Өткен жылдың соңында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болдыңыз. Бұл өміріңізге, өнеріңізге әсер етті ме?

– Атақ − мен үшін жігерлендіруші күш. Еңбегің еленіп, маңдай термен алған атақ пен абыройдың не зияны бар? Кейде керісінше де болады. Атақ − құр бос жүрмегеніңнің дәлелі, жемісі. «Ең ізгі адам – мені жұрт танымай қалады-ау, атым шықпай қалды-ау деп мазасызданбайтын адам», – деп Конфуций бекер айтпаған. Бірақ ең ізгі адам да еңбегінің еленгенін қалайды деп ойлаймын.

– Шәкіртіңізбен шырқап жүрген «Асау жүрек» әні тыңдарманға ерекше әсер етті. Тіпті, бейнеклип те түсірдіңіздер…

– Иә, ол ән өзіме де ұнайды. Жақында ғана бейнеклипті көрермен назарына ұсындық. Еркін, ерекше ән. Бұл жас талант, болашағынан зор үміт күтетін шәкіртім Асқар Қалмырзамен жазылған алғашқы дуэт болатын. Ол ән кім орындаса да халыққа ұнайтын еді. Себебі, әннің өзі керемет.

– Онда кім орындаса да халыққа ұнайтын әндер тізімін жасайықшы…

– Алдыңғы буын ағаларымыздың әлі де орындалып, жаңғырып жүрген әндерін айтуға болады. Шәмшінің әндерінің бәрі сол тізімді толықтырады. Сонымен қоса менің әнқоржынымдағы «Өкінбе сен»  әні де сондай әндердің тізімінде.Related image

Өнер адамдары бар уақытын шығармашылығына арнайды. Бұл отбасына көңіл бөлуге, балаларының тәрбиесіне кедергі келтірмей ме?

− Өмірдегі ең басты құндылық – перзент. Оған дұрыс бағыт көрсетіп, жол сілтеу – ата-ананың міндеті. Бала әу бастан түзу жолмен жүретін болса, түптің түбінде ол өзін табады, қалыптасады. Расында да, өнер деп жүріп балаларға уақыт қалмайтыны бар. Екі ұлым жас кезімде дүниеге келгендіктен, өзіммен қатар «өсіп» кетті. Балаларымның ішінде өзіме ең жақыны – кенже ұлым. Кенжетайыма бар уақытымды арнап, көңіл бөліп тәрбиелеудемін. Әр бала жас шыбық секілді, қалай суарсаң, солай көктейді.

  • Қалай ойлайсыз, биік талғам қалыптастыру кітап оқудан, өзіңді танудан бастала ма?

− «Əдебиет − азшылықтың мүлкі» деген ойлы сөз бар. Жалпы өнер де сондай! Музыка, сурет өнері, поэзия – бəрі бір үйдің балаларындай. Талғамды адам ғана саф өнердің құнын біледі. Соны таңдап оқиды.

−Ал әншілік талғам қалай қалыптасады?

– Әннің құрылымы, мінезі, бағыты, стилін жақсы білемін. Ол уақыт өткен сайын ізденіспен келетін дүние. Жыл сайын жатталып, қаттала беретін құбылыс. Бұрын әннің сөзіне қарамай, тек аранжировкасына қызығып айтқан кездерім де болды. Сол арқылы талғам қалыптасады екен.Image result for жұбаныш жексенұлы

– Эстрада жаққа ойыссақ… Қазақ эстрадасының өткені мен бүгініне қатысты не ойлайсыз?

– Біздің эстрадамыздың құлдыраған кезі де, дамыған  кезі де болды. Мысалы, 60-70 жылдары ән өнері көкке көтерілді. Р.Бағлановадан бастап М.Жүнісова, С.Жұмағалиев, Н.Есқалиевалармен жалғасты. Композитор  Ə.Бейсеуов, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, Ə.Еспаев сол кезеңде тоғысты. Ән өнерінің негізін солар қалады. Одан кейінгі буын К.Дүйсекеев, Ж.Сейдоллаұлы , Т.Оқапов т.б. Олар эстрадамызды  əлемдік деңгейге одан да жақындата түсті. Бірақ қазақылығын жоғалтқан жоқ. Одан кейінгі буын жұлдыздай сиреді, сапаға емес, санға жұмыс істеу басталды.

− Адам қоғамның айнасы десек, қоғамда ғана емес, адамда да ішкі əлемінде тоқырау сəттері мен қайта өрлеу кезеңі болатын секілді…

– Ол міндетті түрде болатын құбылыс. Шығармашылық құлазу, көрініп тұрған көпірден өте алмай қалу секілді құбылыстар да орын алады.

– Сіздің «екінші тынысыңыз» ашылған кезең болды ма?

– Иә. Мен үлкен мегаполиске келгеннен соң, танылып, бəрінен бас тартқым келді. Саналы түрде сондай күйге түстім. Кәсіби техникам нашарлау болған кезде құштарлығым 100% еді. Мен студияда көп уақытымды жоғалттым, соның бəрі өтеуі жоқ өнімсіз еңбек деп ойлаушы едім, олай емес екен. Мен өзімді танып, күні-түні студиядан шықпай, əр əннен соң ерекше шабыттанып, жастықтың жалынымен отыра бергенмін ғой. Сол еңбегім − жемісті еңбек болды ақыры.

– Сонда бәрін ішке қор ретінде жинай бердіңіз бе?

– Дәл солай. 10 шақты жыл сондай күйде болдым. 2005 жылы Алматыға көшіп келдім. Толассыз еңбектің нəтижесінде жинаған қорым маған азық болды.Related image

− Бүгінде көлікте болсын, жалпы əн тыңдайсыз ба?

– Көлікте де, былай да музыка тыңдамаймын. Ал теледидардан спорт пен табиғат жайлы арналарды көремін.

– Ештеңеге құлқыңыз жоқ па? Бұл күй қашанға дейін жалғасуы мүмкін…

– Қазір ол күйден арылып келемін. Тіпті өмірден түңіліп кеттім деп айта алмаймын. Бірақ көңіліңнің жапан даласында жалғыз қалғандай құлазу сəттері бəрінің басында болады. Ештеңеге зауқың соқпайтын сəттер де бар. Менің миссиям − əн айту. Əнді жүректен өткізіп, зерделеп айту. Сол жолда нендей қиындыққа болсын төзуге әзірмін.

Сұхбаттасқан, Жанна ХАНҚЫЗЫ

       (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

 

Пікір қосу