Айдос Тоқтарбаев — “буынсыз адам” деген атпен танылға цирк әртісі. Тұла бойы ерекше адамның juldyz.kz порталына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Маған «Сен мұғалім болмайсың, өнерді қуасың» деді

 — Айдос, бұл ерекше қасиет бойыңызда бар екенін қашан білдіңіз?

— Марқұм Ардақ деген ағам болды. Сол кісі 3 жасымнан мені осы өнерге дайындады. Денемнің майысқақтығы басқа балалардан ерекше еді. Оны үйдегілер де, ауылдағы балалар да байқайтын. Ойнап жүргенде допты шпагатқа отырып ұстай беретінмін. Ағам мені қоражайға аяғымды екі жаққа байлап, 1-2 сағатқа қамап кететін. Мен ол кезде шыдап жата беремін. Еш жерім ауырмайтын. Ағам мен 10-сынып оқып жүргенде дүниеден өтті. Менен 12 жас үлкен болатын. Сол кезде-ақ маған «болашағы бар бала» деп айтып жүретін. Расында, мен өнер адамы боламын деп ойламаппын. Жазушыларға , журналистика саласына қатты қызығатынмын. Бірақ, жалқаумын. Миымда сайрап тұрған нәрсені жазбаша түсіруге ерінемін(күлді).

 — Отбасыңыз туралы айтып беріңізші. Сізден басқа өнер адамы бар ма?

— Әкем аты — Қизамадан, шешем аты- Разия. Ауылда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарабұлақ ауылында тұрады. Екеуі де зейнетте. Елдос атты інім бар, соның қолында тұрады. Оның алдында Балғын, Толқын есімді екі әпкем бар. Олардың өз отбасы бар. Әкем құрылысшы, 40 жыл бойы құрылыста қызмет еткен. Нағашыларым саятшы, бүркітші, әнге жақын болған деп айтып отырады. Қазір отбасымда өнерде жүрген тек мен ғана.

 — Қандай оқушы болдыңыз?

— Бала кезімде Қожа секілді бұзық болдым. Сабақтан қашып кетіп, тіпті кейде бармайтынмын. Ұлболсын деген сынып жетекшім болды. Өнерге келуімнің де сол кісінің арқасы, көп көмегі тиді. Мектепте концерт қойғызып, сахнаға шығуға үйрететін. Күнде ата-анамды мектепке шақыртатын. Сол кезде әлгі апайым: «тұзы жеңіл болса да, осы Тоқтарбаев бір жерден шығады» дейтін. 11-сынып бітіретін кезде сынып жетекшім бәрімізден «қайда барасыңдар?» деп сұрады. Кезек маған келгенде: «мұғалім болатын шығармын» дедім. Ондағы ойым тарих не журналистика факультетіне құжат тапсырғым келді. Сонда оқуды қалайтынмын.

СОЛ КЕЗДЕ МҰҒАЛІМІМ: «СЕН МҰҒАЛІМ БОЛМАЙСЫҢ, ӨНЕРДІ ҚУАСЫҢ» ДЕДІ. КЕЙДЕ ҚҰДАЙ АУЫЗЫНА САЛДЫ МА ЕКЕН ДЕП ОЙЛАЙМЫН…

— Өнер жолына қалай келдіңіз?

— Мектеп бітіргеннен соң оқыс жағдайлар болып, жағым сынды. 5-6 ай ауруханада жаттым. Қатарымнан қалып қойдым. Содан кейін қалаға әкем өзінің қасына құрылысқа жұмысқа алып кетті. 1 жылдай жұмыс істедім. Жұмыс арасында жаттығу жасап дайындалып алатынмын. Ондағы ойым буыным қатпаса екен деп ойлаймын. Бірақ, денем мүлде қатпайтын. Көп адам ауыр жұмыс істеп жүрсе, буындары қатайып қалады. Бір күні сол жұмыстан шыққаннан кейін Эстрада және цирк колледжінің жанынан өтіп бара жатып ішін көргім келді.

— Қандай өнерің бар?

— Факультеттерді көргім келеді.

— Мұнда факультет деген нәрсе жоқ, отделения бар.

