Алғашқыда Зәкеңнен пәтер сұрап бардым

Өз өмірімді «Заманбекпен бірге» және «Заманбек қайтқаннан кейінгі» деп екіге бөлемін. Зәкеңмен алғашқы кездесуім ешқашан есімнен кетпейді. Ол кезде Зәкең  — Алматы қаласының әкімі. Мен жас әнші ретінде пәтер мәселесі бойынша оның қабылдауына бардым.

Менің өтініш-назымды тыңдап-тыңдап алды да, «бара ғой айналайын, шамамен 20 күннен кейін келерсің» деді. Мен бір жарым айға гастрольге кетіп бара жатқандықтан, «Жоқ, сіз кешіріңіз, сіз 20 күн дегеніңізді қойыңыз, сіз маған пәтер бере аласыз ба, әлде бере алмайсыз ба?» дедім. Өмірімде бастыққа кіргенім сол болатын өзі. Сөйтсем, ондайға үйренбеген Зәкең орнынан ұшып тұрегелді де, маған: «Айналайын, бар! Түсінбесең, саған ана жақта түсіндіреді!» деп есік жақты қолымен көрсетті. Сол кездесуден кейін «екінші рет мұндай қатыгез адамды көрмеспін» деп іштей ой түйіп қайттым. Кейін осы адаммен бірге болу менің маңдайыма жазылды.

Зәкең екі сөйлемейтін азамат еді. Сосын, әйел адамына ешқашан қол көтеру, балағаттау дегенді білмеген жан. Жай ғана бір ауыз сөзбен өз ренішін жеткізе алатын еді. Мәселен, мен қателік жасасам, менімен 2-3 күн сөйлеспей қоятын. Ол мен үшін таяқтан да ары болатын.

Мен мәселен, ішімдегі ренішімді, қарсылығымды айтып тастап отырамын. Ал Зәкең болса, керісінше. Сол кезде мен оған: «маған айтып, ішіңдегі ренішіңді жеткізгеніңіз маған жеңілірек болар еді» дейтінмін. Ол кісі мықты адам еді ғой. Ондай адам қазір жоқ.

Зәкең келгенде ас үйде тығылып отырдым

Маған Зәкең отбасын құруға ұсыныс жасағанда, мен не жауап берерімді білмедім. Арадағы 20 жас бар. Оның сыртында ол кезде менде сүйіспеншілік сезімі де болған жоқ. Сөйтіп, бас тартсам, артыма түсіп, залалы тиіп кете ме деген оймен, анамның рұқсатын сұрауды тапсырдым. Келіскен күні анам дайындалып отырды. Зәкең келгенде мен сіңіліммен бірге ас үйде тығылып отырдым. Бір кезде қарасам, үш минут та өткен жоқ, Зәкең сыртқа қарай шығып бара жатыр. Көңіл-күйі көтеріңкі. Апама шықсам, бет-жүзі аппақ, қозғалмай отыр. «Ойбай, апа не болды?» деп ем, анам: «Мен совхоздың әкімінен қорқушы едім, мынауың тіптен одан өткен ғой. Кіре сала «Вообщем, мен қызыңызға ғашықпын. Берсеңіз де алам, бермесеңіз де алам деді», — деп шошынып отыр екен. Содан анам не дерін білмей «Ала бер, ала бер!» депті.

Қайрат пен Құралай — Зәкеңнің балалары. Тіпті, Қайрат — артынан қалған жалғыз ұл бала. Сондықтан, артық сөз айта алмаймын. Олар мені әу бастан қабылдаған жоқ, бүгінге дейін қарым-қатынастары сондай. Араласып тұруға болатын еді. Менің айтатын бір-ақ нәрсем бар — олар әкесін көзі тірісінде бағаламай өтті.

«СОДАН АНАМА РЕНЖІП, СІЗ МЕНІ ӘКІМГЕ САТЫП ЖІБЕРДІҢІЗ ДЕП БІР ЖАРЫМ ЖЫЛДАЙ СӨЙЛЕСПЕЙ ЖҮРДІМ. АЛ ҒАШЫҚТЫҚ СЕЗІМІ ОТБАСЫ ҚҰРҒАННАН КЕЙІН 2 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ КЕЛДІ».

Мерей мені жалғызсыратпайды…

Болат Назарбаев — менің қызымның өкіл әкесі. «Мерейге өкіл әке болайын» деп өзі ұсыныс білдірген болатын. Ол кісінің жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Мен де Бөкеңнің қуаныштарына қалмай барамын. Жалпы, Бөкең дос болуға, сыйласуға лайықты адам. Ол жалғыз маған емес, өнер адамдарының бәріне көмектеседі. Қарасай ауданының бүкіл әншілеріне бір-бір машина, үй алып берген. Бибігүл Төлегеноваға да, Ескендір Хасанғалиевке де, Роза Рымбаеваға да көмектеседі. Бірақ, бұл жайында ол кісілер айтпайды. Ал мен ашық айта беремін. Сондықтан елдерге Бөкең тек маған ғана көмектесіп жатқан сияқты көрінеді.

Зәкеңнің көзі тірісінде де Бөкеңмен (Болат Назарбаев-ред.) жақсы араласқанбыз. Үйінде талай қонақта болғанбыз. Зәкең де ол кісіге үнемі ағалық қамқорлығын білдіріп, ақыл-кеңесін айтып жүретін. Негізі, Бөкең саясаттың емес, бизнестің адамы. Түсіне білген адамға ақша табудың өзі үлкен өнер. Ешқашан оңайлықпен ақша келмейді. Оған да бас керек, еңбек ету керек. Дұрыс жүріп-тұру керек деген сияқты. Бөкең соның барлығын меңгере білген адам. Өзі қайырымдылықты көп жасайды. Балалар үйіндегі жүз баланы өзінің қамқорлығына алыпты. Үлкен меценат сияқты ғой. Ол қара басының қамы үшін ғана жүрген адам емес. Мырзалығы басым. Мен ол кісіні «мырза жігіт» деймін. Жан-жағындағы адамдардың барлығына үнемі көмектесіп жүреді. Оның отбасымен әлі араласып тұрамын. Үйіндегі бәйбішенің руы – арғын. Сондықтан «апам» деп айтамын. Дұшпан ретінде біздің сыйластығымызды басқаша көргісі келетіндер, басқаша түсінгісі келетіндер бар. Бірақ мен сол дұшпандықтың жібін үзгім келеді. Дұшпан болмай, дос болу керек.

Жалғыздықтың көкесін жеті-сегіз жыл бұрын Зәкеңді жоғалтқан кезде сезінгенмін. Қазір өзімді жалғыз сезінбеймін. Оның барлығы артта қалып бара жатыр. Өйткені жанымда қызым бар. Қайдан келсем де, мені құшақ жайып қарсы алады. Екеуміз құшақтасамыз, ойнаймыз. Кәдімгі құрбы-құрдас сияқты кейде сырласамыз. Қазір оның бойы менімен бірдей болды. Әкесінен ерте айырылып қалғандықтан Мерей өте ерте есейді. Ерте жетілді. Өмірге деген көзқарасы да басқаша болып қалыптасты. Өзінің құрдастарына, сыныптастарына қарағанда әлдеқайда үлкен адамдарша ойлайды. Мүмкін менімен сырласатын болғаннан кейін шығар. Оған көп ақыл айтамын. Ол мені жалғызсыратпайды.

Қазір үйге ешкімді кіргізгім келмейді

Алла тағала сөзімді артық көрмесін, осы кезде өзімді толыққанды отбасында өмір сүріп жатқандай сезінемін. Қызымның өскенін көріп, халықпен жақын араласып, жақсы адамдармен танысып жатырмын. Мұның барлығы қиыншылықты артқа қалдырып, қайғыны ұмыттырады екен. Халықпен бірге жүрсеңіз, «жалғыздық» деген сезім аз да болса жойылады. Зәкең өмірден өткен кезде бір жылдай сахнаға шықпадым, ән де айтпадым. «Өнермен де айналыспаймын, өмір де сүргім келмейді» деп, өмірден түңілдім. Сахнаға шыққанның өзінде бұрынғыдай ән айта алмай, үйге келгенде де көңіл-күйім болмайтын. Қызым өскелі соның бәрі ұмытылып барады. Әрине, жүректегі жара жазылып кетті деп айта алмаймын. Ол мәңгілік жара болып, мәңгілік сағыныш болып қалды. Зәкеңді біз ұмытқан жоқпыз. Ұмытпаймыз да. Ол кісі әрдайым біздің жүрегімізде, санамызда. Үйіміздің әрбір бұрышында ол кісінің естелігі тұр.

Зәкенің мұражайын ашқаным рас. Бірақ, қазір үйге ешкімді кіргізгім келмейді. Өйткені, бұл — менің шаңырағым. «Келіңіздер, Зәкеңнің мұражайын ашып қойдым» деп қазір айта алмаймын. Бес жылдай адамдар келіп тұрды. Сол жылдары ақкөңілденіп, есігімізді айқара ашып, кім көрінгенді кіргізе беріппін. Олардың арасында арам пиғылмен келген адамдар болып, жамандыққа ұшырап қала жаздағанбыз. Одан кейін ешкімді жолатпайтын болдым. Оны күтіп, тазалықпен ұстаудың өзі үлкен жұмыс. Мұражайды ашу үшін қарауыл, т.б қызметкерлер алу керек. Оны жағдайым көтермейді. Қазір мұражайға тек туған-туысқандарымыз, Зәкеңмен сыйлас болған жандар ғана келеді. Ал халыққа «есігім ашық» деп айта алмаймын.

Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр. Жалпы, енді Зәкеңнің өз- өзін атпағаны барлығына мәлім ғой. Өзін-өзі атты дегенге апасы мен баласы қол қойып берді, сөйтіп істі жауып тастады. Мені жәбірленуші ретінде таныған жоқ, сондықтан менің қолымнан ешнәрсе келмей отыр…

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

(Материал «Жұлдыздар отбасы» журналының

2015 жылғы санынан қысқартылып алынды)

1 пікір

Пікір қосу