Жұмахан ҚАНАПИЕВ, Халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз:

– Ассалаумағалейкүм, аға! Біздің редакциямызға арнайы ат басын бұрған екенсіз. Келудегі мақсатыңыз не?
– Сіздердің журналдарыңыздың әр санын асыға күтетін құштар оқырмандарыңыздың бірімін. Осындай мазмұнды, мағыналы, әдемі журналды шығарып жатқан іні-қарындастарыммен, ұл-қыздарыммен танысайын деп әдейілеп келдім сіздерге.
– Лебізіңізге рақмет. Дегенмен біздің екі журналдың қайсысының оқырманысыз?
– Біздің отбасымыз сіздер шығарып жатқан екі журналды да қызыға оқиды. Бірақ «Жұлдыздар отбасы» әйелім, ұл-қыздарым оқып шыққан соң ғана қолыма тиеді. Ал «Аңыз адамға» келсек, (осы жерде Жұмахан аға айрықша арқаланып кетті) ол – басыбайлы менің журналым. Журналдың екі жыл бұрынғы бірінші санынан бастап түп-түгел оқып, балаларыма оқытып, шып-шырғасын шығармай тігіндісін жасап жатырмын. Менің ойымша, дәл қазір бізде «Аңыз адамға» жететін журнал жоқ!
– «Аңыз адамға» осыншама құмартуыңыздың себебін білуге бола ма?
– Мен кішкентайымнан әжем Әспеттің қолында тәрбиелендім. Оның себебі маған дейін дүниеге келген балалар шетіней берген екен. Содан мен туғанда әжем ырымдап мені анамнан терезеден алып, «бұл енді менің балам» деп бауырына салыпты. Менен кейін балалар тоқтап, екі ұл, екі қыз дүниеге келді. Әжем өте шешен адам еді. Бізге халық ертегілерін, ұлы кісілер жайындағы тәрбиелік мәні бар әңгімелерді майын тамыза отырып айтып беретін. Қазір ойлап отырсам, осының барлығы немеремнің санасына сіңе берсін деген ойдан туса керек. Міне, сіздердің шығарып жатқан «Аңыз адам» журналдарыңыз да халқымыздың ұлы тұлғалары жайында оқырманға жан-жақты мағлұмат береді. Мұның әсіресе жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы өте зор.
– Аға, енді өзіңіз жайында аздап айта отырсаңыз…
– 1943 жылы желтоқсанның 12-сі жұма күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келіппін. Ауылымыздың мектебі 7 жылдық болғандықтан көршілес Успеновка селосындағы Роза Люксембург атындағы орта мектепті бітірдім. Мен өзім музыкаға бейімдеу болдым. Осыған байланысты мынадай бір жай басымнан өткен. Ол кездері ауыл кеңсесінің алдындағы бағанда үлкен радио ілулі тұратын. Мектептен шыққан бетте радионың қасына барамын. Сөйтіп, радиодан беріліп жатқан концертті біткенше тыңдап бір-ақ қайтамын үйге. Үйге келгесін анам: «Сен неге кешігесің, өзге балалардың барлығы ерте келіп қойды», – дейді. Үндемеймін. Бір жолы мені іздеп шыққан анам радио түбінде ән тыңдап отырған жерімнен тауып алды. Осыдан соң әкем маған кішкентай «Москвич» радиосын алып берген. 5-сыныптан бастап гармоньда, ал 7-сыныптан аккордеонда ойнадым. Аккордеонды әкем бір айлығына Бішкектен әкеп берген. Мектептің бүкіл мәдени іс-шараларынан қалмайтынмын.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№10 (24) ақпан 2012 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Рысбек ҮРКІМБАЙ

Пікір қосу