«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Бақытты балалық шақ» бағдарламасы аясында Республикалық «Мектепке жол» акциясы өтті. Бұл туралы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының баспасөзіне сілтеме жасап, juldyz.kz хабарлайды.
Аталған іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қалалық филиалы, Алматы қалалық маслихат депутаттары, «Аван құрылыс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен № 23 қалалық емханасы және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қолдау көрсеткен.

Еліміздегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынан айрылған және мүмкіндігі шектеулі балалардың жаңа оқу жылындағы даярлығына қолдау көрсету мақсатында жүргізілетін қайырымдылық акциясына биыл 10 жыл толып отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұханқали Тұрашұлы: «Мектепке жол» акциясы осымен оныншы жыл ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы шара «Алатау» ауданының көпбалалы отбасыларының балаларына арналады», – деді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Алатау» ауданы бойынша 3123 көпбалалы отбасы, әлеуметтік жағдайы төмен 289 отбасының тіркеуде тұрғанын айта келіп, бүгінгі іс-шара барысында 110 баланың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.
«Мектепке жол» акциясының соңы мерекелік бағдарламаға ұласып, қайырымдылық шараға келген балалар «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты «Көркем ой» академиясы шәкірттерінің өнерлерін тамашалады. Сонымен қатар, театрымыздың дәстүрлі әншілері Алма Аманжолова мен Ерғали Ағайдаров та балаларды келе жатқан 1 қыркүйек Білім күнімен құттықтап, игі тілектерін әсем әнмен өрді. Бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған іс-шарадан кейін балалар театр кинозалына қызықты мультфильм көруге аттанды.
Дайындаған Мөлдір Бекжан

Пікір қосу