• Мөлдір, жыл басында Араб Әмірліктерінде өткен бразилиялық джиу-джитсудан болған Халықаралық турнирде топ жарып, алтын жүлде иелендіңіз. Осы сайыс туралы айтып берсеңіз.
  • Жыл басы мен үшін өте сәтті өтті. Халықаралық дәрежеде өткен турнир спортшылар үшін маңызды жарыстардың бірі болды. Араб Әмірліктеріне менімен бірге Қазақстаннан бірнеше спортшы барды. Осы турнирде алтын жүлде иегері атандым. 2016 жылы әлем чемпионатында алтын алған едім, 2017 жылдың әлем чемпионатында күміс медаль алып қалған болатынмын. Бұл жылы есемді қайтарамын деген үлкен мақсатым болды.
  • Өзіңіз спорттағы әділетсіздіктерке көп кезігесіз бе?
  • Менің басымда ешқандай әділетсіздік кезіккен жоқ. Тек соңғы сайыста осындай жағдай басымнан өтер ме екен деп біраз қобалжыдым.
  • Сізді бұл спорт түріне кім алып келді?
  • Жалпы өзім спортпен кішкентай кезімнен айналысамын. Осы спортқа мені жездем мен әпкем алып келді. Жездем ­– менің жеке жаттықтырушым. Ол кісі – бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері. Ал әпкем менімен бірге жаттығып тұрады.
  • Осындай қатал спорт түріне баруға ата-анаңыз қарсылық білдірген жоқ па?
  • Біздің отбасымыз үшін ең бірінші кезекте білім тұрады. Ата-анамыз біздің білімімізге көп назар аударды да, менің оқудан басқа көп уақытым бола бермеді. О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебін алтын белгімен бітіріп, Назарбаев университетіне оқуға түскен соң ғана ата-анам спортқа баруыма рұқсат етті. Ата-анам үнемі менің пікіріммен санасып, құлақ түріп отырады. Осындай түсіністігі мол ата-ана бергеніне Құдайға үлкен алғысымды білдіремін. Біз үйімізде үш қызбыз. Әкем: «Маған ұлдың да қажеті жоқ, үш қызым ұл сияқты төбелеседі», – деп қалжыңдайды. Шынында да, үшеуміз де белдесуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Қанша қалжыңдағанмен, іштей ата-анамның уайымдайтыны да рас. Ата-анам – менің ең бірінші жанкүйерлерім. Туыстарымның сөзінше, ата-анам мен белдесуге шыққан кезде экранды жауып отырады екен. Әпкем: «Болды, Мөлдір ұтты», – дегенше қарамайтын көрінеді. Алайда, олар қанша уайымдаса да, маған «спорттан кет» деп талап қойған емес.
  • Қатарынан үш жыл осы спорт саласы бойынша тек жеңіске жету… Өзіңізге енді сенімділік те пайда болған шығар?
  • Әрине, жыл сайын үздіксіз жарыстарға қатысу оңай емес. Бірақ бұл спорт түрі қатты ұнайды. Әр жарыста жеңемін деп өзіме мақсат қойып аламын да, ештеңеге қарамастан соған жетуге тырысамын. Мысалы, өткен жылы әлем чемпионаты мен үшін қиын болды. Денсаулығым сыр беріп, дәрігерлер мені сайысқа жіберуден бас тартты. Жарысқа бір ай дайындықты тоқтатуға мәжбүр болдым. Алайда, қасарысып, әлем чемпионатына қатыстым. Сол себептен болар, күміс алып қалдым. Жеңілген адам жеңістің қадірін түсінеді. Бұл сайыс мен үшін сабақ болды.
  • Спорт саласынан бөлек өзіңізді актриса ретінде де сынап көріп жүр екенсіз. Актриса боламын деп армандап па едіңіз?
  • Ешқашан кішкентай кезімнен киноға түсемін деп армандаған емеспін. Тіпті өнерге талпынысым да болмапты .Университетке енді ғана түсіп, студент атанып жүргенімде мені кастингтерге шақыра бастады. «Актерлік – маған арналмаған мамандық» деген оймен кастингтерге бармайтынмын. Менің фильмге түсемін деген ойым да болған жоқ, актерлік шеберліктен бірде-бір рет дәріс алған да емеспін. Алайда соңғы жылы Астанада өткен кастингке барып көрдім. Аз уақыттың ішінде үш фильмге түстім. Үшеуінде де басты рөлде ойнадым. Кастинг те мен үшін олимпиада ойыны сияқты болды. Өзіме «Мен осы басты рөлді аламын» деген мақсат қойдым.
  • Ол фильмдер жарық көрді ме?
  • «Любовь по наследству», содан кейін «Путешественник» фильміне түстім. «Любовь по наследству» фильмі өткен жылы кинотеатрларда көрсетілді. «Путешественник» фильмі осы жылы шығып қалар. Қазір «Қазақ батырлары» атты телехикаяға түсіп жатырмын.
  • Бұл телехикаяда Қарасай батырдың жарын ойнайды екенсіз. Тарихи фильмде ойнау қалай екен?
  • Тарихи фильмге түссем екен деп ойлаған едім. Тәжірибемнің аздығына қарамастан, Асқар Ұзабаевтың фильмінде басты рөлді сомдайтын болдым. Кейіпкерім­ – Қарасай батырдың жары Бибігүл. Маған қазақтың дәстүрлі киімдері, олардың өзіндік стилі ұнайды. Атпен шапқанды жақсы көретін қызбын. Бағзы заманғы кейіпкер ретінде ойнау адамға ерекше әсер қалдырады екен. Тарихи фильмге түскен ұнады. Спортқа жақын болуым бұл тұрғыда маған көп көмегін тигізді.
  • Актриса боламын, фильмге түсемін деп спорт бір жақта қалып кетпей ме?
  • Киноға мен тек қолым бос кезде түсемін. Ал спорт – менің күнделікті жұмысым. Мен спортты ешуақытта тастамаймын. Сабағымды да үнемі қадағалап жүремін.
  • Өзіңіз қандай кейіпкерді сомдағыңыз келеді?
  • Қазір көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Алайда оған уақыт жоқ. Алда Азия ойындары, Әлем чемпионаттарына дайындалып жүрмін.
  • Қазір сізді Қазақстанның ең сұлу спортшы қыздарының қатарына жатқызады. Өткен жылдары спортшымыз Сабина Алтынбековаға шетелдік компаниялар модель болуға ұсыныс жасаған еді. Сізге де осындай ұсыныстар түскен жоқ па?
  • Ұлыбританияның спорттық киім шығаратын әлемге танымал брэнді маған ұсыныс жасады. Мен бұл брендтің брэнд-амбассадоры, яғни брэндтың өкілі болып таңдалдым.
  • Сізді бір көрген адам іштей нәзік деп ойлайды. Көңілін білдіретін жігіттер сіздің джиу-джитсудан әлем чемпионы екеніңізді біліп қойып, қорқып кететін де шығар?
  • (Күлді). Өзім жігіттермен таныса бермеймін. Достарым да «Ей, жігіттер, байқаңдар, бұл қыз әлем чемпионы» деп әзілдеп жүреді. Оған қоса, жеке өмірге уақыт жоқ.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу