Туған жылы, жері, білімі

Марат Төлегенұлы Жыланбаев 1963 жылы тамыздың 19-ы күні Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ол бүгінде алыс қашықтыққа жүгіретін спортшы, жүгіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1993). ХХ ғ-дың 90-жылдары “Гиннестің рекордтар кітабына” жеті рет тіркелген жалғыз қазақ марафоншысы. Негізгі мамандығы – суретші. 2005 жылы Қазақстан-Ресей университеті Гуманитарлық институтының экономика факультетін бітірген, экономист.

Отбасы

Әкесі — Жыланбаев Төлеген Нығманұлы. Анасы — Жыланбаева Қаден. Әкесі – сантехник, анасы сатушы болып жұмыс істеген. Отбасында бес бала болған: үлкен әпкесі, ағасы, қарындасы мен  кенже інісі. Ата-аналарынан ерте айырылған. 1-8- сынып аралығында Қарағанды облысының балалар үйi мен интернаттарда оқып, тәрбие алған. Жұбайы — Жыланбаева Ақмарал Айтбайқызы, кәсіпкер. Ұлы — Рүстем; қыздары – Айдана, Азия, Анелья.

Балалық шағы

Бала күнінде Марат Жыланбаев космонавт, саяхатшы болғысы келеді. Желаяқ боламын деп ойламаған болашақ желаяқшы 12 жасынан жеңіл атлетикамен, велосипед, шаңғы спортымен айналысқан. Ол жуас, бірақ өте белсенді бала болған. Ата-анасы қайтыс болған соң әпкесі мен ағасы үшеуін Саран қаласындағы мектеп-интернатқа беріп, қалған кішкентайларды туысқандар бағып алады. Кішкентай кезінен сурет салғанды ұнатқан Марат Алматыдағы Көркемсурет училищесіне түскісі келеді. Бірақ ол жерде жатақхана жоқ болғандықтан, оны қабылдамай, құжаттарын  Қарағандыдағы денешынықтыру техникумына тапсырады. Жатақханада сурет салу мүмкін болмағандықтан, басқа топта оқитын Андрей Овечкин есімді досымен қала маңынан пәтер жалдап, түнімен жарықты жағып қойып сурет салатын болған. Кейін әскерге барғанда да суретші болған Маратты ең алғаш жұрт желаяқ деп емес, суретші ретінде тани бастайды. Ол кездің өзінде ол спорттық бағдарлаудан КСРО-ның жасөспірімдер арасындағы чемпионы болған. Техникумды аяқтағаннан кейін Екібастұз қаласындағы ҮҚК-ға (үй құрылысы комбинатына) жұмысқа орналасып, неше түрлі плакаттар жасап, мерекелерге қатысты суреттер салып, жақсы табыс тауып жүреді. Орталық газетке уақытша суретші болып жұмысқа кіріп, «Біздің сурет репортажымыз» деген айдар жүргізіп отырады.

Техникумда да, әскерде де жүгіруді әдетке айналдырған Марат Екібастұзда «Әуесқой жүгірушілер клубын» ашады. 1988 жылы өз шеберханасын ашу мақсатында ҮҚК-ден жұмыстан кетіп, салған суреттерінің барлығын сатып жібередідім. Жүгіруді бастағаннан кейін бұрынғыдай сурет салмай кетеді. Осылайша ең бірінші марафонын Ашхабад қаласында өткізіп, спортқа деген сүйіспеншілігін өмірлік жолдасы қылады. 1990 жылдан өте алыс қашықтықтарға жүгіруді (марафондық жүгіріс) бастап, осы жылы Барнаул қ-нда (Алтай өлкесі, Ресей) 85 км қашықтықты 6 сағ 43 мин 23 с-та жүгіріп өтті. Рекордтар кітабына енуі 23 күнде 23 марафондық жүгірісімен (күніне 42 км 195 м) басталды. Кейін 15 күнде 30 марафондық, жарты жылда 75 марафондық және бір жылда 226 марафондық жүгіріспен жалғастырды. Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрусқа (5642 м) марафондық жүгіріспен 7 күнде (30.8. – 5.9. 1991 ж.) жүгіріп шықты. 20 күнде (2 – 22 сәуір, 1992 ж.) Қарақұм шөлін (1200 км), 24 күн ішінде (1993 ж.) Сахараны (Африка, 1700 км) жүгіріп өтті. Сол жылы Австралиядағы Виктория шөлін кесіп өтті. 1994 ж. үстінен құс ұшпайтын Мохави шөліне (Невада, АҚШ) жорық жасап, оны сәтті аяқтады. 1992 және 1993 жылдары еліміздің таңдаулы 10 спортшыларының қатарына енді.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

ЖЫЛЫ: АРЫСТАН (9 ТАМЫЗ)

ЖҰЛДЫЗЫ: ҚОЯН (1963 ЖЫЛ)

ТАҒАМЫ: МӘНТІ

СУСЫНЫ: КОФЕ

ӘНШІСІ: КӨП

ЖАЗУШЫСЫ: КӨП

АҚЫНЫ: ЭДУАРД АСАТОВ

СПОРТШЫСЫ: АБЕБЕ БЕКИЛЛА

ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ: ЕҢБЕК ПЕН ШЫДАМДЫЛЫҚ – БӘРІН ДЕ ЖЕҢБЕК

КӨЛІГІ: МЕРСЕДЕС

Еңбек жолы

  • 1986 жылдан — суретші-безендіруші.
  • 1988 жылы өзі дайындық методикасын ойлап тапқан.
  • 1990 жылдан — «Мобиль» кооперативінде жұмыс істеген.
  • 1991 жылы-КСРО Еңбек сiңiрген бапкері Федор Склокинде жаттыға бастаған.
  • 1992 жылы қыркүйек айында-Эльбрусқа мiну бойынша халықаралық жүгіру жарысында 2 орын алды
  • 1992 жылы қазан айында-Красноярская сотка халықаралық супермарафонында 1-шi орын алды.
  • 1992 жылы 7 күн 7 марафон халықаралық супермарафонында 2-орын алды.
  • 1993 жылы шілде айында-Нанисавик аралындағы жүгіру жарысында 2-орын алды.
  • 1994 жылы шілде айында Өлі жазығы супермарафонында 2-орын алды.
  • 1996 жылдан бері жеке кәсіпкер.
  • 1999-2007 жылдары Екібастұз қалалық мәслихатының 2 және 3 шақыруларының депутаты. Кәсіподақ комитетінің төрағасы. Жеңіл атлетика федерациясының президенті (Екібастұз қ.), «Екібастұздың болашағы үшін» атты қоғамдық бірлестіктің президенті.
  • 1991-1995 жж. Гиннестің рекордтар кітабында 7 рекорды енгізілген.
  • 1994 жылы Халықаралық кластағы спорт шебері.

Пікір қосу