Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, актер:
– Жалпы, балалық махаббат – үлкен ілім. Бұл сезіммен бетпе-бет жолыға алған адам – бақытты жан. Сол тамаша сезімді кейінгі өміріңде шашыратып алмасаң, өмірлік жолыңда талай жетістіктерге алып барады. Алғашқы махаббаттың адам баласына берері мол. Бала күнімде Кеңесхан деген ағамыз үйленіп, ауылымызға келін түсті. Келіннің үстінде үлбіреген бүрмелі көйлегі, басында шашағы салбыраған жаулығы бар екен. Бірінші болып жүгіріп бардым да, жаулығының астынан жас келіннің бетін көріп алдым. Екі көзі ботаның көзіндей жәудіреп тұр екен. Сол күзде 1-сыныпқа бардым. Әлгі жас келіншек менің мұғалімім болып келді. Міне, ең бірінші ғашық болған адамым сол Сахан апай болатын.
Еркін НҰРЖАНОВ, әнші:
– Студент кезімде нағыз махаббат сезімін басымнан өткергенмін. «Жігіттер» квартетінің орындауындағы «Бақытты бол» атты әннің сөзін бір кездері сол қызға арнап жазғанымды көпшілік жақсы біледі. Менен екі жас кішілігі бар Шымқаланың қызы болатын. Жазмыштан шығар, өзгенің жары атанды. Отбасылы болғаннан кейін оны бір рет көрдім. Жасырмаймын, жүрегім шым ете түсті. Қасына барып, тілдесе алмадым. Жанында жұбайы бар екен. Тек көздеріміз ғана бір сәтке түйіскен кезде бас изеп, амандасудың ишаратын жасадық.
Баян ЕСЕНТАЕВА, продюсер:
– Алғаш рет он бес жасымда Орал қаласының «нөмірі бірінші» жігітіне бір көргеннен ессіз ғашық болдым. Оның әскерден енді келген кезі еді. Алайда оның тарапынан маған деген ешқандай сезім болған жоқ. Сезімімнің күшті болғаны соншалық – тіпті ол маған «Махаббатыңды дәлелдеу үшін бесінші қабаттан секір» десе де, мен мұны ойланбастан істер едім. Мен оны құлай сүйдім, бірақ амал бар ма, ол мені сүйе алмады. Бәлкім, мен ол үшін кішкентай қыз болған шығармын. Мүмкін, ол менің махаббатымның шынайы екеніне сенбеген болар, кім білсін?.. Біраз араласып жүргеннен кейін ол жігіт өзінің сүйіктісі бар екенін айтып, менен бас тартты. Сол кезде менің ашуланғанымды көрсеңіз! Ол кезде мен Алматыға келіп, киноға түсіп, танымал болатынымды білген де жоқпын ғой. Бірақ қатты ашуланғаннан болу керек, сүйген жігітіме «Мені сүймегенің өкінішті. Өйткені жақын арада мені бәрі танитын болады. Сол кезде сен өкініштен бармағыңды тістеп қалма!» деп соңғы сөзімді айтқаным бар. Кішкентайымнан бетімді қақпай өсірген мен үшін бұл шынымен күтпеген жағдай болды. Оның үстіне менен бас тартпақ түгілі, кіммен дос болатынымды өзім таңдап жүрген мен жалғыз сүйген адамым менен теріс айналып кетеді деп мүлде ойламадым. Ренжігенім соншалық – оған ойланбастан «Сен мені енді тек теледидардан ғана көретін боласың. Өкінесің, бірақ маған қолың жетпейтін болады» дегенім есімде. Бұл сөзімнің қаншалықты шындыққа айналатынын мен ол кезде сезген де жоқпын ғой. Бірақ он алты жасымда Алматыға келгенде бірінші ойыма келгені – жаңағы жігітке айтқанымды жүзеге асырып, кек қайтару болды… Кейін бір рет қана көріп қалдым, сондағы ойлағаным – біздің екі жаққа кеткеніміз жақсы болған екен. Өйткені оның қазір өз бала-шағасы бар, Орал қаласында тұрып жатыр. Менің өз отбасым бар…