Отделенияның не екенін білмеймін, ауылдан келгенмін (күлді). Оның үстіне орысша сөйлей алмаймын. Содан әлгі қыздың қасына барып, «оқуға түсу үшін не істеу керек?» деп сұрадым. «Грант та бар, ақылыға да түсуіңе болады» деді. «Грантқа түсемін» дедім. Ана қыз маған біртүрлі қарады (күліп). Енді жұмыс киіммен тұрмын ғой. Үсті-басым шаң, аяғымда дәу етік, дала болса жаз. Қыз менен: «Не істей аласың?» деп сұрады. «Не істеу керек?» деп сұраққа сұрақпен жауап бердім. «Мұнда акробатика, гимнастика, әртүрлі сабақтар жүреді. Спецтен емтихан тапсырасың» деді. «Ертең құжаттарыңды алып кел. Дұрыстап тазаланып, киініп кел» деп шығарып салды.  Содан ертесіне консультацияға бардым. Әуелі бәрінің не істеп жүргенін көріп алдым. Өйткені, мен ауылдың жабайы сахнасында, ал олар қаланың мәдениетін көрген балалар ғой. Көбісі орыс екен, қазақ аз. Ана балалардың көбі циркке барып дайындалады екен. Маған булаваны лақтыруды тапсырды. Мен оны білмеймін. Лақтырғандарым төбеге барып тиеді (күлді).

НЕГІЗІ, ГИМНАСТТАР НЕГЕ АҚ МАЙКА, ҚАРА ЛАСИНА, КӨБІНЕ ТЫРЫСҚАНДАР КИЕДІ ДЕСЕМ, БАЛАНЫҢ ДЕНЕ БІТІМІН КӨРІП ОТЫРУ ҮШІН ЕКЕН.

Содан мені шақырды, шықтым. Тойған Оспановна деген биші кісі бар. 4-5 адам отыр. Қайрат Байбосыновты танып қойдым. Комиссия мүшесі екен. «Бойында не бар?Соны көрсет. Балаларды іріктеуден өткіземіз» деді. Ол кезде менің денемнің еш жері сынбаған. Жаттығуларымның бәрін жасап, аяғымды мойынға салып бәрін көрсеттім. Бәрі таңғалды. Сөйтіп, оқуға түстім. Кейін мені сахнаға көп алып шығып жүрді. Мимикамды жақсы көретін бәрі. «Болашағың алда ғой» деп жиі айтатын. Бірақ,  көп қателік жасадым ба әлде сол оқу маған бұйырмады ма?!… Оқудан шығып кеттім.

 — Неліктен?

— Тік мінезділігім себеп болды. Көңіліме жақпаған нәрсеге бей-жай қарай алмайтынмын. Сосын жағымпаздана алмайтыным бар. 9 рет оқудан шығарды, қайта алды. Оныншысында өзім кеттім. 3 жыл оқыдым. Сонымен, оқуды «бітірдім». Мүмкін, бұл да дұрыс болған шығар. Өйткені, дипломым қолымда болса, дандайсып кетер ме едім. Қайта ашынғаннан өнерді тастамадым.

— Кейін немен айналыстыңыз?

— Өз-өзімді көрсеттім. Сахнаға шықтым. Дипломсыз-ақ 5 жылдың ішінде жақсы жетістіктерге жеттім. Шүкір.

Жиі жарақат аламын

 — Қазір диплом алғыңыз келмей ме?

— Сырттай болса да оқып алғым кеп жүр. Дипломсыз мені Үржарға, Семейге мәдениет бөліміне жұмысқа шақырды. Кейде барғым келеді. Бірақ, ойланып жүрмін. Алда тағы бір жоспарым бар. Сол орындалса, баруым мүмкін.

 — Биылғы жылы Қытайдағы байқаудың финалына өтіпсіз. Нәтижесі қалай болды?

— Жартылай финалдан өтпей қалдым(жымиды). Басқа мемлекетте ондай жарыстардың жеңімпаздары бұрын дайындалып қояды екен. Бізде де сондай ғой. Оған ренжудің қажеті жоқ.

 — Жиі жарақат аласыз ба?

— Ондай көп болады. Оқып жүрген кезімде екі аяғымды сындырдым. Мен өзі тұзым жеңіл адаммын. Болмайтын жерде оқыс оқиғаға тап болам да жүремін. Қылыш жұтқан кезде бір жылда 5-6 рет тамағым, тілім кесіледі. Менде трюктардың көбі сахнада шығып кетеді. Қылыш жұтуды сахнада жасағам. Оны ауылда теледидардан қылыш жұтқан сәтін көргенмін. Ойым кетіп жүрді. 1-курста жүргенде Бауыржан досымыз екеуміз бөлмеде болғанбыз. Бауыржан ұзын пышақпен тамақ істеп жатты.

ПЫШАҚТЫ КӨРІП, ЕСІМ КЕТІП ҚАЛДЫ. БАУЫРЖАН СЫРТҚА ШЫҚҚАН КЕЗДЕ ПЫШАҚТЫ АУЗЫМА КІРГІЗІП ҮЛГЕРДІМ. БАУЫРЖАН ЕСІКТЕН КІРГЕН СӘТТЕ ҚАҚАЛЫП, ҚҰСА АЛМАДЫМ. СОЛ КҮНІ ТАМАҒЫМДЫ КЕСІП АЛДЫМ. 

БІР АПТА ӨТКЕН СОҢ ЖАЗЫЛЫП КЕТТІ.

Неге екенін, табиғатымнан денемдегі жара тез жазылады. Одан кейін жатақханада шай ішіп отырған кезде қасық жұтқаным бар. Үстелдегі қасыққа көзім түсіп кетті. Бәріне «қараңдар» дедім. Сөйтіп, қасықты алдым да ауызма салып жібердім. Сөйтсем, ішіме түсіп кетті. Елге мақтанамын деп көмейіме тұрғызып алдым. Саусағымды тығып алайын десем, одан әрі түсіп бара жатыр. Содан жерге еңкейіп, қыздар арқамнан қақты. Сол кезде қасығымды құсып түсірдім.

АҚЫРЫ ПЫШАҚ ЖҰТУДЫ «ЖІГІТ СҰЛТАНЫ» БАЙҚАУЫНДА ІСТЕДІМ. САХНАДА СӘТТІ ШЫҚТЫ. БІРАҚ, ТАМАҒЫМДЫ, ТІЛІМДІ КЕСІП АЛДЫМ. ОСЫНДАЙЛАР БОЛЫП ТҰРАДЫ. КӨБІНЕ ХАЛЫҚТЫҢ НАШАР ОТЫРҒАНЫН СЕЗІП ҚОЙСАМ, СОЛ КЕЗДЕ ӨНЕР КӨРСЕТКІМ КЕЛМЕЙДІ.

 Сахнаға шығарда дайындық жасайсыз ба?

— Жоқ, ешқашан дайындалмаймын. Тек құралдарымды сүртіп, тазалаймын.

Қызымды өзім дайындағым келеді

— Кезінде Исағали есімді азаматпен фильм түсірмек болған екенсіз. Түсіре алдыңыз ба?

— Ол кісі қайтыс болып кетті…Үлкен бизнесмен кісі болатын. Қытайға барғанда жүрек талмасынан қайтыс болды. Негізі деректі фильм түсірмек болғанбыз. Оның 15 минуты дайын тұр. Фариза деген қыздың дипломдық жұмысы мен туралы екен. Соның жалғасы ретінде түсірмек болғанбыз. Алла қаласа, енді қолға аламыз.

— Балаларыңыз сіздің өнеріңізді жалғастырам десе қарсы болмайсыз ба?

— Қызым 4 жаста. Икемі бар. Өзім дайындағым келеді.

 — Денсаулығыңызды қалай күтесіз?

— Шынымды айтсам, ешнәрсе жасамаймын. Қазір мен спортпен айналысамын десем, мені танитындар күледі бұл жауабыма (күлді).

 — Айдос Тоқтарбайдың бір күні қалай өтеді?

— Таң атпай 12-де тұрамын(жымиды). Бала күнімнен ұйқым сондай. Түнімен кітап оқитынмын бұрын. Режимді бұзып алғанмын. Үкі құсап жүремін. Серуендеймін, өзіме ұнаған істермен айналысамын. Кешкісін той, концертке шығамын.

 — Алда қандай трюк жасауға дайындалып жүрсіз?

Бүкіл БАҚ өкілдерін жинап, өзімнің жеке шоуымды көрсеткім келеді. Қазір білесіздер ме, пиар тек әншілерде ғана. Цирк әртістеріне ешкім көңіл бөлмейді. Сол пиар жағын дамытқым келеді. Осы жағын ойлап жүрмін.

 — Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы

Гүлім Рысқұл

Пікір қосу