– Жігіттер, топтарыңыздың есімі «МузАРТ Life» болып қала бере ме?

– Осы уақытқа дейін тобымызға көп ат іздедік. Кезінде ұстаздарымыз «МузАРТ» ансамблі де алты ай бойы есім таба алмаған екен. Біз де алты ай ат іздеп, соңында осыған тоқталдық. Бұйырғаны осы есім екен.

– Қазір немен айналысып жүрсіздер?

– Қазір үлкен дайындық үстіндеміз. Ұстаздарымызбен Қазақстанның көп қалаларын аралап, турнир ұйымдастырмақпыз. Биіміз бен вокал сабақтарынан бөлек, әрқайсысымыз өзіндік ізденісте жүрміз. Кез келген концертте, жобада жанды дауыста ән айту үшін үлкен дайындық керек. Сол себепті, өзімізді дамыту үшін жұмыс істеп келеміз.

– Жарты жыл бойы ел алдында, тікелей эфирде іріктеліп, топ болып құрылдыңыздар. Оның үстіне ұстаздарыңыз «МузАРТ» ансамблі болғандықтан барлығы сіздерден тың дүниені, үлкен де, кіші де тыңдайтын әндерді күтеді. Алайда, жобадан кейінгі жұмыстарыңыз саябырсып қалған секілді…

– Топ құрылғаннан кейін біз бірнеше айға демалыс алдық. Өйткені өзіңіз айтқандай, жарты жылға созылған үлкен жобаға қатысқандықтан бәрімізге демалыс қажет болды. Оның үстіне ол кезде бәріміз студент едік, сабақ жағынан да уақыт бөлу керек болды. Қазір енді ғана оқуымызды бітіріп, бар жігеріміз бен ойымызды топқа арнап жатырмыз. Біз «ақырын жүріп анық басқанды» дұрыс көреміз. Өзіміз көздеген биікке асықпай-аптықпай жеткіміз келеді. «Әсіре қызыл тез оңар» деген сөз бар. Сол себепті, әр баспалдағымызды аңдап басып, әр жемісіміздің дәмін сезініп, сүрініп-құлап болса да, өз соқпағымызбен жүргіміз келеді. Басқа топтың шәкірті болсақ, бізге осынша назар аударылып, сын айтылмас еді. Осы уақытқа дейінгі тыныштығымызды біздің дайындығымыз деп қабылдасаңыздар екен. Енді ғана ойымыз жинақталып жатыр. Қазіргі таңда концерттерге, ауқымды іс-шараларға қатысып жүрміз. Жасыратыны жоқ, тойға да шығамыз. Алайда көпшілігі бізден хит ән күтетін секілді. Қазір бірнеше ән жаздық. Біздің әндеріміз екі аккордтан тұратын, екі сөзді қайталай беретін сапасыз дүние емес. Біздің әндеріміз есті, жүрек қылын қозғар әуендер болса дейміз. Ағаларымыздың жанында жүріп көптеген ақын-сазгерлермен жұмыс істеп келе жатырмыз. Мақсатымыз – уақытша хит ән шығару емес. Біз халықтың болашағы үшін өмір сүргіміз келеді. Қазір ғалам күн сайын өзгеріп келеді. Музыкада да үлкен өзгерістер орын алды. Алайда әндерімізге домбыра мен қобыздың, ұлттық аспаптың үнін қазіргі заманға үйлестіріп, әуенімізге қосқымыз келеді. Осы мақсатта жан-жақты ізденісті бастап кеттік. Бүгінде музыкада көп қолданбайтын аспаптардың үнін іздестіріп жүрміз.

 

– Біраз уақыт бұрын Мейрамбек ағамыз: «Жігіттер қазір оқуын оқып жатыр. Оның үстіне төртеуі екі қалада жүргендіктен әлі нақты іске кірісе қоймадық», – деген еді. Қазір оқуларыңызды бітіріп, топқа көңіл аударуды бастапсыздар. Жалпы ұстаздарыңызбен жұмыс барысы қалай жүреді?

  • Қазір ол кісілер де концертте, біз де концертте жүріп уақыт кестеміз сәйкес болмай қалады. Сол себеп болып, жиі кездеспей қалатынымыз бар. Олар да жеке топ, өз жобалары, жұмыстары бар. Алайда бұлай екен деп бізді қараусыз қалдырған жоқ. Үнемі ақын-сазгерлермен байланыста жүреді. Екі топ болып екі жақтап жақсы әндер іздеудеміз. Ұстаздарымыздың бізге бар қоятын талабы әрдайым ізденісте жүру, жалқаулыққа салынбау. Ұстаздарымыз күнделікті кестемізді белгілеп талап қоймаса да өзіміз күнде студияға келіп жұмыс істейміз.

– Байқауға әрқайсысыңыз жеке келдіңіздер. Қазір тұтас топсыздар. Бірігіп жұмыс істеу қалай екен?

– Топ болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Біз тек өзімізді емес, төртеуміздің қамымызды ойлап жүреміз. Бір-бірімізбен етене жақын болып кеттік. Бара-бара бір отбасыға айналып келе жатырмыз.

– «Жүрегім сені аңсаған» әнінен кейін тағы да бейнебаян түсірмек ойларыңыз бар ма?

– Осы әннен кейін «Достарым» деген әнге бейнебаян түсірдік. Алайда соңында бейнебаян көңілімізден шықпай, қайта өңдеп жатырмыз. Жуырда, мүмкін осы бейнебаянымызды көріп қаларсыздар.

– «МузАРТ» ансамблінің ең алғашқы «Сенің көзің» әні әлі күнге дейін елдің жадында. Ал сіздердің алғашқы әндеріңізді халық «қырғыздан алған ән» деп сынайды. Бұған не дейсіздер?

– Біз «Жүрегім сені аңсаған» атты әнімізге тұңғыш рет бейнебаян түсірдік. Ән қырғыздікі екені рас. Алайда бұл әнді композитордың өзі бізге сыйлаған болатын. Біз бірнеше әнді салыстыра отырып, ұстаздарымызбен ақылдасып, алғашқы дебюттік туындымыз ретінде осы әнді лайық деп санадық.

– Ұстаздарыңыз: «Біз бұл жігіттерден «МуАрттың» көшірмесін жасағымыз келмейді. Олардың өз стильдері мен бағыттары болады», – деген еді. Сіздердің басқа топтардан қандай өзгешеліктеріңіз бар?

– Жоғарыда айтып өткеніміздей, жеңіл-желпі әндерден аулақпыз. Дей тұрғанмен, өз жастығымызға жарасымды аздап билейтініміз, әнімізге қойылымдар ұйымдастыратынымыз тағы бар. Мағыналы, ойлы әндермен де жастардың жүрегін жаулап алуға болатынын көрсеткіміз келеді.

– Іштей «Неге бізге өнерге енді қадам басып келе жатқан топ ретінде қарамайды екен?» деп кейімесіздер ме?

– Бізге сын айтылғаны дұрыс. Халықтың бізді сынағаны орынды. Байқауда өзімізді вокалист ретінде көрсеттік. Енді жақсы топ ретінде мойындаса екен дейміз. Бізді сынап жатқандарыңызды жанашырлықтарыңыз деп түсінеміз. Сол себепті барлық сынға жақсы қараймыз.

– Жалпы продюсерлердің арасында әншілеріне жеке өмірге қатысты қатаң талаптар қояттандары бар. Ал ағалар сіздердің жеке өмірлеріңізге қалай қарайды?

– Бәріміздің де үйленетін жасымыз, отағасы атанар уақытымыз келді. Үйленіп жатсақ да, бұл біздің шығармашылығымызға әсерін тигізбейді. Ұстаздарымыздың ешбірі біздің жеке өмірімізге араласқан емес. Алайда ағаларымыз жеке шығармашылық бастайтын болсақ та, басқа саланы қоса атқарғымыз келсе де, топ ең бірінші орында тұру керек екенін ескертті. Біз мұны жадымыздан шығармаймыз.

– Азиз, сіздің топ мүшелерінен жас айырмашылығыңыз бар. Сізге топта жұмыс істеу қиын емес пе? Әріптестеріңізден ағалық қамқорлық байқай алдыңыз ба?

– Біздің топта үлкен-кіші деген әңгіме жоқ, барлығына бір талап, бір міндет қойылады. Үшеуі де менен бес жас үлкен болғандықтан аға ретінде сыйлап құрметтеп жүремін. Олардың маған қарағанда тәжірибесі мол. Әрқайсысынан кәсібилік жағынан үйренерім көп.

– Сіздің сазгерлік те қабілетіңіздің бар екені рас па?

