– Д.Қонаев елімізді басқарған тұста жоғары қызмет атқарған мамандардың бірісіз. Кеңес дәуірінің куәгері ретінде Қонаевтың халыққа сіңірген еңбегіне сараптама жасап көріңізші…
– Мемлекет қайраткері ретінде баға берер болсам, Д.Қонаев – қазақ тарихында төрден орын алатын тұлға. Неге? Өткенге аз-маз сараптама жасап көрелік. Дінмұхамед Қонаев кеңес заманында ширек ғасыр бойы Қазақстанды басқарған уақытта ел мәдениеті мен экономикасының деңгейі жоғары болды. Оның үстіне Димекең Орталық комитеттің Бас хатшысы Л.И.Брежневпен өте жақсы қарым-қатынаста болатын. Бұл республикамызға қаржы тарту мәселесін оңтайлы шешуге үлкен септігін тигізді.

Біз жемқорлықтың емес, еңбек пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі ретінде одақтас республикалардың алды болдық. «Кеңес дәуірінде Қазақстан одақтас республикалардың ішінде ең соңғы орындардың бірін алған» деген сөздердің бәрі – өтірік. Біз Одақты азық-түлікпен қамтамасыз ететін аймақ болдық. Бұған өлшеусіз еңбек сіңірген, кең далада тер төгіп жүрген ауылшаруашылық мамандары да елеусіз қалмайтын, жетістіктерге жеткендер лайықты марапатталатын. Астық көлемі жылына жүз миллион адамды нанмен қамтамасыз етуге жететін. Димекеңнің Бәйкен Әшімовпен бірігіп атқарған шаруаларының арқасында өндіріс салалары да өте қарқынды өсті. Халықтың жағдайы жақсы болғандықтан, адам саны да артты. Дүниеге ұрпақ әкелу көрсеткіші жағынан да одақтас республикалардың ішінде алдыңғы орынды алатынбыз. Ауру-сырқау, өлім-жітім саны басқалармен салыстырғанда аз болды. Ол кездері азаматтардың өмір сүру жасы орта есеппен алғанда 70-тен асатын. Өкінішке қарай, қазір ол жастан төмен түсіп кеттік.

Ғылым, мәдениет, әдебиет салаларының өркендегені сол – Одақ деңгейінде атақ алған әншілер мен сыйлыққа ие болған жазушылар да көптеп саналатын. Мысалы, бүгінде жазушылар кітаптарына қаламақы ала алмай жүрсе, ол кезде жазушыны былай қойғанда, ғылыммен шұғылданатын бізге де мақалаларымызға қаламақы төленетін. Әркім өзі жасаған еңбегінің қайырымын көретін. Біз адам басына шаққандағы өнім көрсеткіші жағынан ең бай деген АҚШ-тың өзін басып озатынбыз. Дүниежүзінің назарындағы ғарыш мәселесінде де бәріне танымал болдық. Мәселен, Ю.Гагарин қай жерден ғарышқа ұшты? Байқоңырдан. Байқоңыр қай елде? Қазақстанда. Яғни бізді білмейтін ел болмайтын. Қонаев еткен ұшан-теңіз еңбек арқылы бүгінде талай қазақтар жан сақтап жүр. Қонаевтың тұсындағы дәрежеге бүгінде еңбектеп жете алмай келеміз. Кеңшардан 200 шақырым қашықтықта отырған малшылар қыстауына электр желісін тартуға Қонаевтың басшылығымен өзім де араласқанмын. Қазір ауылды айтпағанның өзінде, Алматының өзінде, шеткері орналасқан кей жерлерде жарық жоқ.

Рас, Қонаев орыстілді адам болатын. Іс-қағаздарының бәрі орыс тілінде жүргізілетін. Бұл қазақ тілінің кемсітілуіне жол берді. Мәдениетіміз өркендегенімен, атақтарды көбіне орыстілділер алды. Ғылым қарыштап дамығанымен, ол іс жүзінде орыс тілінің ғылымы болды. Соның салдарынан қазақша экономика ғылымы әлі күнге дейін жоқ. Әрі бұған жол бермеу үшін Қонаев қарсы күреспеді. Дегенмен бұл жайт Қонаевтың еңбегін көмескілей алмайды. Оның тұсындағы халықтың жағдайын қазіргі кезбен еш салыстыруға болмайды.

– Кемшіліксіз пенде жоқ. Қызмет барысында сөзге келіскен, ізіңізге түскен шақтар болды ма?
– Қонаев та періште емес. Пенделіктері болды. Шиеленісіп тұрған жағдайларда айналасындағы адамдардың сөзін тыңдап, «кінәліге» бас салатын мінезі болатын. 1982-83 жылдары қаңтардың басында Қазақстан Компартиясы ОК-тің сая­­си сабақтар жөніндегі жетекшісі Н.Назарбаевтың өтінішімен азық-түлік бағдарламасы жөнінде баяндама жасадым. Ол кезде ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болатынмын. Шыны керек, сөзімді халық қызыға тыңдады. Ертеңіне қызмет бабымен банкте отырғанымда Қонаевтың іздеп, телефон шалып жатқаны жай­­­­­­­­­­лы хабар алдым. Телефон тұтқасын көтергенім сол еді, Димекең: «Кеше лекцияңда құпия мәліметтерді жа­йып салғаның не?» –деп айқайлап қоя берді. «Менің айтқандарым – «Статис­­­­­­­тический сборник государств мира» деген кітаптағы мәліметтер, құпия ештеңе айтқан жоқпын», – деп едім, сөзімді тыңдамастан тұтқаны қоя салды. Кейін мен жайлы жағымсыз әңгіме айтып барған адамның кім екенін білдім.

Бүгінде ол – халық жақсы танитын, билік басында жүрген жан. Менің айтпағым – сол оқиға Қонаевтың менің ізіме түсуіне ілік болған жоқ, керісінше, бірнеше айдан кейін бұрынғы қызметімнен дәрежесі әлдеқайда жоғары министр қызметіне тағайындалдым. Димекең біреудің сөзіне еріп, істің байыбына бармастан ұрысқанымен, қолымнан іс келетінін біліп, әділеттілік танытты. Сол қасиетінің арқасында кадрларды дұрыс іріктей білді. Кадрлардың арқасында елдің жағдайын көтерді.
Тағы бір есімде ерекше сақталғаны, Димекең аудан, облыс басшыларының кемшіліктерін халық алдында беттеріне басатын. Халық та түйткілді мәселелер орын алған жағдайларда олардың оңтайлы шешілетініне, Қонаевқа сенетін. Қысқасы, тазалықты ұстаным еткен биліктің халыққа қызмет етуіне Қонаевтың өзі басшылық жасай білді.

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Толық нұсқасы «АҢЫЗ АДАМ» журналы,

№1(13) Қаңтар 2011 жылғы санында

Пікір қосу