– Дана, қазір музыкалық арналардан сізді жиі көретін болдық. Әртүрлі стильдегі бейнебаяндарыңыз шығып жатыр. Жалпы қанша бейнебаяныңыз бар?
– Қателеспесем, 12 бейнебаяным бар. Сахнаға шыққаныма міне, үш жыл болды. Осы уақыт аралығында продюсеріммен өнімді жұмыс істедім. «Қай стиль маған жарасады екен?» деп біраз уақыт ізденіс үстінде жүрдім. Осы ізденіспен әртүрлі бағытта бейнебаяндар түсірдім. Қазір, яғни үш жыл ішіндегі тәжірибеден кейін лирикалық бағыттың маған жақын екенін ұқтым. «Билететін» ән қаншалықты трендте болғанымен, бәрібір өзіме ұнайтын бағытта ән айтқанды жөн көрдім. Лирикалық әндерді бар жан-тәніммен беріліп айтамын. Өзімді де еркін, шынайы сезінемін. Мен лирик әнші екенмін.
– Шынымен де, бақытсыз, баянсыз махаббатты жырлайтын лирикалық әндеріңіз көптің жүрегіне жетіп жатады. Бұл бақытсыз махаббатты өз басыңыздан кешірудің себебінен емес пе?
– Үлкен сахнаға шығар алдында басымнан баянсыз махаббат хикаясы өтті. Бұл балалықпен болған, бір сәттік сезім емес еді. Сүйген азаматыммен махаббатымыз жарасты. Ол кісі отау құрғысы келді. Ал менің енді ғана продюсермен жолығып, ісім жүре бастаған сәт еді. Мен «Қазір үйленуге асықпайық, екеумізде жаспыз. Бірге жұмыс істеп, өз мамандығымызды дамытайық» дедім. Ол кісі үйленгеннен кейін де менің үлкен сахнаға шығуымды қаламайтынын жеткізді. Ал мен алты жастан бастап сахнаны армандап келдім. Ол кісі «Мен ғана жұмыс істеймін, сен үйде отыр. Мен әйел адамның жұмыс істеуіне оның үстіне сахнаға шығуына қарсымын» деді. Осы оқиғадан кейін қарым-қатынасымызды үзілді-кесілді доғардым. Өмір бойы сахнаға шықпай, ән айта алмасам бақытты бола алмайтынымды білдім. Өзім бақытты бола алмасам, өзгені қалай бақытты ете аламын?
Бұл жағдай маған оңайға соққан жоқ. Махаббатымнан айырылып қалғаным үшін қатты қиналдым. Қаншама жыл ол кісіні ұмытуға тырыстым. Біраз мұңды әндерім осы кісіге арналады. Ол менің музама айналып кеткендей болды. Лирикалық әндерді эмоционалды түрде жүрекке жеткізіп орындай алуыма осы оқиға себеп болды. Егер баянсыз махаббатты өз басымнан кешірмесем, әндерім тыңдарманға жетпей қалар ма еді? Әр нәрсенің қайыры бар екен.
– Осы уақытта дейін өнердегі біраз арулармен сұхбаттастым. Бір байқағаным көпшілігінің басынан баянсыз махаббат хикаясы өткен. Қазір кейбірі тіпті өнерді таңдағанына өкінетінін айтты. Сіз өкінбейсіз бе?
– Әрине, адам болған соң, әр нәрсені ойлайсың. Бірақ анық білерім, өнерді тастасам орны толмас үлкен өкініш болар еді. Бір адам үшін өз арманынан бас тартпау керек деп ойлаймын. Егер ол адам мені шын сүйсе, түсінсе, маған мұндай талап қоймас еді. Ол жігіт менмендікке салынып, ән айтатыным үшін менен бас тартты. Сондықтан тұрмыс құрмағаныма еш өкініш жоқ. Болашақта мені арманыммен, мамандығыммен қабылдайтын, мені шын сүйетін адам жолығады деп ойлаймын. Өнер адамының жаны нәзік келеді. Сахнаға шыққан кезде демеу беретін, қолдайтын ер азаматым табылса екен деп тілеймін. Алла бұйырса, мұндай азамат та табылар.
– Ол жігіт қазір отбасын құрып кетті ме?
– Ия, өзге арумен шаңырақ көтерді.
– Өнердегі ер азамат өнердегі аруды түсінеді деген ойдамын. Болашақта сүйікті азаматыңыздың өнер жолында болғанын қалайсыз ба?
– Мен бастапқыда, өнерге енді қадам басқан кезімде өнер адамымен тұрмыс құруды мүлдем қаламайтынмын. Ал анам «өнерден өмірлік сыңарыңды тауып «Жазира мен Жанболат», «Қарақат пен Қыдырәлі» жұптары секілді жарасып жүрсең» деп армандап қоятын. Бірақ мен үнемі өнердегі ер азаматтарға жігіт ретінде қарамай тек әріптес, дос ретінде сезіндім. Ал қазір ойланып жүрмін. Өнер адамын өнер адамынан басқа ешкім түсіне алмайтын секілді. Менің гострольдік сапарларым, күн мен түнге қарамай жасайтын жұмысыма жолдасым өнер адамы болса түсіністікпен қарар еді деп ойлап жүрмін.
– Өнер адамдарының ішінде сізге сезімін білдіретіндер жоқ па, өзіңізге ұнап жүрген өнердегі ер-азаматтар бар ма?
– Шыны керек, қарастырып жүрмін. Бірақ әлі жар болар азаматты кездестірмедім. Алғаш сахнаға шығып жүрген кезімде өнер азаматтары ішінен сезімін білдіретіндер көп болды. Бірақ мен «аға» деп, олардың маған тек қарындасындай қарауын сұрадым. Сондықтан барлығы маған аға-іні, бауыр, әріптес болып кеткен. Қазір олар да әбден менен үмітін үзген секілді (күлді). Кішкене қатал мінезім бар. Кез келген жігіт маған бата алмайды.
– Қазір «Бақытсыздар бағы» атты телехикаяда ойнап жүрсіз. Бұл жобаға қалай келдіңіз? Кәсіби актриса емессіз, телехикаяға түсу қиынға соғып жатқан жоқ па?
– Мен жастайымнан актерлыққа құмар болып өстім. Бірақ ол кезде Түркістанда актерлық сабақтар жүргізетін мектептер болмады. Тек аз класстық кішігірім музыка мектебі бар еді. Үйдің кенжесі болғандықтан ата-анам мені үлкен қалаларға жібере қоймады. Сол себепті кәсіби актриса болу бұйырмады. «Бақытсыздар бағы» 70 минуттан тұратын Қазақстандағы 120 сериялық тұңғыш үлкен жоба. Жоба кастингі басталғанда продюсерімнен телехикаяға түсуге сұрандым. Бастапқыда ол кісі үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені, «әнші әнші болып қала беру керек. Әр маман өз ісімен айналысып, өз ісінің шебері болу керек» деді. Бірақ мен, қоймай өтінген соң, кастингке жіберді. Үш күн бойы кастингтен бос қайттым. Тек соңғы күні маған Ақмаралдың рөлі сай келді. Ақмарал өзім секілді ерке, мінезді қыз екен. Кейіпкерімді өзімше түсініп, табиғатын ашуға барынша тырыстым.
– Ең бірінші актерлық тәжірибеңізді жағымсыз кейіпкермен бастапсыз.
– Ақмарал – негізі жақсы қыз. Бірақ оның өзгеруіне себепші болған– махаббат. Мен кейіпкеріме қатты жаным ашиды. Кішкенайынан Рүстем есімді жігітпен қатар өсті, ата-анасы атастырып қойды. Ақмарал өмірінде Рүстемнен басқа жігітті елестете алмайтын. Бірақ өкінішке қарай ауылдан Ботагөз есімді қыз келіп, Рүстемнің көңілі соған ауады. Ақмарал махаббатын сақтап қалу үшін күреседі. Оның үстіне анасы да, құрбылары да «Сен ауылдан келген қыздан кемсің ба?» деп оны жаман әрекеттерге баруға итермелейді. 17 жасар қыз өзі шешім қабылдай алмай, өзгелердің сөзіне еріп кетуі мүмкін ғой. Мен Ақмаралға кейде қатты ашуланамын. Бір жігіт үшін қаншама жаман әрекеттерге барды. Қыз деген арын түсіріп, жігіттің артынан қалмай жүргені дұрыс емес. Бірақ оны барынша түсінуге тырысып келемін. Осы еңбегімді халық бағаласа, қуаныштымын.
– Дана, сіздің әр бейнебаяныңыз ерекше. Бейнебаяға үлкен еңбек ететініңізді көруге болады. Дегенмен көрермендер бейнебаяныңызды дұрыс түсінбей кейде сынап жатады. Осындай пікірлерді оқып ренжіп қалмайсыз ба?
– Халыққа мәдениетті әншілер үйретеді. Біз елдің көзін осыған үйретуіміз керек. Қазір түсінбесе, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Халық уақыт өте келе, креативке оң бағасын беретін болады. Елден ерекешеленбейтін бейнебаяндар түсіре бергеннен не пайда? Шынымен де, менің бейнебаяндарымды үлкен кісілер дұрыс түсіне бермейді. Олар түгілі анам мені түсінбейді. «Аа, білмеймін әйтеуір, секіріп жүрсің ғой! Басқасын түсінбедім» деп қоя салады. Мысалы, менің анам Роза Әлқожаны жақсы көреді. Бір орында ұзын көйлек киіп ән айтатын әншілер үлкендерге ұнайды. Мен де олардың талғамына түсіністікпен қараймын.
– Дана, қателеспесем, сіз кәсіби дәстүрлі әншісіз. Бірақ бағытыңызды эстардаға бұрдыңыз. Болашақта репертуарыңызға дәстүрлі ән қосуыңыз мүмкін бе?
– Сахнаға шыққаннан бастап дәстүрлі ән айту ойымда бар. Биыл осының сәті келген секілді. Осы жылдан қалмай ұмыт болған дәстүрлі әндерімізді іздеп, қайта жаңғыртқым келеді. Қазір біраз әріптестеріммен ақылдасып жүрмін. Дәстүрлі әнді домбырамен қосып, эстрадаға бағыттап шығарсам деймін.
– Жуырда «Жаным, Қайрат» деген әніңіз көпшілік арасында пікірталас туғызды.
– Менің түсінгенімше, бұл ән тек Қайрат есімді тыңдармандарға ұнаған секілді (күлді). Жігіттердің тарапынан қыздардың есіміне арналған қаншама әндер шықты. Ал қыздар тарапынан мүлдем айтылмапты. Мүмкін қыз балаға, оның ішінде қазақ қызына ер адамның атын атап ән айтқан ұят болар, тек атын атамай әндеткен дұрыс шығар. Дегенмен қазақтың ер азаматына арналған әнді айтудың еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. «Қайрат» есімді елімізге еңбегі сіңген қаншама ер азаматтарымыз бар. Одан қалды, Алматыдағы ең басты футбол командамыз да осы атты иелеген. Әннің мәтінінде ешқандай өрескел сөз жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ
(ЕСКЕРТУ: Материалды көшіріп басуға болмайды)
(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жыл №4 саны)