін тартқан. Жүрсіннің 49 жасқа келгенде анасы 90 жасында дүниеден өткен.

Еңбек жолы

Жүрсін 15 жасында аудандық газетке әдеби қызметкер ретінде жұмысқа тұрады.17 жасында бөлім меңгерушісі болып тағайындалады. Ол жұмысшы жастардың кешкі мектебін аяқтап, Алматыдағы Абай атындағы пединститутқа оқуға қабылданады. 1992-1994 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1995-1997 жылдары «Жұлдыз» журналындағы поэзия бөлімінің меңгерушісі болады. 2003 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғылыми қызметкері, 2006 жылдан 2009 жылдың қазан айына дейін «Қазақстан» РТРК Қазақ республикалық радио бас директорлығына тағайындалды.

«1 жылдан кейін жазғы демалыста ауылға барсам, әкемнің малшы інісі: «Қандай оқу оқып жатырсың?» — деп сұрады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатынымды айтқанда, ол кісі: «Сол үшін Алматыға кеттің бе? Сапарғали сырттай оқып-ақ мұғалім болған», — деді кекетіп. Осы сөзден кейін мұғалім болғым келмей, дереу қалаға келдім де, оқудан шығып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне қайта тапсырдым.Сол бала қылығыма әлі өкінемін». (Автордың сұхбатынан)

Жүрсін Ерман 17 жасында үйленген. 1971 жылы 20 жасында телеарнаға аға редактор болып қабылданады. Бір жарым айдан кейін 3 бөлмелі пәтер береді. Сол жерде 9 жыл жұмыс істеп, бас редакторлыққа дейін көтерілген.

«Жалғыз ұлым» әнінің шығу тарихы

Бұл өлеңді ақын жалғыз ұлы Дарханға арнап жазған. 2006 жылы «Құдіретке жүгіну» деген кітабы шығады. Сазгер Жарылқасын Дәулет осы кітаптан өлеңді көріп, оған әуен жазған. Сосын Жарылқасын аға оны Еркінге берген. Ол қазір нақышына келтіріп, орындап жүр.

Отбасы

Қазақ айтысын халқымен қайта қауыштырған Жүрсін Ерман 17 жасында шаңырақ көтерген. Жүрсін бойжеткен Бақытжамалды алғаш рет 1966 жылы Ұлытау ауданында жастардың кешкі отырысында көрген. Қаладан келген сұлу қызды жігіт бірден ұнатады. Әдемі қыздың әр ізін аңдып, соңында қыздың жүрегін жаулап алады. 1968 жылы екі жас бір отбасы болуды ұйғарады. Бақытжамал көп жылдар теледидар дикторы болып қызмет істеген. Отбасында Қызғалдақ, Ардақ есімді қыздары мен Дархан атты ұлдары бар. Жүрсін мен Бақытжамал бүгінде немере сүйіп, шөбере көрген бақытты ата-әже.
Бірінші қызы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында қуыршақ театрының режиссері мамандығын бітірген. Екінші қызы тіл мен әдебиет мамандығын бітірген, шағын кәсіппен айналысады. Жалғыз ұлы — дипломат. Бірақ, басқа салада үлкен мекемені басқарып отыр.

Марапаттары

Жүрсін Ерман Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. Сондай-ақ, ол «Ана тілі» халықаралық қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері және Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Құрметті азаматы (2008). Ал әскери атағы — запастағы офицер.

Пікір қосу