– Елге ат басын бұрмағаныңызға біраз уақыт болыпты. Туған өлке, туған ауыл түсіңізге жиі кіретін болар?
– Мәскеу – бөтен елдің астанасы болса да, бөтен ұлттың арасында жүрсем де, мұнда өзімді еркін сезінемін. Мәскеуде «Болашақпен» емес, Ресейдің грантымен білім алдым. Бір қиыны: Ресей грантымен білім алатын студент, магистранттардың стипендиясы – 1300 рубль, ол – бар болғаны 4 мың теңге ғана. Сондықтан сабақпен қатар жұмыс істеуге тура келеді. «Болашақтықтар» секілді Қазақстан мен Ресейдің ортасында жиі ұшып жүруге мүмкіндік жоқ. Ауылымды жиі сағынамын. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Байқоныс ауылының тумасымын. Алматыда жүргенде де жұмыстан қол тимей, ауылға сирек баратынмын. Анам: «Өрік піскенде келіп, өз бақшамыздан жесеңші», – деп күтетін. Бірақ жұмыстан қолым тимей, ауылға бара алмаушы едім. Биыл да, былтыр да Мәскеуде болдым. Анамның мені күткенін білемін. Сонымен қатар Түркияда докторантурада оқитын жалғыз ұлын да жыл сайын ауылға келсе екен деп күтеді. Інім Тұратбек ол кезде сессия тапсырып жүреді де, үйге өрік піскеннен кейін келеді. Алматыда ҚазҰУ-дің докторантурасында оқитын сіңлім Тоты ауылға барып, аунап-қунап қайтады. Мен өрікті жақсы көрмеймін, бірақ ол маған сағыныштың символы секілді көрінеді.
– Э.Хемингуэйдің: «Үлкен жазушы болу үшін талантпен қатар бақытсыз балалық шақ керек» деген сөзі бар екен. Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті? Жазушы болуыңызға балалық шағыңыздың әсері болды ма?
– Бала кезімді ойласам, ылғи да көз алдыма үш картина келеді. Біріншісі – «Болатбек, тұр, көзіңді аш, ойнаймыз» деп тентек інісін оята алмай жатқан кішкентай жалбыр шашты қыз. Болатбек есімді інім көз жұмғанда үлкендер улап-шулап жүріп, кішкентай Болатбек жатқан бөлмеге менің кіріп кеткенімді байқамай қалған болатын. Мен дүниеден өтіп кеткен інімді, ұйықтап жатқан болар деп ойлап, жұлқылап оятпақ болыппын. Екіншісі – немере әпкеммен зиратты аралап, туған ағаларым Қанатбек пен Қаныбектің бейіттерін іздегенім. Мен бастауыш сынып оқып жүргенде әкем зираттың қасынан жалға жер алып, қауын-қарбыз еккен болатын. Немере әпкем екеуміз гүл теріп жүріп, зиратқа кіріп кеттік. Бала болсам да, ағаларымның басына гүл қойғым келген еді сол кезде. Үшіншісі – біздің үйде қайтыс болған үлкен ағам Қанатбектің бірінші сынып бітірген кездегі үлкен суреті болатын. Сурет ылғи да сандықтың түбінде жататын. Оқу озаты болған, әке-шешемнің тұңғышының суреті не үшін сандықтың түбінде жатқанын түсіне алмайтынмын. Мен суретті сандықтан шығарып, қабырғаға іліп қоятынмын. Содан шешем ұрсып, суретті сандыққа салып тас-тайтын. Себебі, әкем қабырғадағы ұлының суретіне ұзақ қарап тұрып, күрсінетін, тіпті бізден жасырып жылап алатын. Қиналып жүрген сәттерімде «Ағаларым Қанатбек пен Қаныбек тірі болғанда, осылай қиналмас едім» деп жиі ойлайтынмын. Шынымды айтсам, «Ағаларым тірі болғанда ғой… өмірім басқаша қалыптасар ма еді?» деген ойдан арылғаныма екі-үш жыл ғана болды. Әкем мені ағаларымның бейітінің басына ертіп апарған емес. Осыдан үш жыл бұрын ауылға барғанда немере әпкем, немере ағаммен бірге әжемнің, ағаларымның бейітінің басына барып, құран оқыттық. Ағаларым өмірден өткенде мен кішкентай едім, сондықтан олардың кескін-келбетін білмеймін. Кіп-кішкентай төмпешіктерге көз жасым тамып жатты. Үнсіз, егіліп жыладым… Кескін-келбетін білмейтін адамдарды жоқтап жыладым, себебі, олармен менің қаным бір еді. Олармен бірге армандарым көміліп жатыр еді. Мен сол күні ағаларыммен байланыстыратын арман-қиялдарымды зиратта қалдырып кеттім. Содан кейін қиялыммен оларға еркелемейтін болдым.Шешем үш ұлы өмірден өткен соң біздің сабақты жақсы оқығанымызды қаламады. Мектепте оқып жүргенімде анам ылғи да: «Сабақты жақсы оқымай-ақ қойшы. Көз тиер» деп ұрсатын. Бірақ біз бәріміз сабақты үздік оқыдық. Інім бүгінде Түркиядағы Еге университетінің докторанты болса, сіңлім ҚазҰУ-дің докторанты.

Аягүл
– Шығармаларыңызда көп баяндалатын кішкентай қыз өзіңіз емессіз бе?
– Шығармаларында өзін-өзі жасырған автор – жазушы емес. Біз өзімізді тануға ұмтылу арқылы ғана өзгелерді тани аламыз. «Бөрте», «Балалықтың көктемі», «Томпақ», «Жауһар», «Депрессия» – бәрі де өзім мен мені қоршаған адамдар жайлы әңгімелер, шығармадағы оқиғалар өмірден алынған. Мысалы, «Қабір гүлінде» басты кейіпкер екі ағасының бейітін іздейді. Әрине, әңгіменің басты кейіпкері – мен. «Бөрте» әңгімемді оқыған оқырмандар әлеуметтік желіде «Мына әңгімеңіз тура менің өміріме ұқсайды екен» деп жиі хат жазып жатады. Ауылда өскен балалардың балалық шағы негізі бір-біріне ұқсайды.
– «Маргарита» деген әңгімеңізде неміс қызының балалық келбетін тереңінен ашасыз. Әңгіменің сюжеті бала кезіңізде басыңыздан кешкен оқиға емес пе? Неміс құрбыңыз болып па еді?
– Иә, Маргарита есімді неміс көршіміздің қызы болатын. Екеуміз бала кезімізде өрік ағашының астында бірге ойнайтынбыз. Оның әдемі қуыршағы бар еді. Қуыршақты бірге киіндіріп, бірге «тамақтандыратынбыз». Ол біздің үйде, мен оның үйінде тамақтанып, екі үйдің арасында жүре беретінбіз. Оған менің анамның, ал маған оның мамасының жасаған тамағы ұнайтын. Көршіміздің қызы да бізбен қосылып ойнайтын. Біздер жазда жалаңаяқ жүретінбіз, ал Маргаритаға мамасы жалаңаяқ жүруге рұқсат етпейтін. Ол күн сайын түсте ұйықтайтын. Егер түс мезгілінде Маргаританың үйінде болсақ, әншейінде өз үйімізде түсте ұйықтамайтын бізге Эльвира апайдың тәртібіне бағынуға тура келетін. Эльвира апай: «Аяқтарыңды жуып, ұйықтаңдар» деп шылапшынмен су қойып, сыртқа шығып кетсе, аяғымызды жумастан, аппақ жаймаға жата кететінбіз. Сонда да ол кісі қабақ шытып, ренжімейтін. Сол Маргарита оң жақта отырып, біздің ауылдың қазақ жігітінен ұл тапты. Кейін отбасымен Германияға көшіп кетті.

Аягүл
– «Анасына еркелей алмаған, анасы еркелетпеген әрбір бала есейгенде өз балалығын іздеумен болады…» деген сіздің сөзіңіз. Анаңызға қаншалықты еркелеп өстіңіз?
– Мен өте қарапайым отбасында өскен, қарапайым ата-ана тәрбиелеген қызбын. Анам оныншы сыныпты бітіре салып, (ол кезде он сыныптық мектеп қой) әкеме тұрмысқа шығыпты. Анамның әкесі нағашы жұртымен сүйек жаңғыртып, құда болыпты. Анам – қарапайым болса да, ешкімге жағымпазданбайтын, ұнамаған нәрсесін бетке айтып тастайтын тік мінезді адам. Кеше ғана өмірден өткен Әмірхан Балқыбек маған: «Мінезің нағашыларың – Тамаларға тартып кеткен» деп жиі айтатын. Менің анам – өте кірпияз, тазалықты сүйетін жан. Анаммен бала кезімде қанша рет базарға бардым, әр барған сайын, «бәліш жеймін» деймін, алып береді. Бірақ өзі ешқашан базардан, көшеден тамақ сатып жемейтін. Ақшасын аяғаны, үнемдегені емес, жиіркеншек, кірпияз жан. Ауылда туып, ауылда өскен, әлі күнге дейін ауылда тұрады. Бірақ анамның мақта теріп, бақшаны арам шөптен тазартып жүрген кезінде де киімінің кір болып жүргенін көрген емеспін. Анамды сағынсам, ойласам, көз алдыма оның ылғи да кір жуып отыратын бейнесі келеді. Сосын анам – өте еңбекқор жан. Таңертең ерте тұрып, есік алдын сыпырып, сиыр сауып, күбі пісіп, сүт пісіріп, дастарқан жазып, сонан кейін бізді ұйқыдан оятатын. Бірде үйге телефон шалғанымда анам: «Өзім көрмедім. Сені теледидардан бір-екі жазушы «жақсы жазады» деп мақтапты. Ауылдың әйелдері: «Сіздің қызыңыз жақсы жазады екен ғой» деп шулап жатыр. Қызым, жақсы жазбай-ақ қойшы, көз өтер» дейді. Анам менің жақсы жазуды қатты армандайтынымды, сол үшін күндіз-түні ізденіп жүргенімді білмейді-ау. Осыдан екі жыл бұрын ауылда әке-шешем үй салды. Жаңа үйге кететін шығынды мойныма алдым. Бұл күнде ауылда үй салу да оңай емес екен. Ол кезде Алматыда пәтерден пәтерге көшіп жүрген мені қайбір жетісіп жүр дейсіз?! Сол кезде қатты шаршағаным есімде, бірақ анам мен әкемнің қуанғанын көрдім де, барлық шаршауымды ұмытып кеттім. Ең жақын адамыңды қуантуда – бақыттың дәмі бар. Бұл – ешбір қызыл сөз емес. Мен осыны сеземін.
Біздің буынның балалық шағы қайта құрумен – тәуелсіздік алған алғашқы қиын жылдарға тұспа-тұс келді. Сондықтан біздер жоқшылықты көріп, нанның қадірін түсініп өстік. Біздің буын – балалығын ұрлатқан буын. Сол себепті, менің ғана емес, қаламдастарымның балалық шағын іздейтінін іштей сеземін және бұл сезіну өте ауыр.

Аягүл
– Әкеңіз қандай жан? Өзіңіз ата-анаңыздың қайсысына көбірек тартқансыз?
– Әкемді жақсы көремін. Бәлкім, ол менің бала кездегі армандарымның орындалуына көмектеспеген шығар, маған қаладан үй әперіп, әлеуметтік жағдайымды жасамаған шығар, бірақ мен оны үлкен балалық сезіммен жақсы көремін. Менің бала кезімде әкем кітапты көп оқитын. «Жұлдыз» журналын жаздырып алатын. Мен мектеп кітапханасынан кітаптар әкеліп, әкем екеуміз оқуға жиі таласып қалатынбыз. Әкем мамандығы бо­йынша дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Кезінде мектепте біраз жыл мұғалім болған. Кейіннен диқаншылықпен, қасапшылықпен айналысты. Жоғары сынып оқып жүрген кезімде түпкі бөлмеге кіріп, қалың дәптерді алып, басыма келген сюжетті қағазға күн сайын түсіретінмін. Сонда әкем: «Қызым, роман жазып жатырсың ба? Қашан бітіресің?» деп сұрап қояды. Шынымды айтсам, не жазып жатқанымды өзім де білмедім. Бір күні әкем дәптерді қолына алып, оқыды да, «Мынауың повесть қой, жақсы бастапсың, жаза бер» деді. Кейіннен сол дәптердегі шығарманы еш жерде жарияламай, өртеп жібердім. Қазір не жазғаным өзіме де қызық.

(…толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан

№15 (225) 2016 жылдағы санынан оқи аласыздар)

Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН

Пікір қосу