• Райымжан мырза, «Дервиши» тобы өнерін паш етіп жүргелі 20 жыл. Алайда, соңғы кездері топ көрінбей кетті. Неге?
  • Бізге осы сұрақ жиі қойылады. Иә, мүмкін біз медиада көп көрінбей жүрген шығармыз. Себебі, біз енді «ақсақалдар» қатарына жатамыз ғой. Кезінде өз уақытымызда жарқ еттік. Бұрын медиада көрінуді, қоржынымызда көп әндер болуды қаласақ, қазір сапаға, концерттік кештерге мән береміз. Алайда, өмірде жұмысымыз қарқынды жүріп жатыр. 2017 жыл біз үшін жемісті жыл болды. Біз 2017 жылы 17 наурызда «Республика сарайында» өзіміздің жеке концерттік кешімізді өткіздік. Жоспар бойынша бір рет кеш өткізбекші едік. Алайда, билеттердің барлығы үш күннің ішінде сатылып кетіп, бізге қоңыраулар түсе бастады. Адамдар «билетті қайдан алсақ болады?» тіпті, «өздерінің таныс-жақындарына ғана таратқан ғой» деп ренжігендер де болды (күлді). Одан кейін біз ақылдаса отыра, Республика сарайына барып, ол жақтан рұқсат алып, бір күнде екі рет қатарынан концерт бердік. Сонымен қатар, шілде айында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай, Астанада да кешімізді өткіздік. Қараша айында қарындасымыз, әнші Сания Исмаилдың Алматы қаласында өткізген жеке концертіне қол ұшын беріп, қатыстық. Сания Исмаил мен Дильмурат Бахаров біздің концертте бірге дуэт орындаған болатын. Одан кейін осы дуэтке арнап бейнебаян түсірдік. Өзіңіз айтып кеткендей, 2019 жылы біздің сахнада жүргенімізге 20 жыл болады екен. 20 жылдық кешімізге дайындықты да бастап кеттік.
  • Бір күнде екі рет қатарынан концерт өткізу қиын болмады ма?
  • Әрине, қиын. Себебі бізде барлығы жанды дауыста. Жанды дауыста орындаймыз, аспаптарда ойнаймыз. Бірақ, зал толып тұрған тыңдармандарды көргенде барлық қиындық ұмытылып кетеді.
  • 20 жылдық кештеріңізді қай уақытқа жоспарлап отырсыздар? Дәстүр бойынша наурыз айына ма?
  • Бір қызығы ұйымдастырған концерттеріміз наурыз айына келіп қалады екен. Дәстүр сияқты болып көрінетін шығар. Бірақ, негізі бұл тек сәйкестік. Осы жолғы кешіміздің уақытын әлі нақты белгілеген жоқпыз. Әзірше, Дильмуратқа маусымда өткізейік деп ұсыныс тастадым.
  • Неге маусым айында?
  • Оның екі себебі бар. Біріншіден, наурыз айында күн салқындау. Ал, маусым айында күн шығып, ауа-райы тамаша болып, дала құлпырып тұрады. Осыған сәйкес адамдар да қыстық киімдерін шешіп, керемет көңіл-күйде жүреді. Оның үстіне әртүрлі мерекелерді тойлап болған соң, артынан концерттік кеш берсек өте керемет болар еді деп ойлаймын. Екіншіден, шілде айында біздің «Дервиши» тобының туған күні. Туған күн уақытына да жақын болса дегенім ғой.Похожее изображение
  • Топ мүшелерінің басқа қосымша жұмыстары бар ма?
  • Әрине, басқа да қосымша жұмыстарымыз бар. Құдайға шүкір, концерттерімізде тыңдармандарымыз лық толы болады. Сонда да концерт қаражат жағынан ақталмайтын дүние ғой. Қолдау көрсететін спонсорлардың арқасында ғана пайда көреміз. Сол себепті, үйдегі отбасыны асырау үшін басқа да жұмыстармен айналысамыз. Бірақ, ол жұмыстарымыз да өнерден алшақ емес. Мәселен, Дильмурат басқа эстрадағы әншілермізге ән жазып береді. Мен Райымжан, көбіне ұйымдастырушылықпен айналысамын. 6 жылдан бері «Парваз» ұйғыр ұлттық әртістер ұйымының орынбасарымын. Ұйымдағы жас таланттарға кеш ұйымдастыруға көмектесемін. Александр джаз кафелерде шақыртулар болғанда жұмыс істейді. Ермек Дияровты барлығы таниды. Ол бұрын өзі «Magic of nomads» тобымен көп уақыт жұмыс істеген. Сол кісілерден шақырту түскенде, бірлесе жұмыс істеп тұрады. Рустамның жатаханаға байланысты өзінің бизнесі бар. Руслан балаларға ұлттық аспаптарды үйретеді.
  • Топпен басқа қандай мемлекеттерге сапар шектіңіздер?
  • Гастрольдік сапармен Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шықтық. Өзбекстан мемлекетіне екі рет барып қайттық. Сонымен қатар Венгрия, Болгария, Өзбекстан, Қырғызстан, Турция, Әзірбайжан, Үндістан, Тайланд, Қытай, Араб Әмірліктері, Мадагаскар елдерінде болғанбыз.
  • Тіпті, Мадагаскар елінде де тыңдармандарыңыз бар ма екен?
  • Мадаскар еліне барумыздың өзі бөлек оқиға. Мадагаскар еліне ханзаданың шақыртуымен бардық. Ол ханзада, қателеспесем , Англияда қазақстандық студенттермен бірге оқыған екен. Кейіннен сол студенттермен бірге Қазақстанды көруге қонаққа келген. Сосын бір іс-шарада біздің «Дервиши» тобының ән айтып жатқанын көріп, ұнатып қалған екен. Кейін ол ханзада той өткізбек болып, әр елден әншілерді шақыртып, Қазақстаннан бізді шақыртты. Біз, әрине, қуан-қуана бардық. Мадагаскарда әртүрлі этнос өкілдері өмір сүреді екен. Біз қазақтың, ұйғырдың тақияларын өзімізбен бірге алып, біздің елдің белгісі ретінде сол жақтың тұрғындырына таратып шықтық. Ешқашан ол мемлекетке барамыз деп ойламағанбыз. Содан өзіміз үшін естелік болсын деп видеоға түсіріп жүрдік. Елге келген соң, видеоны өңдеп ғаламторға салсақ, ол біздің тыңдармандарға ұнап, ел ішінде жақсы тарап кетіпті. Тіпті, видеоны телевидениядан көрсетті.Картинки по запросу дервиши группа
  • Ал, Қазақстанның қай өңірінде тыңдармандарыңыз көп?
  • Құдайға шүкір, Қазақстанның түкпір-түкпірінде тыңдармандарымыз бар. 2000 жылдардың басында Шымкент қаласынан көп шақыртулар болатын. Ал қазіргі кезде Павлодар, Өскемен өңірінен көп шақырту түседі. Бірақ, көп адамдар бізді шақырғанымен, қаражат жағынан көтере алмайды. Себебі, біздің топта алты адам , дыбыс режиссерімен жетеуміз. Жеті адамды қамтамасыз ету оңай емес.
  • Жеке өмірлеріңізге тоқталсақ. Топ мүшелерінің барлығы отбасы құрғансыздар ма?
  • Иә, барлығы отбасы құрған азаматтар. Дильмурат екі жыл бұрын отбасын құрған. Қазір жұбайының аяғы ауыр. Ермек, Руслан, Рустамның балалары бар. Александр да үйленген, бірақ әзірше балалары жоқ. Мен, Райымжан бір қызым, бір ұлым бар. Міне, 16 наурыз күні алғашқы немерем дүниеге келіп, ата болдым. Есімін Искандэр деп қойдық.

Әңгімелескен Наргиза Аршидин

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу