Қарақат: Қыдырмен танысқан күн — мен үшін елеулі күндердің бірі. Әлі есімде, 1 желтоқсан 1996 жылы Алматы қаласы «Екі жұлдыз» мейрамханасында жолықтық. Жерлес ағамыздың мерейтойында екеуміз де қонақ боп шақырылдық. Қыдекеңдерді шақырғанда бәрі орындарынан тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Мені ол кезде ешкім танымайды. Жай ғана студентпін. Домбырамен ән айтатын консерваторияның 1-курс студентімін. Қыдекеңдей әншіні көремін дегенде қобалжыдым. Сол кеште дәл маған қарама-қарсы үстелге АБК тобын отырғызды. Енді қызық қой. «Әншілерге қарайыншы» деп жанарымды көтерсем, ол кісі маған қарап отырады. Сөйтіп, жанар мен жанар түйісіп қала береді. Ұяламын да, қайтадан жерге қараймын.
Мен ауылдың тәрбиесін көрген қызбын. Амандасып,жөн білісу деген әдетпен қарындасы ретінде таныстым. Содан есімімді, қайда оқитынымды айтып, сөйлесіп кеттік.
Қыдырәлі: Сол танысқан күні кешке қарай өзім іздеп келдім. Ол кезде АБК-ның дүрілдеп тұрған шағы. Артымыздан миллиондаған қыздар жүгіріп жүр. Үйлену деген жауапты дүние. Бізге қыз табу өте қиын болды. Оның жан-дүниесіне үңілуің керек.
Жалпы, Қарақатпен танысқан кезде ешнәрсені жасырған жоқпын десем болады. 3-4 жыл қыз-жігіт болып жүрдік. Өйткені, болашақ жарым болғандықтан қай сынақта өзін қалай ұстайды екен деп біраз жыл сынадым.
Қарақат: Біздің арамыздағы қарым-қатынас соншалықты таза әрі шынайы болды. Қыдыр мені шын мәнінде «қарындасым» деп аялады. Біз үйленгенге дейін Қыдыр менің қолымнан ұстап, ешқандай арамдық қылмады.
Қыдырәлі: Бір күні кешке Көктөбеге бардық. Сол кезде үйленетін ойды бекіттім.
Қарақат: Көктөбеге келген кезде Қыдырды көріп, мен мәз болдым. Оған басқаша қарадым, ол да маған өзгеше көзқарас танытты. Күн жарқырап тұрған сәт. Ашық аспан аясында Көктөбеде романтикалық кеш болды. Сол кеште: «Қақат, енді үйленетін уақыт болды деп ойлаймын. Мен саған жүрегімді ұсынамын. Қалай қарайсың?» деді. Мен ешқандай қарсылық білдірмедім. Өйткені, солай болуы керек еді. Сөйтіп, 1999 жылдың 20 тамызында біз Алматы қаласында заңды некемізді қиып, «Алтын алма» мейрамханасында 500 адамды шақырып, тойымызды өткіздік. Тойға 650 адам келді. Бірақ, менің әкем «өзінің теңі емес-ау, ол әртіс бала ғой» деген сияқты қарсылық пікір білдірді.
Қыдырәлі: Тойды жасар кезде менің қалтамда ары кетсе 2500-3000 доллар ғана болды. Бірақ, мейрамхананың жалдау құнының өзі 8000 долларды құрады. Мені бұдан достарым құтқарды. Үйіп-төгіп бәрі көмектесті. Шашылып той жасауымның басты себебі — Қарақаттың әкесі көріп, көңілі орнына түссін деген ниет болды. Ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері, бәрі келді. Қарақаттың бетін Бекболат Тілеухан ашты. Тойда жан-жағымызға күзет қойдық. Өйткені, маған ғашық қыздардан сақтану керек болды.
Қарақат: Менің арманымдағы қалыңдық көйлегінің үстіңгі жағы меруертпен көмкеріліп тұрса деп ойладым. Сөйтіп, оны тіктірдік. Тігу де оңайға түспеді. Тағы бір ерекшелігі — мұсылманша неке қидырдық. Біздің кезімізде мұндай нәрсе болмады. Біз алғашқысы болдық. Мейрамханаға барғанға дейін Медеуде қыдырып, атқа міндік.
Мен Қыдырәлі «Қыдекешқа», «Қыдыр» деп еркелетемін.
Қыдырәлі: Тойға көп адамдар өз сыйлықтарын берді. Дәулет Тұрлыханов көлік сыйлады. Мен Қарақатты «Қақат», «жаным сол» деп еркелетемін.
Қарақаттың алғашқы туған күнінен 101 роза алып келдім. Ол ұйықтап жатты. Сөйтіп, төсегінің үстін гүлмен көмкеріп кеттім. Алғашқы сыйлығым сол болды.
Қарақат: Қыдекеңнің сырт көзге өте қатал, сұсты көрінетіні рас. Менің марқұм әкем де сондай болған. Жалпы, ер-азаматымның көп сөйлемейтін, көзінде, өзінде мысы бар, салмақты болғанын қаладым. Өйткені, әкеме қарап сондай талғам қалыптасқан болуы керек. Негізі, жар таңдауда адасқан адам емеспін. Достарым: «Осы Қыдыр өте қатал көрінеді. Сені тіпті,қатты ұстайтын сияқты», — деп жатады. Шын мәнінде, сыртқа қатал көрінгенімен, жан дүниесі өте жұмсақ, мейірімді, қолы ашық жан. Ешуақытта маған: «Жоқ, сен мына жаққа бармайсың, мынаны алмайсың!» деп тыйым салып немесе жолымды бөгеп, өрескел қылық көрсеткен емес.
Қыдыр қазан-ошақ,ұсақ-түйек тірліктің ешқайсысына араласпайды. Оның үстіне ондай тірліктер Қыдырдың табиғатына жат. Ал балалардың тәрбиесіне, олардың денсаулығы ешуақытта назарынан тыс қалған емес.