Астана мен Алматыда 10 мамыр  күні»Саяси тұтқындарға бостандық!», «Азаптауға жол жоқ!» деген «алаппен ондаған адам көшеге шықты. «Наразылық акцияны күштеп таратқан полиция ондаған наразыны ұстап әкетті» деп хабарлады Азаттық радиосы.

Таңертеңгі сағат 11-ге қарай Астанадағы бірнеше еуропалық елдің дипломатиялық өкілдіктері орналасқан ғимараттың алдына жиналған ондаған азамат «Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!», «Азаптау тоқтатылсын!», «Масқара!» деп айғайлады. Олар саяси астармен сотталған және тергеуге алынған деп санайтын тұтқындарға бостандық беруді Қазақстан билігінен талап етті. Азаттық тілшілерінің оқиға орнынан хабарлауынша, билікке талап айтқан адамдар жиналған жерге келген полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ ондаған наразы азаматты көлікке күштеп салып алып кетті.

Мамырдың 10-ы күні Алматы мен Астанамен қоса Семей, Шымкент, Ақтөбе мен Орал қалаларында азаматтар қарсылық акциясына шыққан. Қазақстан бойынша нақты қанша адам ұсталғаны әзірше белгісіз. Алматыда тәуліктің екінші жартысында бүгінгі акциядан ұсталған адамдарға қарсы әкімшілік істерді сот қарай бастаған.

 

Алматы мен Астанадағы оқиғалар

Бейсенбі күні дәл осындай наразылық акциясына Алматыдағы Қабанбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы опера және балет театры жанында ондаған адам жиналды. Олар қолдарына қазақстандық құқыққорғаушылар саяси тұтқындар санатына жатқызған адамдардың портреттерін ұстап, биліктен оларға бостандық беруді және азаптауды тоқтатуды талап етті.

Полиция Астана мен Алматыда көшеге рұқсат етілмеген акцияға шыққандарды күшпен таратып, кейбірін ұстап әкетті. Алматыдағы акциядан 70-тен астам адамды полиция ұстаған. Ұсталғандардың арасында жиын өтіп жатқан жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар да болған.

Алматыда наразылық акциясына қатысушылар биліктен «бостандыққа шығаруды талап еткен саяси тұтқындар» арасында 2006 жылғы «Шаңырақ оқиғасы» бойынша сотталған диссидент Арон Атабек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, 2016 жылы «жер шеруіне» қатысқаннан кейін сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев, Алматының тергеу абақтысында отырған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов және басқалардың есімдері аталды.

Белсенділердің айтуынша, бұл наразылық акциясы Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында жасалған серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің орындалу барысын бағалау үшін Астанаға келетін Еуропа парламенті ресми делегациясының сапарына орайластырылып өткізіліп отыр.

Соңғы ақпарат
Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған сотының шешімімен қала тұрғыны Ринат Алдажаров үш тәулікке қамалды. Билікке «саяси тұтқындарға бостандық беру» және «азаптауды тоқтату» туралы талап қойған қарсылық акциясы кезінде ұсталған Алдажаров сотта «Қазақстанда адам құқықтары қорғалмайды, сөз бостандығы жоқ» деп мәлімдеді. Судья Зәуре Олжабаева азамат Ринат Алдажаровты «бейбіт жиын, митингі, шеру өткiзу тәртiбiн бұзған» деп танып, әкімшілік жазаға тартты. 

 

 

 

Пікір қосу