– Жанар, жастық жалын-жігеріңізбен «Жұлдыздар отбасы» журналына сұхбат беруге әзірсіз бе?
– Айнұр, сұхбат басталмас бұрын сізге айтар өтінішім бар. Бес жылдан бері жауап беріп келе жатқан маған ғана емес, елге де жауыр болған сұрақтардан айналып өтейікші.
– 2016 жыл сіз үшін несімен есте қалды? Жаңа жылда Жанарда қандай жаңалықтар болмақ?
– «Жаңа жыл жарылқа, ескі жыл есірке» дегендей, ескі жылда шығармашылығымда айтулы жаңалықтар болды. Жаңа әуендер жазылып, жаңа әндер шырқалды. Қытай, АҚШ, Түркия, Кипр сияқты әлем елдерін концерттермен араладым. Қаңтар айында «Ала кетпедің» деген әніме түсірілген жаңа бейнебаяным жарыққа шығады. Көктемде көрерменмен қауышар Асқар Бисембиннің «Наурыз келді» деген фильміне түстім.
– Сіздің сұхбат, түсірілімдеріңізді көріп отырып түйгенім, әншілікті пайда табудың көзі деп қарамайтын сияқтысыз?..
– Солай десек те болады. Әрине, менің кәсібім де сол. Бірақ нәпақамды композиторлық қабілетіммен тапсам деймін. Қазір әншілерге табыс тойдан түсетіні ешкімге жасырын емес. Бірақ мен тойға арнап ән жаздыруға аса ұмтылмаймын. Мүмкін, мұным дұрыс емес те шығар. Не дегенмен ол – менің таңдауым.
– Өмірде әншілер жиі бас қосатын думанды кештерден бой көрсетпейсіз. Инстаграмда да аса белсенді емессіз…
– Шақырған жерге баруға тырысамын. Жалпы, мен шулы ортадағы басқосуларға құмар емеспін. Және Инстаграмды да өмірімнің бір бөлігі деп қарамаймын. Жеке суреттерімді салып, өмірімді айқара ашып көрсеткенді ұнатпаймын. Мен уақытымды ән жазуға, кітап оқуға, жалпы шығармашылығыма арнасам деймін.
– Қиялы ұшқыр жан секілді көрінесіз. Күнделік жазасыз ба?
– Жаным жабыққан жүдеу күндерде, кеудемді қуаныш кернегенде ішімдегінің бәрін ақтарып салар күнделігім бар. Көңілім асып-тасқанда оқып, тәубеме келемін. Ал көңілге кірбің ұяласа, шаттықты, бақытты сәттерді оқып, мұңның бәрін серпіп тастаймын. Өз-өзімді тәрбиелеуде де бұл үлкен көмек десем болады.
– Кітап жазып жатыр екенсіз. Оны орталап қалдыңыз ба?
– Жоқ. Кітаптың бір жақсы жері – ешкім сені уақытпен шектеп, асықтырмайды. Жаным қалаған кезде, шалқар шабытым тасыған сәтте қолға қалам аламын. «Біреу уақыт өткізе алмай әуре, біреу уақыт жеткізе алмай әуре» демекші, мен сол уақыт жеткізе алмайтын адамдардың қатарынанмын.
– Қалыңдықтың ақ көйлегін киіп фотосессияға түстіңіз, неке жүзігін тағып кинода да ойнадыңыз. Мұның бәрі кадрдан тыс қай уақытта орындалады?
– Бұл сұрақты маған жиі қояды. Қазір жасым 29-да, тұрмыс құрып, өмірге перзент әкелу керегін өзім де түсінемін. Бірақ жүрегім селт етіп, балаларымның әкесі осы жігіт болса екен деген адамды әлі кездестіре алмасам, амал нешік?! «Жасым келіп қалды ғой, әйтеуір мен де күйеуге шыға салайын» деп өз тағдырыма бей-жай қарай алмайды екенмін. Жүрегін де, сақинасын да ұсынып жүрген жігіттер жеткілікті. Шығармашылық адамы болғаннан кейін бе, сезімсіз серік болып, өмір жалғай алмаймын. Мен үшін махаббат – өмірдің мәні. «Махаббаттың құдірет күші әлдилеп» тұрмысқа шыққым келеді. Біздің үйде анам үнемі «біздің папамыз», «әкелерің келгенін күтейік» деп қатты сыйлайды. Екеуінің селкеу түспеген сезімдеріне қарап сүйсінемін. Өзім де сол жылулықты сақтап тұратын отбасының отанасы болғым келеді.
– «Жоспарларыммен бөліскенді ұнатпаймын. Ертеңгі күнімнің қалай боларын да білмеймін» деп едіңіз. Жарайды, жоспарды қойып, ақ армандар туралы армансыз айтайықшы?
– Армандарымның ең аяулысы – ана болу. Мүмкін, отбасымызда әкемнен басқа ер адам болмағаннан кейін бе, әсіресе ұл балалардың анасы болуды қатты армандаймын. Бала – Алланың берген сыйы. Мен өте балажан адаммын. Көшеде де кішкентай балақай көрсем, жүгіріп барып сүйіп, құшақтап аламын. Мамам бұл қылығыма ұрысады. «Өзің күйеуге шығып, өз балаларыңды өбектеп отырсаңшы» дейді. Мен өзімді әлі де бала сезінемін. Балалық шақтан шыға алмай жүргендеймін.
Сұхбаттасқан Айнұр ТӘҢІРБЕРГЕНҚЫЗЫ
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№2 (236) қаңтар 2017 жылғы санында)
Казыргилер бириншы аншi болады,сосын жайлап акын болады, сосын барып композитор болады.