Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев өзінің президенттік орнын босатты. Бұл туралы экс-Президент республикалық телеарналар арқылы халыққа жолдады. 

Назарбаевтың орнына уақытша мемлекет басшысының қызметін Қасым-Жомарт Тоқаев  атқарады. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы және «Нұр Отан» партиясының төрағасы болып қала береді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент  ретіндегі соңғы мəлімдемесі мəтін түрінде жарияланды.

Құрметті қазақстандықтар, отандастар!

Ардақты ағайын!

Қадірлі әріптестерім, «Нұр Отан» партиясының мүшелері!

Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер.

Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын.

Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор.

Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­- оңай шешім емес.

Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады.

Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді.

Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды.

Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді.

Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік.

Біздің үштұғырлы міндетіміз — нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет — Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық.

Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік. Соның нәтижесінде экономикамызды 15 есе, ал халықтың табысын 9 есе (доллармен есептегенде) арттырып, кедейшілік деңгейін 10 есеге жуық қысқарта алдық.

Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.

Қазақстан аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға өтті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау процесі жүріп жатыр. Шикізат секторына әлемнің ірі инвесторлары келді.

Соның арқасында мұнай-газ секторындағы күрделі жобаларды жүзеге асыра алдық.

Шикізат ресурстары есебінен қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор құрылды. Қазақстан жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Инвестиция тартып, әлемнің барлық дерлік елдерімен сауда-саттық жүргізіп келеміз.

Еліміздің жаңа инфрақұрылымдық діңгегі бой көтерді. Елдің барлық өңірін автомобиль жолдары мен темір жол желісі байланыстырады. Ал, авиация маршруттары әлемнің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан тек аумағы жағынан ғана ірі мемлекетке айналған жоқ. Бүгінде азаматтарымыздың саны 18 миллионнан асты. 20 миллионға жететін күн де алыс емес.

Біз әлемдегі озық дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Мақсатымыз — озық дамыған 30 елдің қатарына ену.

Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалуын қамтамасыз еттік. Мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгіздік. Біздің өз Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар.

Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық.

Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған  жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар — тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары.

Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін.

Еліміздің тарихында алғаш рет өз елордамызды тұрғыздық. Астана — барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің жарқын көрінісі.

Осының бәрін сіздермен бірге жасадық, құрметті қазақстандықтар.

Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға — халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін.

Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім.

Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент — Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін.

Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы — менің мүддем болып қала береді.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім — басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады.

Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.

Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл — оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.

Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол — адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін.

«

Пікір қосу