Мәскеуде де, Қазақстанда да Колбиннің орнына деген бәсекелестік қызу жүріп жатты 

– Серікболсын аға, Еркін Әуелбеков қазіргі таңда елеусіз қалған, есімі ұмытыла бастаған тұлғалардың бірі. Бүгінгі ұрпақтан сұрасаң, ол кісінің кім болғандығын көбі біле бермейді. Сіздің ойыңызша, осынау әділетсіздікке не себеп болды?

– Бүгінгі заман саясаты өткен Кеңес уақытын барынша ұмытуға бағытталған саясат емес пе? Мұның басты себептерінің ұшы осында жатқан сияқты. Мұны Елбасының өзі де Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтқан болатын. «Социализмді ұмытыңдар, мен сендерге Жаңа жақсы қоғам орнатып беремін» дегендей болған жоқ па? Кеңес Одағының елеулі жетістіктерін пайдаланудың орнына, олардың бәрін талқан етті. Совхоз, колхоздарды таратты, өнеркәсіп орындарының жұмысын тоқтатты. Бұл өзгерістерге «жекешелендіру-приватизация» деген атау берді, алайда ол шын мәнінде приватизация емес «Прихватизация» болды. Мен өзім мұны айтып та, жазып та жүрмін. Жарайды, социализм, компартия дегендер кінәлі-ақ болсын. Бірақ сол уақыттарда Қазақстанның өркендеуі керемет болған еді ғой. Д. Қонаевтың кітабында да жазылған, мен өзім де тексеріп көрдім. Соғыстан кейінгі отыз жылда Қазақстан экономикасы 6 есе ұлғайды. Осының бәріне қол жеткізген – халық. Егер сендер осы уақытты, социализм, коммунизм, Социалистік Қазақстанды жақтырмайтын болсаңдар, Қаныш Сәтбаев, Күләш Байсейітова, Мұхтар Әуезовтерді қайда қоясыңдар? Ол кезде ондай ұлы адамдар тіпті көп болатын. Осылардың қатарында үлкен облыстардың экономикасын көтерген Әуелбеков те бар. Бүгінде өзіңіз айтқандай, қазір бәрі елеусіз қалуда. Тарихшылар жан сақтаймыз деп, жағымпаздықпен айналысуда. Сондықтан да Әуелбековтің аты ұмытыла бастағаны рас.

– Бүгінгі жастар білмесек те, аға буын арасында «ел тізгіні Әуелбековтың қолында болғанда ғой…» деген арман да жоқ емес екен. Расында, Еркін Нұржанұлының сол дәрежеге қол жеткізуі қаншалықты мүмкін болды?

  • Әрине, ертеректе Еркін Әуелбековтің шоқтығы биік болатын. Қазақстаннан Колбин кеткен соң, елді енді кім басқарады дегенде, үміткерлер тізімінде Әуелбеков бірінші тұратын. Алайда Еркінді сол орынға жібергісі келмегендер, аяғынан шалуға тырысқандар өте көп болды. Солардың бірі қазіргі Елбасымыз. Кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Президент болғанда, өзіне кеңесші етіп Әуелбековті сайлады. Сол жылдары Еркінмен жолығып, әңгімелесе қалсам ол Президентке үнемі наразы екендігін айтатын. Өндірісті де, ауылшаруашылығын да оңдырмай, халықты әбден жүдетті деп налитын.

– Аға, ел арасында мынадай да қауесет жүрген көрінеді. Колбин орнынан түскен соң, Горбачев Назарбаев пен Әуелбековтен: «Қазақ еліне енді қайсың басшы боласың?» – деп сұрағанда, Еркін Нұржанұлы: «Сенің жасың кіші, алар асуларың да алда», – деп, жолын Нұрсұлтан Әбішұлына берген деседі. Бұл әңгіме шындыққа қаншалықты жақын?  

– Ол шындыққа жатпайтын сөз. Сол жылдары мен Мәскеуде қызмет істедім. Колбин кеткен соң, Қазақстанда екі ай бойы бірінші хатшы болмады. КОКП Орталық Комитетінің адамдары Мәскеуге келіп түскен хаттарды тексеруге мені шақыратын. Басты үміткерлер ішінде Әуелбеков пен Назарбаев қана емес, Мақтай Сағдиев те, Меңдібаев та, Камалиденов те болды. Осылардың әрқайсысын Орталық Комитетте қолдайтындар да табылатын. Бірақ барлық үміткерлердің артынан арыз-жалаға толы хаттар орталыққа борап келіп жатты. Сол жақта жүріп, мен осы қағаздардың барлығын оқыдым. Кім жазғандығынан да хабардармын.

– Сонда ол арыз-жалалардың көп бөлігі Әуелбековке қарсы жазылды  ма?

– Үміткерлердің ішінде жала жабылмағаны жоқ. Тек Мақтай Сағдиевке ғана арыз аз түсті. Ал қалған үміткерлердің барлығы да жаланың астында қалды. Әсіресе, Президентіміз Назарбаевтың үстінен ең көп арыз түсті. Оны жасырып не бар, осынау шексіз арыздар үміткерлердің өзара таласынан, әрқайсысы билікке тезірек қол жеткізгісі келген ниеттерінен де тууы мүмкін. Мәскеуде де, Қазақстанда да Колбиннің орнына деген бәсекелестік қызу жүріп жатты. Тіпті, Әуелбековтің үстінен арыз жазғандардың арасында бәріміз танитын Олжас Сүлейменов те бар.Похожее изображение

– Серікболсын аға, Еркін Әуелбеков пен Дінмұхамед Қонаевтың қарым-қатынасы соңғы жылдары шиеленісіп кетті деген пікірлер де бар. Бұл туралы не білесіз?

– Дінмұхамед Қонаев өз заманының данышпаны, өте алғыр кісі болатын. Дегенмен ол кісіні де мінсіз деуге болмайды. Оның да пендешілігі бар еді. Әсіресе, Қонаевтың бір міні – сол заманның өзінде белең алған жүзге бөліну, рушылдығы болды. Ол кісінің Қазақстан аймақтарында кадрларды ауыстыру, жұмысқа тағайындау кезінде руына, туған жеріне қарай бөлетін өз есебі бар-тын. Ашығын айтсам, Қонаев арғындарды тәуір көрмеді. Еркін Орта жүзден шыққан, арғын руынан еді. Ал енді Нұрсұлтанды Димаш Ахметұлы Қарағандыдан өзі алып келген болатын. Және Оңтүстіктің тумасы, Ұлы жүздің жігіті болғандықтан, оған Қарағандыда да қолұшын созып, алдымен жай, кейін екінші хатшы етіп сайлады. Содан соң оны Алматыға әкеліп, Орталық Комитетке хатшы етіп қойды.

Опасыздық дегенді қойсаңшы… Кейін, Қонаев орнынан түскеннен соң, «Халықтар Достығы» журналына шәкіртінің ұстазы Қонаевты жамандап, керемет мақала жазып, қатты-қатты сөздер айтқанын бәріміз де білеміз. Шындығында, Қонаев пен Әуелбеков арасында бір-бірімен таласатындай ештеңе болған жоқ. Бірақ, әлгі руға бөліну, жүзге бөліну деген секілді астыртын,  «кілемнің астындағы» саясат орын алғаны анық еді.

Тарихшы болсам Е. Нұржанұлы туралы еңбек жазар едім

– Аға, Еркін Әуелбековтің қызметі туралы айтқанда, Кеңес Одағы кезіндегі халыққа сіңірген орасан зор еңбегін қарастырамыз. Ал Тәуелсіз Қазақстан уақытына келсек, ол кісінің атқарған қызметі жоқтың қасындай болып көрінеді. Бұның себебі неде?

– Енді Кеңес Одағы тараған соң, қолынан іс келетін, ел басқара алатын нағыз мамандарды, азаматтарды бүгінгі билік шеттетіп жіберді ғой. Олардан құтылу үшін толыққанды саясат та жүргізілді. «Қызылдар» деген ұғымдар белең алған болатын… ÐŸÐ¾Ñ…Ð¾Ð¶ÐµÐµ изображение

– Сонда тек коммунист болғандары үшін ғана қызметтен шеттетілді ме?

– Ол өте бұрыс саясат болатын. Кадрларды «қызыл» деп, «қоңыр» деп алаламай, ұйымдастыру қабілетіне қарай жіктеу керек еді. Нағыз көшбасшы, адал адамдарды қызметтен босатып, бірін зейнетке шығарса, бірін қызметтен қызметке ауыстырып, айдауға жібергендей болды. Олардың бәрінен құтылды. Мінекей, сондай адамдардың арасында Әуелбеков те кетіп қалды. Солардың арасында кейінірек мына мен де кетіп қалдым.

– Еркін Әуелбековпен біраз жыл таныс, қызметтес болдыңыздар. Сіздің пайымдауыңызша, Еркін Нұржанұлының қызметінің шарықтау шегі қайсы? Ол кісінің қандай еңбегі тарихта алтын әріппен мәңгіге жазылады деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, Еркіннің Аралдың жанашыры болғаны және тың игеруге қосқан орасан үлесі дер едім. Сол кезде ауданда, облыста партияның бірінші хатшысы болып жүріп, тыңның көптеген маңызды мәселелерін шешті. Өзі басшылықта отырған Көкшетау облысы тек Қазақстан аймағында ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында ең мол астық өнімдерін беруші олбысқа айналды. Сол кездерде, мен Еркінге іссапармен барып тұратынмын. Торғай облысында Халықаралық Ғарыш кемесін Еркін екеуіміз қабылдаған болатынбыз. Әуелбековтің сол тарихи күнгі қуанып, күліп жүрген суреттері архивтерде әлі күнге дейін сақталған.

– Енді, адами азаматтығынан бірер сөз келтірсеңіз, аға…

– Иә, мен сізге Әуелбековтің азаматтық тұсын айтайын. Ол кісі сөзге берік болатын. Өтірік айтпайтын. Ауылшаруашылығын ең терең меңгерген, жетік маман еді. Өжеттігі қандай еді. Қателік жасаған адамдардың жүзіне тура қарап тұрып, қатаң сөгіс беріп, бар кемшілігін бір-ақ айта салатын. Сол себептен де болар, Әуелбековтің қаталдығы, қатыгездігі туралы әр түрлі әңгімелер қаптап жүрді. Бірақ ол қарапайым халыққа өте көп жақсылық жасады. Өзім тарихшы болсам, қолыма қалам алып, Еркін Нұржанұлы туралы еңбек жазар едім. Өкінішке қарай, ондай мүмкіншілігім жоқ. Біз Еркінмен жиындарда, тойларда, қонақтарда бірге бірнеше рет болдық. Облыстарда қызмет атқаруға кетер алдында, үйіне барып, шай ішетінбіз. Еркінді көп жұрт тек коммунист тұрғысынан біледі, алайда ол сондай-ақ өте ұлтжанды адам болды. Қаны нағыз қазақ болатын. Оның өзінің туған халқына, Отанына деген махаббатын бөлек тақырып етіп қарастырса да болады. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын мықты білетін, үйіне барғанымда дастарқанға бас қойып, қонақжайлылық жоралғысын да жөнімен, жақсы ұстанатын. Дастарқан басында керемет жайдары еді. Жүрегі қазағым, елім деп соққан ер еді ғой, шіркін…

– Серікболсын аға, Еркін Әуелбековтің қазасы туралы да көкейде көп сұрақ туады. Бұл туралы не дейсіз?

– Ол ықтимал, мен бұл пікірді жоққа шығармаймын. Ғұмыр бойы спортпен шұғылданып өткен Еркіннің еш ауырмай-сырқамай, бірден қайтыс болғаны әлі күнге дейін күмән тудырады…

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ася АСЕТКИНА

«Аңыз адам» журналы

(ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіруге болмайды)

 

Пікір қосу