Жандарбек БҰЛҒАҚОВ, айтыскер ақын:
– 6-сыныпта оқып жүргенімде өзімнен бір сынып төмен оқитын бір қызға ғашық болып қалдым. Ол өзі бір қызық болды. Аузымызға бәліш толтырып алғанбыз, асханада тұрмыз. Жанымдағы сыныптас жодасым: «Осында бір қыз бар еді. Соны суретке тартып алу керек. Әйтпесе өзі суретін бермейді. Қазір сол қыз келеді. Сен қолынан ұстап тұр. Мен суретке тартып аламын», – деді. Мен келістім. Бәліш жеп тұрғанмын, досым: «Ойбай, қыз келді!» – деп аттандағаннан кейін қыздың аппақ киімінен май-май қолыммен ұстап алдым. Абырой болғанда, ол қыз қолымның май екенін білген жоқ. Жолдасым ырза болып суретке тартып жатыр. «Бұл қызды суретке түсіруге неге сонша ынтық?» деп қараймын деп жүріп, сол көзқарастан кеттік қой. Бір сәтте екеуміз бір-бірімізге қарап қалдық. Мектеп бітірдік. Бірақ әлгі қызбен сол кезден бері сөйлесіп келемін. Сондықтан алғашқы махаббатым әлі қасымда.
Мақсат БАЗАРБАЕВ, әнші:
– Ақтерек деген ауылдан келген, өзімнен екі жас кіші бір қызға ғашық болғанмын. Біздің ауылда бір қарт кісі жалғыз болды да, әлгі қыз сол кісінің қолына келіп оқыды. Әдемі қыз-тұғын. 8 наурызда сыйлық жасайтын болдым. Оған дейін өмірімде сыйлық жасап көрмеппін. Содан, не керек, мамама барып, «Ақша берші», – деп едім, «Не істейсің оны?» – деді. Мен: «Сыныптас қызыма сыйлық аламын», – деп өтірік айттым. Мамам да бере салды. Дүкенге барсам біраз зат тұр. Солардың ішінен бір тал пластмасса гүл мен КамАЗ «подарить» еттім ғой! Көзіме әдемі көрініп кетті. Оның қасына кішкентай құтыдағы «духиді» қостым. Иісі деген керемет, бүкіл жерді алып кетеді! Сыйлығымды өзім беруге жүрегім дауаламай, жанымдағы нөкерлерімнен беріп жібердім. Қыз сабақтан шыға бергенде, алдынан күтіп алып, сыйлықты беріп жатыр, мен көрінбей бұрыштан қарап тұрмын. Қыз алмайды. Ақыры бір кезде алды-ау… Балалық сезім ғой… Бірақ мен оны қайта көрген жоқпын.
Бейбіт СЕЙДУӘЛИЕВА, әнші:
– Негізінен, о бастан Тоқтар екеуміздің арамызда тек қана достық сезімі болды. Кейін дос ретінде араласа келе, ортамызда бір сезім пайда болды. Бірге жүрген жеті жылдың ішінде, жасыратыны жоқ, түсініспеушіліктердің кесірінен бір-бірімізге суып кеткен кездеріміз де болған. Қыз бен жігіт болғаннан кейін арада неше түрлі жағдайлар болады ғой. Бірақ қандай келіспеушілік болып жатса да, біз дос болып қала бердік. Ұрысқанымызды, ренжіскенімізді де ешкімге білдіртпей, дос бола білдік. Бірақ сол сезім бірте-бірте махаббат сезіміне ұласты. Басында біз арамызда сезім барын бәріне жариялап айтып жүрдік. Содан көп мазалап кеткеннен кейін біраз уақыт жасыруға тура келді.