Жасарал мырза, үкіметтің қаулысына сәйкес Астанадағы халықаралық аэропортқа Н.Назарбаев есімі берілді. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

Қолбала үкіметтің бұл жағымпаздық шарасы – Назарбаевтың жеке басына табынудың уақыт өткен сайын мүлде шектен шыға ушығып, кез-келген есі дұрыс адамның жүрегін айнытарлық жиіркенішті сипатта «дамып» жатқандығының кезекті айқын көрінісі, сондықтан оны мен, әлбетте, осы тұрғыда қабылдадым. Егер, басқаларын айтпағанда,  өздерінің Назарбаевқа қатысты жырбақай «ләббайтақсырлығымен» бұрыннан белгілі  жоғары лауазымды жандайшаптар – Қасымжомарт Тоқаев, Дәурен Абаев, Азат Перуашев, Мәулен Әшімбаев және басқалардың пікірлеріне назар аударсақ, бұл «әлем тарихында ежелден қалыптасқан дәстүр» екен, және осынау «ақиқатты» (бұл сөздерді менің не себептен тырнақшаға алғаным сәл кейінірек түсінікті болады) дәлелдеу үшін бұл пақырлар Ататүрк, Кеннеди, де Голль тәрізді бүкіл әлемге аса ірі тарихи тұлғалар ретінде кеңінен мәлім адамдардың есімдерімен аталатын әуежайларды тілге тиек еткісі келеді. Сөйтеді де, мұндай «дәлелдерімен» өздерінің әрі тарихи, әрі саяси надандар екендігін әшкере қылып, масқара болғандарын түсінуге ақылдары жетпейді.Неге десеңіз, ондай дәстүр бар екенін ешкім де теріске шығармайды, алайда… Ия, алайда, аталмыш дәстүрге сәйкес әуежайларға ел басшыларыңың есімдері басым көпшілік жағдайда олар дүниеден өткен соң немесе әрегідік президент қызметінен кеткеннен кейін берілген.

Бәлкім, бұл идея президент Нұрсұлтан Назарбаев маңайындағы саяси элита өкілдерінің ынтасынан туындаған болар?

Мұндай идеялардың еш те бірі және ешқашан жеке басқа табыну індеті жайлаған елде өзгелердің «ынтасымен» туындамайтыны бесенеден белгілі. Өйткені, біріншіден, жеке басқа табынушылық жоқ жерден пайда болмайды, ол тек ел басшысы өз бойындағы туа біткен әлдебір қасиеттеріне  сәйкес бұған бейім және ниетті болып, жол ашып берсе ғана туындайды. Екіншіден, ондай адам бірте-бірте міндетті түрде ұлылық дертіне де (мания величия) ұшырап, өзгелердің өзін үнемі қолпаштап, мақтап-мадақтап, ұлықтағанын тілеп тұрады. Үшіншіден, кейде «қарапайым» адам рөлін ойнайтын мұндай басшы теледидар арқылы: «Мені көп мақтай бермеңдер», — деп, көпшілікке көз қыла сөйлей отырып, сонымен қатар әр түрлі амалдармен (көбінесе – өзіне толық берілген жақын айналасы арқылы) тиісті мемлекеттік орындарға (әсіресе қуыршақ парламент пен үкіметке) әйтпесе «халық арасына» идея тастап, жарамсақ шенеуніктер мен тілалғыш, жалпылдақ «зиялыларды» сайратып қояды. Назарбаевтың жеке басына табынуға байланысты халқымыз қашаннан бері «тамашалап» келе жатқан «спектакльдердің» барлығы осындай «сценарийлер» арқылы жүзеге асырылады. Әйтпесе, өздеріңіз ойлап қараңызшы, «елбасының» рұқсатынсыз аттап баспайтын үкімет мұндай күрделі және құйтырқы мәселені өз бетімен шешіп, жариялауы мүмкін бе? Тіпті мүмкін емес, әрине. Егер Назарбаев шынымен-ақ ешкімнің өзін ұлықтағанын қаламаса, бұған қатаң тыйым салуға оның «құдіреті» жетпейді ме? Жеткенде қандай! Бірақ оның дәл осы мәселеде үнемі «бұйрығын өткізе алмай», «дәрменсіздік танытатынын» көріп жүрміз ғой. Ал енді, мысал үшін мынадай бір жағдайды айта кетейін. Мен Өзбекстанда бірнеше рет болдым. Сонда, өзімізде қайда барсақ та «елбасының» қаптаған суреттеріне сүрініп жығылатын біз үшін өте «қызық», көзге ұрып тұрған бір фактіге еріксіз назар аудардым: ол елдің қалалары мен басқа да елді мекендерінде, жол бойларында диктаторлық «өтілі» Назарбаевтың «өтілінен» де сәл артықтау болған Ислам Каримовтың… бір де бір портретін көрмедім! Мұның мәнісін сұрағанда өзбектердің берген жауабы: «Ислам ака сондай бұйрық берген, оны орындамағандар қызметінен алынады». Міне, бұ дүниеде не де болса салыстыру арқылы айқындалатындығының нақты дәлелі…

Жуырда Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзиеев Ташкенттегі аэропортқа өзіңіз айтқан Ислам Каримовтың атын берді. Ол дүниеден өткен соң. Ал біздегі жағдай, әлде, Елбасының өз саяси серіктері мен отбасына сенбейтіндігін көрсете ме? Жалпы мұндай асығыстықты қалай түсіндірер едіңіз?

Ол рас, Назарбаев тек өз айналасына ғана емес, отбасы мүшелері мен басқа да жақын туыстарына сезікпен қарап, олардан қауіп күтетін адам. Бұған таңдануға да болмайды, өйткені диктатор қызметтен кеткен соң немесе дүниеден озғасын орнаған жаңа билік жүйесі жағдайында, әсіресе ол демократиялық басқару жүйесі болса, өздерін сол диктатормен бірге жасаған түрлі қылмыстардан ақтап алу үшін бұрынғы «көсемді» ең алдымен жақын адамдары сатып кетіп, барлық кінәні соған артатын үрдіс тарихта жиі орын алатыны белгілі. Менің үнемі: «Назарбаев ешқашан өзіне мұрагер тағайындамайды, өле-өлгенше биліктен айырылмауға тырысады», — дейтінім де сондықтан. Бұған Рахат Әлиевтің «Крестный тесть» кітабында «елбасының» өз кабинетінде болған әңгіме үстінде оған: «Мені бұ жерден тек аяғыммен ілгері қарай алып шығады», — дегені жөнінде жазған куәлігі де дәлел бола алады, меніңше.Сонымен қатар, жоғарыда атап өткенімдей, Назарбаевтың Астанадағы халықаралық әуежайды «иемденуге» соншалықты құштар болуына оның ұлылық дерті салдарынан өзін ұлықтау шараларына тоймайтын «қомағайлығы» да әсер етті, әлбетте. Егер ол «тақта» әлі де отырыңқырайтын болса, күндердің бір күні Астананы «Нұрқала» атау ниетін де жеңе алмай қалуы ғажап емес…

Үкіметтің бұндай шешімі халықаралық ЭКСПО көрмесі өтіп жатқанда қабылданғанына көзқарасыңыз қалай?  Шетелдік журналисттердің ЭКСПО-ға қатысты сын мақалалары да шыққаны белгілі. Халықаралық қауымдастық алдында ыңғайсыз жағдайда қалып қоймаймыз ба?

Мұндай үкімет қаулысының дәл ЭКСПО-2017 өтіп жатқан кезде қабылдану себебі, меніңше, Назарбаевтың өзінің де, оның айтқанынан шықпайтын үкімет пен парламенттің де бұл шараны осы Халықаралық көрме шеңберіндегі ең маңызды шара ретінде алдын-ала арнайы жоспарлауында. Егер біз ЭКСПО-ның өзі ең алдымен «елбасының» жеке басын ұлықтап, «бүкіл әлем алдында» оның «беделін» бұрынғыдан бетер «арттыра түсу»  мақсатын көздейтін «ұланғайыр» жарнамалық жоба екенін ескерсек, «елбасы» мен оның айналасының ұғымында Халықаралық әуежайға Назарбаев есімін беру шарасы – сол жарнаманы одан бетер күшейте түсетін «имидждік» шара. Ал, енді, осы себептен «халықаралық қауымдастық алдында ыңғайсыз жағдайда қалып қою» қаупіне келер болсақ, бұл жөнінде менің айтарым мынау. Біріншіден, ЭКСПО-2017 Қазақстан аталатын мемлекет жерінде өтіп жатқанымен, оған Назарбаевтың «беделі» үшін халық қаражатын қалың қазақтың ықтиярынан тыс және есепсіз-қисапсыз шашып, ысыраптағаны болмаса, ол көрменің жалпы алғанда біздің халқымызға ешқандай қатысы жоқ. Бұл – тек режимнің ғана көрмесі. Ал режим ондай-пұндай ыңғайсыздықтарға пысқырмайды да, бұған талай рет көзіміз жеткен.Олар  мақсатына жетіп, даңғаза көрмені «ойдағыдай» өткізу арқылы өз пайдасын тапса болды, басқасының бәрі – түк емес. Екіншіден, сондықтан да ЭКСПО-ға байланысты туындаған келеңсіздіктер БІЗДЕРГЕ, яғни, еліміздің қара бұқарасына ешқандай ыңғайсыздық әкелмейді. Өйткені халықаралық қауымдастық өкілдері де ақымақтар емес, Назарбаевтық Қазақстанның қандай мемлекет екенін, ЭКСПО-ның не нәрсе екенін, әуежайға «елбасының» есімін беру себебін және басқа жағдайларды өте жақсы көріп, біліп, сезіп отыр. Ал, режимнің келеңсіздіктерін қарапайым халыққа тек қазақтың ашық дұшпандары ғана теліп, бұл мәселені бопсалауы мүмкін. Сол кезде олардың нақты кімдер екенін біз де көріп, біліп, сезіп отыратын боламыз және, қажет болса, соған орай өзіміздің кесімді ой-пікірлерімізді білдіреміз…

 

                                                                               Сұхбаттасқан  Қ. Тілеухан

 

 

 

 

 

1 пікір

  1. Дəлме-дəл табылып берілген баға. Жеке басқа табынудың ең сорақы көріністері. Заманы өткен режим.

Пікір қосу