• Еркін аға, біздің басылымға сұхбат бермегеніңізге көп болыпты. Өзіңізде, эфирге, баспасөзге жиі сұхбат бермейтін көрінесіз. Бұған не себеп?
  • Сұхбат беру деген жақсы дүние. Бәріміздің де сұхбат бергіміз келеді. Өйткені баспасөз деген халық пен өнер адамдарының арасындағы алтын көпір. Бірақ сұхбат бергенн34 ж-н3 осы екен деп оны жұмысқа айналдырумау қажет. Үнемі сұхбат беру әншіге міндет емес. Көптеген өнер адамдары үшін БАҚ өкілдеріне сұхбат беру жарнама секілді болып кетті. Олар тек «Журналдың мұқабасына шықсам екен, ел теледидарды қосса тек мен сөйлеп отырсам екен» дейтін болды. Ал сұхбаттың негізгі мақсаты  бұл емес қой. Әнші сұхбатқа барарда «Халыққа не бере аламын? Халыққа қандай ойымды айтамын?» деп ойлануы қажет. Халықпен бөлісер жаңалығың, өз ойың, пікірің, ішіңде жатқан сырларың болмаса несіне сұхбат бересің? Сұхбат кезінде адамның бар білімі мен парасаты көрінеді. Ал біз мұны жеңіл-желпі жарнамаға айналдырып бара жатқандаймыз. Журналистер де мұны жақсы біліп алған. Қазір әншілердің көпшілігі  сұхбатқа қуана-қуана  келісім береді. Ал менің сұхбат берудегі мақсатым ол емес. Сондықтан халық та, журналистер де мені дұрыс түсінсе екен деймін.
  • Аға буын әншілердің қатарына еніп келе жатқан әншісіз. Артыңыздағы іні-қарындастарыңыз үлгі, тәрбие аларлық жасқа да келіпсіз. Осы жауапкершілікті сезініп жүрсіз бе?
  • Бұл жауапкершілікті тек қана аға буын арқалауы тиіс деп ойламаймын. Артыңдағы ұрпақ алдындағы жауапкершілікті әрбір өнер адамы сезінуі қажет. Өнер адамы қандай жаста болмасын, елдің алдына шыққан кезде жүріс-тұрысы, сөз саптауына мән беру керек. Өзіңнің артыңда еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға деген жауапкершілікті тек «мен отыздан астым екен, мен аға буын екенмін» деп сол кезде ғана ойлана салмауы керек. Қазіргі әншілер арасында «Ән жазсам болды» деп әуені мен мәтінінің сапасына қарамайтындар көбейді. Олардың көкейінде «Әнді жаза берсем, жаза берсем әйтеуір бірі ілініп хит болып қалар» деген ой ғана. «Тисе терекке тимесе бұтаққа» деп ән жаза беру — үлкен зиян дүние екенін ешкім сезінбейді.
  • Сахнада жеке әнші ретінде жүргеніңізге он жылдан асыпты. Осы мерейтойыңызға орай еліміздің үлкен қалаларында шығармашылық кеш беру ойда бар ма?
  • Жеке шығармашылығымды бастағалы биыл он бірінші жылдың көлемі болыпты. Осыған дейін Алматы, Астана қалаларында жеке концерттерімді бірнеше рет бердім. Алла бұйырса, 10 жылдық мерейтойымызға жеке концерт беру жоспарымызда бар. Біздің елімізде қазір концерт беру – Алматыдан төрт-бес бөлмелі үлкен пәтер салып алғанмен бірдей болып кетті. Әншілердің концерт бере алмау себебі осы қаржыға келіп тіреледі. Ел «Мыналар әр тойдан долларлап ақша алады. Оларға концерт беру ештеңеге тұрмайды» деп ойлайтын да болар. Дегенмен біздің де пайдадан бөлек , шығындарымыз бар. Біз де бір әулеттің ер азаматртарымыз. Ол жағын ешкім ескермейді. Қаржылық қиындығы үшін тасада қалып қойып жатқан небір керемет өнерлі адамадырымыз көп. Қазіргі заман бәрін ақшаға әкеліп тіреп қойғаны жаныма батады. Өнер адамдарынан естіген әңгіме бар. Кезінде «Дариға дәурен» әнін Рамазан Стамғазиев ағамыз орындап шықты. Бастапқыда бұл ән Рамазан ағамызға берілмеген екен. Ән авторлары бұл әнді Бекболат Тілеухан ағамызға ұсыныпты. Кез-келген есті әншіге мұндай ән берсе қуана-қуана орындап шығар еді. Ал  Бекболат ағамыз әншінің әншісі ғой. Әлгі әнді алғанымен, айтпай жүреді. Дәл сол кездері радиодан Рамазан ағамыздың дауысын естіп қалып, «Ту, шіркін-ай, мынау нағыз әнші ғой. Маған ұсынған «Дариға-дәурен» әні осы әншіге келеді екен ғой» деп Рамазан ағаны тауып,  әнді апарып беріпті. Осы әнді Бекболат аға сыйға бергеннен кейін қазақ эстардасына Рамазан Стамғазиевтей керемет әнші ағамыз қосылды. Қазақтың ән қоржынынына да «Дариға-дәурендей» ескірмейтін ән салынды. Сол секілді жұлдызы жана алмай келе жатқан әншілерге жанашырлықпен қарайтын болсақ, нағыз өнерлі әншілеріміз көбейер еді.  Бір кеш беруге әнқоржыны да, тәжірибесі де, жеетр әншілер бар. Қазір тек қалтасында қаржысы болса, танымал әнші болып кете алатын жағдайдамыз. Мына түрімізбен болашақтың алдында не деп жауап береміз деп ойлаймын. Сахнаға қазақилығымызға, салт-санамызға қайшы келетін дүниелер шығып атаққа ие болып жатыр. Ондай адамдардың артынан жастар ереді. Бұрын біз айтыскер ақындарды, Музарт тобындағы ағаларымызды, Тоқтар, Досымжан ағаларымызға қарап өстік. Осының арқасында біздің санамызда қазақылық сақталды. Ол кісілердің тарих алдында, ұрпақ алдында ұялар жері жоқ деп ойлаймын. Біз сияқты артындағы буынға олар нағыз өнерді қалдыра білді. Ал біз келер ұрпаққа  не деп жауап береміз? Бізден кейінгі буын шашын бояп, сырға тақса, қыздары әурет жерлерін ашып сахнаға шығып жатса ол міндетті түрде бізден сұралатын дүние. Осы жағдай мені қатты алаңдатады. Қазақ өнеріне титтей де болса әсерім бар, қол ұшымды тигізе аламын деген азаматтар болса, қолымыздан келгенше рухани құндылығымызды сақтап қалуымыз қажет. Мен бұл ойымды дұрыс түсініңіздер. Мен «Тек қана терме айтайық, қазақы шапан киіп жүрейік» деп жатқан жоқпын. Заманауи әндер айтсақ та, музыканың әр жанрын танысақ та, қазақы құндылықтарымызды жоғалтпайық дегім келеді.

Похожее изображение

  • Өзіңіз айтқандай шын таланттарға қолдау қажет. Сіздің «Болашақта әнші болғым келеді» дейтін іні-қарындастарыңызға көмек қолын созған сәттеріңіз болды ма?
  • Мен сіздің ойыңызды түсініп отырмын. Мен тәуекел істеп бір інімді не болмаса қарындасымды сахнаға алып шықтым деп те, көмек қолын созбадым деп те айта алмаймын. «Аға, менің әнші болғым келеді» деген жастар болып жатса, олардың өнерлері маған ұнап жатса, қолымнан келгенін аямаймын. Қаржылай көмектесіп, жарыққа шығарып жібермін демесем де, шығарып жатқан дүниесіне, туындыларына  бағыт беріп жіберуге тырысамын.
  • Осыдан екі-үш жыл бұрын шығармашылығыңызда үзіліс болды. Қазір қайта қолға алып жатқандайсыз. Жиі-жиі жаңа әндеріңіз шығып, тыңдармандырңыз қуанып жүр. Сол кездегі сахнаға көп шықпай кетуіңізге не себеп болып еді?
  • Мен Алматыға ата-анамды көшіріп алып келдім. Бірақ ол кісілерге бұл жақтың ауа райы жақпады. Сол себептерден денсаулығы нашарлаған анам дүниеден озды. Әкемнің қан қысымы жоғарылап кетті. Содан соң дәрігерлердің ақыл-кеңесімен бұл жақ қолайсыз деп, қайта Шымкентке көшуге тура келді. Алматыда 12 жылдай тұрдым. Армандап келген Алматыны тастап кетуге қимадым, әрине. Дегенмен, әкемнің денсаулығы бәрінен қымбат болды. Мен отбасымызда ұлдан біреу болған соң, әкемді Шымкентке жіберіп, өзім Алматыда жүре алмадым. Жер ауыстыру, көшіп қону дегеннің қиындығын білеміз.Осымен біраз уақыт өтті. Одан кейін отбасылық күрделі жағдайлар болды. Анамыз қайтыс болған соң, әкем екінші некелі болды. Менің де жеке өмірімде өзгеріс болды. Бірінші некем сәтсіз болып, екінші рет үйлендім. Аллаға сансыз шүкір ұлды-қызды болдық. Сіз айтып отырған үзілісте өнерге қарағанда өмірге көбірек көңіл бөлінді. Ал өнер деген әлпештеуді қажет ететін дүние. Сондықтан екі-үш жыл өнерге баяғыдай ынта-жігеріммен кірісе алмай, біраз үзіп алдым. Қазір Алланың қолдауымен шығармашылығмды қайта қолға алудамын. Міне енді ғана  әніме жаңа бейнебаян түсіріп келдік. Бұл туындымыздың да бағасын жуырда бере жатарсыздар.
  • Сіздің орындауыңыздағы «Жүр дегенде жүр» әні қазір хит әндердің біріне айналып кетті. Бұл ән қалай жазылды? Әннің хит болып кететінін алдын-ала сездіңіз бе?
  • Шынымды айтсам, ән осылай тез арада тыңдарманға жол тауып кетеді деп ойлаған жоқпын. Бірақ осы әнді мәтініне қарап отырып ризашылықпен айттым. Әннің сөзін Қайнар Алагөзов өз идеясы бойынша жазып берді. Ең бірінші осы

«Жүр дегенде жүр,

Қал дегенде қал.

Басым ауырса,

Балмен емдеп ал» деген қайырмасы шықты. «Мына өлең жолдары жақсы екен, ән қылсақ қалай болады?» деп ән жазғымыз келді. Кейін Қайнар бауырым әрі қарай қайырмадан бөлек шумақтарын шығарып берді. Ағаларымыз «Еркін осы әнді шығарғаның жақсы болды, «келіншегімізбен келіспей жатсақ, осы әнді тыңда деп айтамыз» дейді. Тараздағы бір таныс ағамыз «Еркін, айналайын, мен сені жақсы көремін. Отбасымызбен сенің әндеріңді тыңдаймыз. Бірақ жақында  үйдегі жеңгең сені ұнатпай қалды. Осыған бола екеуміз ұрысып қалдық» деді. «Маған бола ұрысатындай не болды?» деп қорқып кетсем,  Әй сенің «Жүр дегенде жүр» деген әніңнің

Мәжнүнің болып сен десем ләйлім,
Сенсең бағымсың, сенбесең қайғым.
Тұлпар айналып қазығын табар,
Мен де сондаймын, мен де сондаймын» деген  жолы жеңгеңе ұнамай қалған екен. «Егер мен де сондаймын деп айтатын болса, бұл бала бұзылайын деп жүр екен» деп саған ренжіді дейді. (күлді) Мұндай әңгімелерді көп естіп жатырмын. Осыған қарағанда бұл ән жастың да кәрінің де арасында тыңдалып жатқан секілді. Танымалдылығынан бөлек ең бастысы бұл әннің тәрбиелік мағынасы бар. Сондықтан,  бұл әнім халықтың көңілінен орын алып жатса қуаныштымын.