– Ара-тұра ән шығаратыным бар. Бірақ кәсіби түрде айналысып жүрген жоқпын. Кейбір әндерімді жас орындаушылар орындап жүр. Бір әнімді өзімнің досым, әнші, актриса Ақботанұр орындайды. Әрине, топқа да ән жазуға тырысып жүрмін. Алайда біздің топқа лайықты, мықты ән әлі шығарған жоқпын. Алла бұйырса, мүмкін, «МузАРТ Life» та менің бір әнімді орындап қалар.

– Серікболсын, сіз Астана мюзикл театрының актері екенсіз. Фильмдерге, спектакльдерге шақыртулар түскен жағдайда топтың жұмысы не болады?

– Жобаға алғаш келгенде «Актерлік пен әншілік атты қосқанатымды тең алып жүргім келеді» деп айтқан едім. Ұстаздарымның менің актерлігіме еш қарсылығы жоқ. Алайда уақыт жағынан қиындықтар көп болады. Мен «МузАРТ Life» үшін біраз фильмдерден бас тарттым. Осыған дейін бірнеше фильмдерге шақырту болды. Алайда түсірілім уақыты тобымыздың кестесімен сай келмегендіктен оған да қатыса алмадым. Жақында Сәкен Сейфуллиннің рөліне шақырған еді. Бұл жобаға да уақыт жетпегендіктен бармадым. Алайда оған бола еш өкінбеймін. Киноға түсуге де әлі асықпаймын. Менің актер ретіндегі жұмысым енді ғана басталып жатыр. Сондықтан қазір бар ынтамды топқа арнағым келеді.

Похожее изображение

– Жігіттер, енді шығармашылықтан бөлек өз отбасыларыңыз жайлы айтып өтсеңіздер.

Азиз: – Мен Алматыда туып-өстіп. Үйде бес жанбыз. Ата-анамның музыкаға қатысы жоқ. Бірінші сыныптан бастап ән айтып музыкаға жақын болып өстім. Музыкадан сабақ беретін ұстазым қабілетімді байқап, ата-анаммен сөйлескен екен. Алайда ата-анам: «бұл баланың әнші болуы мүмкін емес, әулетімізде әнші деген болмаған» деп қарсы шықты. Дегенмен музыкамен айналысуды жалғастыра бердім. Мектептік, мемлекеттік, халықаралық сайыстарға қатыстым. Музыкалық мектепке ауысып, кәсіби түрде музыканы меңгергім келді. Қазір ата-анам менің осы топта жүргеніме өте қуанышты. Ол кісілер «МузАРТтай» топтың шәкірті болғанымды көріп мақтан тұтады.

Ахмет Сұлтан: – Мен отбасының ең кішкентайымын. Өзім Жетісайда туғанмын, бірақ балалық шағым Астанада өтті. Мамандығым – аспаз. Мектеп ұстаздары: «Сен ҰБТ-дан өте алмайсың», – деп, оқудан шығарып жіберді. Сол себепті әкем ұстаздық ететін лицейде оқыдым. Аспаздықты бітірген соң мамандық бойынша біраз уақыт жұмыс істедім. Тіпті еліміздегі ең таңдаулы мейрамханаларда аспаз болдым. Әйтсе де әнші болуды қатты армандайтынмын. Үйде де, жұмыста да ән айтып жүретінмін. Әкемнің «аңырай бермей аузыңды жап» дейтіні әлі есімде (күлді) Аспаздықтың жүрегіме жақын мамандық емес екенін түсінген соң кәсіби түрде музыкалық білім алуды бастадым. Түбегейлі музыкаға бет бұрғанымды көрген ата-анам мені барынша қолдайды.

Нұрхат: – Мен Жамбыл облысы Жуалы ауданында туып-өстім. Отбасымызда төрт баламыз. Әке-шешем өнерлі адамдар. Екеуі бірге өнер жолында жүріп танысып, көңіл жарастырған екен. Маған әкемнен де, шешемнен де бірдей өнер дарыған болар. Ол кісілер менің шынайы жанкүйерлерім. Әндерімізді тыңдап, өз бағасын беріп жатады.

Серікболсын: – Мен Қостанай облысы, Торғайдың тумасымын. Үйде сегіз ағайындымыз, өзім үйдің ең кенжесімін. Қарапайым отбасынан шыққанмын. Көпшілігі мені «үйдің кенжесі болғандықтан ешкім бетін қақпай еркелетіп өсірген, қиындық көрмеген жігіт» деп ойлайды. Дегенмен де бұл мүлдем олай емес. Мен тез есейдім. Кішкентай күнімнен еңбек етуге талпынып, тер төгіп келемін. Өзімді ешқашан кішкентай, ерке бала ретінде ұстамадым.

– Қазір сұрақтарымызға өте шынайы, ашық жауап беріп отырсыздар. Қарапайым екендеріңізге көзім жетіп отыр. Кейін атақ-даңқтың әсерінен өзгеріп кетеміз деп қорықпайсыздар ма?

– Мұның бәрі ата-анамыздың, ұстаздарымыздың тәрбиесі. Біз ешқашан дандайсып кетпейміз. Мейрамбек, Сәкен, Кенжебек ағаларымыздың жанында жүріп үлкен тәлім-тәрбие алып келеміз, ағаттық жібермеспіз.

– «МузАРТ» ансамбліндегі ұстаздарыңызға ұқсас тұстарыңыз бар ма? мінездеріңіз жағынан сәйкестік байқайсыздар ма?

– Әрқайсысы жеке тұлға. Дегенмен Азиз Мейрамбек ағаға ұқсайды. Дауысының да қою тембрі бар. Жасы кіші болса да өзін үлкен, ересек адам секілді ұстайды. Сұлтанның келбеті Кенжебек ағамызға келгенімен, дауысы Сәкен ағамызға ұқсайды. Нұрхаттың мінезі Кенжебек ағаға ұқсайды. Ал Серікболсын біздің продюсеріміз Ерлан ағамызға ұсқайды.

– Жалпы топтың көңіл күйін көтеріп жүретіндей қайсыңыздың мінезіңіз ашық?

– Арамызда Ахмет Сұлтан өте әзілқой, бізді күлдіріп жүреді. Дегенмен төртеуміз де әзіл айтудан құралақан емеспіз.

– «МузАРТтағы» ағаларыңыздың жанында жүріп аға буынмен дос болып кетпедіңіздер ме? Өнердегі достарыңыз кімдер?

– Біз өнерде «Меломен» тобымен, Нұрболат Абдуллинмен, Әміре, Бауыржан Ретбаевпен доспыз. Қазір бәрімен бауыр ретінде араласамыз. Бастапқыда арамыз жақын емес еді. Өйткені жаңадан құрылған топ болғандықтан, бәрі бізге сын көзбен қарады. Қазір уақыт өте келе жақын дос болып кеттік.

Картинки по запросу музарт лайa тобы

– Өздеріңіздің жеке өмірлеріңіз жайлы айтып берсеңіздер. Бастарыңыз бос па? Сіздерге қандай қыздар ұнайды? Бұл сұрақ жанкүйер қыздар үшін өте маңызды болар.

Нұрхат: – Менің әлі басым бос. Қазан айында 25 жасқа толамын. Бұйырса, тағдырыма адал жар кездессе екен деп армандаймын. Жарымның ибалы, инабатты, сабырлы, иманды қыз болғанын қалаймын. Өзіме қазақтың қаракөз қыздары ұнайды.

Серікболсын: – Менің үйленетін жасым келіп қалды деп ойлаймын. Алдағы екі жылда отбасы құратын болармын. Осыны ішім сезіп жүр. Ер-азаматты сыйлай білетін қыз кезіксе екен деймін. Өзіме ерке, қылықты қыздар ұнайды. «Қыз қылығымен әдемі» дегенді ұстанатын жанмын.

Ахмет Сұлтан: – Мен әзірге үйленбедім. Үйленген жағдайда да отбасылы болғаным жайлы сұхбат беріп, жарияға жар салғым келмейді. Мен үшін қыздың тектілігі, имандылығы өте маңызды. Ер-азаматтарымыз «қазір көп қыздар бұзылып кетті, мына заманда қыздарда ұят жоқ» деп қаракөздерімізді көп сынайды. Алайда қазақ қыздарының ар-намысын қорғайтын ер-азамат екенін ұмытпайық. Қыздарымызға қамқорлықпен қарайық деп айтқым келеді.

Азиз: – Әзірге менің сүйікті қызым жоқ. Осыған дейін басымнан балалық сезімдер өтті. Бір байқағаным, өзім ғашық болатын қыздар менен бір-екі жас үлкен болып шығады. Осыған қарап, болашақ жарым өзімнен үлкен болады-ау деп ойлап қоямын (күлді).

– Сұхбаттарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу