Шу қаласының маңында жолаушылар пойызы аударылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz. Төтенше жағдайдың куәгерлері оқиғаның 14.00-де Жамбыл облысындағы Шу станциясының маңында болғанын хабарлады. Бұл — «Астана-Алматы» бағытындағы №9 «Байтерек» пойызы. ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов бұл мәліметті растады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Астана-Алматы жолаушылар пойызының үш вагоны рельстен шығып кеткен. «Шамамен 30 минут бұрын болды. Өзіміз 9-шы вагонда келе жаттық. Ал 13, 14 және 15-ші вагондар аударылды. біз рельстен шығып кеткен сияқты болдық. Сосын дереу тоқтады», — дейді пойыз жолаушыларының бірі. Тағы бір жолаушының сөзінше, оқиға орнына жедел қызмет пен жедел жәрдем жеткен. Тағы бір қосымша пойыз келіп, адамдарды отырғызып жатыр екен.
ҚР ИДМ Шу маңындағы жолаушылар пойызы апатының алдын ала себебін атады
«17 маусымда 13.25-те Сары-Шаған — Шу учаскесінде Астана — Алматы бағытындағы #9/10 пойызының сегіз жолаушылар вагоны рельстен шығып кетті. Пойыз машинисі жолдағы ақауды көріп, шұғыл тежегішті қолданған», — деп хабарлады Министрлік өкілдері. Ал мұның алдында бас прокуратурадағылар апат салдарынан 11 адам жүгініп, оларға жәрдем көрсетілгенін хабарлаған еді. Оқиға орнында Бас көлік прокуратурасы прокурорларының, көліктегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің және жедел қызмет пен жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыс істеп жатқаны айтылады. «Шу станциясындағы ЖІІБ ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысы Бас көлік прокуратурасының бақылауына алынады», — деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. Мұның алдында ҚР ИДМ баспасөз қызметі Шу станциясы маңында пойыздың рельстен шығу себептерін тексеретін комиссия құрылғанын хабарлаған. «17 маусымда 13.25-те Сарышаған-Шу учаскесінде Астана-Алматы бағытындағы #9/10 пойызының жолаушылар отыратын 8 вагоны рельстен шығып кетті. Төтенше оқиға машинист теміржолдың қисайғанын көріп, көлікті шұғыл тежегенінен кейін болды. Оқиғаны тексеру үшін ҚР ИДМ Көлік комитеті жанынан арнайы комиссия құрылды», — деп хабарлаған еді ҚР ИДМ өкілдері.