  • Сол әнге түсірген бейнебаяныңызда отбасыңызды көрдік. Бірақ «Еркін отбасын көрсеткенімен әйелін түсірмепті» деп көп көрермен пікір айтты. Әйеліңіздің бейнебаянда көрінбеуіне не себеп болды?
  • Бұл менің келіншегімді жасырғаным емес. Барлығы менің келіншегімнің бар екенін, үйлі-баранды адам екенімді біледі. Алланың алдында адал некелескен жарым болған соң оны барынша жариялауға тырысамын. Бірақ бейнебаян менің жеке шығармашылығым. Менің жұмысыма келіншегім ешқашан араласқан емес. Тек кейде көріп тұрған кемшілігі болса «Мынаны былай жөндесеңіз қалай болады?» деп ұсыныс айтқаны болмаса, жалпы менің шығармашылғыма араласпайды. Келіншегімнің менің бейнебаяныма түсіп жүретін де уақыты жоқ. Жақында ғана үшінші балалы болдық. Баласымен қоса үйдің шаруасы бар. Бір келінге үйде тірлік жететінін бәріміз де білеміз ғой. Жалпы сөздің түйіні, «Жарым үйіндегі шығармашылығын жөндеп жатыр» дегенім дұрыс болар (күлді).
  • Жуырда инстаграм парақшаңыздан әкеңіз сырқаттынып қалғанын көрдік. Ол кісінің жағдайы қалай?
  • Әкем өзі балалығымен қоштасып үлгермей жатып, ата-анасынан ерте айырылған кісі. Жастайынан жетім өсті, одан кейін Ауған соғысын көріп келді. Жүрегінен үш рет ауыр деңгейде ота жасатты, үш рет инсульт  алды. Анам марқұм «Осы шалым өліп қалатын болды» деп жүріп, өзі қайтыс болып кетті. Аллаға шүкір әкемнің жағдайы жақсы, көз-алдымызда ойнап-күліп жүр. Дегенмен оталардың барлығы, дерттері залалын тигізбей қоймайды. Ең бастысы өзі аман, он екі мүшесі түгел. Дәрігерлердің айтуымен үш-төрт ай көлемінде бір емделіп шығатын кездері болады. Сол емін жібермей жүрміз.

Картинки по запросу еркін нұржан

 Сая – менің әкелік махаббатымды  оятқан перзентім

  • Жанымның саясы,

Жаныма таяшы.

Мауқымды басайын бір.

Саялы жаныммен

Аялы әніммен жолыңа

Шашайын гүл» деп қызыңызды әнге қосыпсыз. «Қызымды сүйгендей сүймеймін өзімді» дейсіз тағы бір сөзіңізде. Қызыңыз өзіңізге қатты жақын секілді. Сая әкесінің қызы ма?

  • «Қыз әкеге жақын болады» деп естуші едім. Қызым дүниеге келгелі осы сөздің рас екеніне көзім жетті. Бірақ қызымды ерекше жақсы көруіме тек бұл себеп болды деп ойламаймын. Тұңғыш ұлымыз дүниеге келгенде қазақтың салт-дәстүрімен ата-апасының қолына бердік. Ұлым дүниеге келгенде әкем «Бұл бала енді сенің інің болады» деді. Баламыз бір айға дейін ғана қасымызда болып, ата-апасының тәрбиесіне өтті. Баламыз біздің жанымызға жатқан да емес. Сондықтан ұлым дүниеге келгенде әкелік сезімді сезіне қоймадым деп ойлаймын. Қызымыз Сая өмірге келгенде қасымызда болды, әр жаңа қылығына қуандық. Оның жылағаны мен күлгені көз алдымызда өткен соң қатты жақын болды. Оның нәзіктігі, «папа» деп еркелегенін көргенімде жарты әлемді ұмытып кеткендей боламын. Сая – менің әкелік махаббатымды  оятқан перзентім. Әдетте балалар әкесі алыстан келсе «Маған не әкелдің?» деп сұрайды ғой. Әкесінің әкелгенін алған бала әрі қарай ойынын ойнап кете береді. Менің Саям алыстан келгенімде «Маған не әкелдің?»  деп ешқашан сұраған емес. Ұзақ сапардан үйге келсем «Папа» деп мойныма келіп асылады да бір сағаттай уақыт тіс жармай құшақтап алады. Ешқайда жібермейді. Қызымыз екеуміз бір-бірімізді қатты жақсы көреміз.
  • Ұл-қыздарыңыздың мінезі кімге тартқан?
  • Қызым өте сабырлы болатын сияқты. Өйткені оның байыптылығы қазірден байқалады. Іс-қимылдары да, асықпай сөйлеуі де, көп нәрсеге алаңдай бермейтіні де оның сабырлы, ұяң қыз болатынын көрсетеді. Ал шалдың ұлы Қайырдың қимылы ширақ, тынымсыздау. Бір орында тұрмайды. Кішісі енді ғана дүниеге келгендіктен мінезін болжай алмадық.
  • Жақында үшінші рет әке атандыңыз. Бауы берік болсын! Қызыңыздың есімі кім? Атын кім қойды?
  • Қызымның есімін Ақбаян деп өзім қойдым. Марқұм анамның есімі Баян еді. Қызым дүниеге келгенде әкемнен рұқсат сұрап, анамның есімін қойғым келетінін айттым. Имам кісілермен де ақылдасып көрдім. Ол кісілер «Марқұм анаңыздың есімін қою шариғатта еш қайшы келмейді» деп мақұлдады. Ақырында бір ауыздан шешімге келіп, қызыма Ақбаян деп ат қойдым. Атын қоюуын қойған соң, бұл үйде біраз мәселе болды. Сөйтсек, келіншегім анамның келіні болған соң, атын атай алмай алмады. Ол қазір Ақбаянға Ақсұлу деп ат қойып алды. Сол күйі қызын Ақсұлу атап жүр.
  • Ақбаян аппақ қыз болар? Анасы аққұба ғой…
  • Аллаға шүкір, жорамалыңыз рас. Дегенмен, қызым келіншегіме емес, марқұм анама қатты ұқсайды.
  • Бір әңгімеңізде «Балаларымды еркелетіп еміреніп жатсам, әкем «Е, балаға да бала керек екен ғой» деп езу тартты» депсіз. Атасы Қайырды сізден қызғанбай ма? Ол кісінің алдында именіп, оны еркелете алмайтын боларсыз?
  • Қайырға еркелетуден бөлек, қатты сөйлей де алмаймыз. Кейде Қайыр мен Сая бала болған соң ойнап, ойын үшін жылап қалып жатады. Сол кезде мен барып Саяға емес, Қайырға «Сен үлкен емессің бе, қарындасыңа неге бас-көз болмайсың?» деп ұрсамын. Мұны көрген әкем «Үйде барлығыңның шамаларың тек менің балама келе ме? Осы менің балам бәріне кінәлі ме?» деп ашуланады. Бала болған соң кейде тентектік жасаса «тәйт» деп жөнге салып тұруымыз қажет қой. Осыған үйдегі апамыз жылап қалып жатады. Апамыз да «Менің балама қатты сөйлемеңдер» деп бізге айтып қойған.
  • Инстаграмда өте белсендісіз, жиі жарнама да жасайсыз. Инстаграмды өзіңіз жүргізесіз бе?
  • Инстаграмды жеке өзім жүргізіп жатқаныма жарты жылдай уақыт болды. Аллаға шүкір, оқырмандарым өте белсенді.
  • Қазіргі қоғамда болып жатқан оқиғалар ішінде сізді көбіне не алаңдатады?
  • Сіздердің басылымдарыңызды әуелден газет болып шыққанан-ақ білеміз. Өйткені осы газеттерден өнердегі аға-әпкелеріміздің сұхбатын іздеп жүріп табатынбыз. Газетке жазылу ауылда кәдімгідей қиын болса да, ата-анамызға қоймай айтып жазылатынбыз. Газеттің әрбір санын күтіп алып оқитынбыз. Себебі әрбір әншінің айтқан ойы бізге қызық еді. Сол кезде, өнер адамының әр жазған сөзінен ғибрат алып, өзімізге тәрбие жинап жатқан екенбіз. Ол заманда баспасөздің қадір-қасиеті бар еді. Қазіргі заманда ғаламтор дамып, баспасөзді әлеуметтік желілер алмастырғандай. Өнер адамдары әр басқан қадамдарын ғаламторға салады. Менің ойымша ,халыққа көрсететін де, көрсетудің қажеті жоқ та дүниелер бар. Өнер адамдары сәл де болса халық арасындағы сый-құрметін жоғалтып алмаса екен. Көптеген танымал әншілердің  парақшаларындағы пікірлерге қараймын.  Кейбір пікірлерді оқып, қорқамын. Халықтан осындай ғайбат сөздерді есітуі– әншінің қадірінің төмендеуі деп ойлаймын. Небір ғайбат сөздер жазылып жатқанда солармен салғыласып жататындар тағы бар. Өнер адамының сондай деңгейге түсіп кетуі қажет емес. Әлеуметтік желі – қазіргі заманның тәрбие құралына айналды. Қазір жастар ешнәрсеге назар салмаса да, әлеуметтік желіде отырады. Сол әлеуметтік желіде милиондаған аудиториясы бар өнер адамдарынан «Жастарға дұрыс тәрбие берсек, өзімізді тек жақсы жағынан үлгі етейік» деп сұраймын.
  • Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу