17 мамыр күні ҚР Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасы әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын. Қабылданған заң жобасы аясында зейнеткерлер мен балалы отбасыларды мемлекеттiк қолдауға бағытталған нормалар бекітілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарақттық порталына сілтеме жасай отырып juldyz.kz хабарлайды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
«Бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы жәрдемақы мөлшерiн 20 пайызға арттыру көзделiп отыр. Жәрдемақының мөлшерi бiрiншi, екiншi, үшiншi балаға 31,41 айлық есептiк көрсеткiштен (АЕК) 38 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн, ал төртiншi және одан да көп балаға 52,35 АЕК-тен 63 АЕК-ке дейiн артатын болады. Елiмiзде жылына 400 мыңдай бала туатынын ескерсек, шамамен 300 мыңнан астам отбасы арттырылған мөлшерде жәрдемақы алады. Нәтижесiнде 2017 жылы жәрдемақының мөлшерi өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқалы отыр. Заң жобасын iске асыру үшiн республикалық бюджеттi нақтылау кезiнде 2017 жылы қосымша 81,6 млрд теңге қарастырылды. Жобаны жүзеге асыру үшiн 11 заңға, оның iшiнде Зейнетақы туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу көзделіп отыр».
Сонымен қатар, министр 2,1 миллионға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді.