Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысы (бұрынғы Ақмола облысы, Қызылжар уезі), Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Ол ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, Алаш қозғалысының қайраткері.
Балалық шағы
Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнаттың бір өзі болған. Қасында отыратын кісі табылмай қалса, шешесі кереуетің аяғына байлап кетеді екен. Естияр шағында күрт өзгереді. Ойға батып, тұнжырап жүретінді шығарады. Айтылған сөзге көңіл бөлмейді. Балалармен ойнап кетуді ерте қойған. Жеке тұрып қалады. Сол үшін апасы Күләндам Мағжанды «Марғау» атандырып жіберіпті.
Бір күні қызық оқиға болады. Молда бір араб әріпінің сөз аяғында қалай жазылатынын көрсет десе, шәкірт бала жауабын шатастырып алыпты. Сонда кішкентай Мағжан «мен айтайын ба?» деп молдадан рұқсат сұрайды. «Осы мұрынбоқ не біледі дейсің?» дегендей, селқос «айтып көр» дейді. Жауабын мүдірмей дұрыс берген Мағжанға қайран қалған молда бұл оқиғаның атасы Жұмабайға жеткізеді. Сонда Жұмекең: «Осы немерем менің атымды дүниеге әйгілі ете ме деп дәметем. Оқыт. Оқысын», — деп батасын беріпті.
Мағжанның махаббаты
Мағжанның алғашқы әйелі Зейнеп Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы Қадишадан туған. Зейнептен Мағжан Граждан атты ұл көрген. Тағдырдың жазуымен ақын үшін қымбат осы екі жан бірінің артынан бірі опат болды. Зейнебі баладан дүние салды. Артынша тұла бойы тұңғышы шетінеді. Бұл — шамамен 1917-1919 жылдардың арасы. 1920 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсы Қызылжарға ауыстырылды. Курсқа басшылық ету Мағжанға тапсырылды. Әрі үйреншікті пәндері бойынша сабақ береді. Міне, осы кезде Мағжан жүрегін үлкен сезім билейді. Курста математикадан сабақ беретін Гүлсім деген әйелге ғашық болады. Гүлсімнің бай күйеуі Мағжан мен әйелі арасын біліп қалып, үйін көшіріп әкеткен. М. Жұмабаевтың Ақмола өңірі Қазақстан құрамында қалуына байланысты өзі редакторы болып істейтін «Бостандық туы» газеті редакциясының Қызылжарға көшірілуі Мағжанның осы қалаға келуіне себеп болды. 1921 жылы Қызылжарға келгенде Мағжан енді қалған аз-маз ашық күндерінің, одан соңғы азап жылдарының айнымас серігін кезіктірді. Ол «жан жолдасымсың, өлсең бірге өлемін» деп маңдайынан сипап жұбатқан Зылихасы еді. Зылиха апайдың айтуында, бақыттың дәмін Мағжан екеуі де татқан.
Мағжан қандай болған?
Бір ғажабы, сыртқы тұлғасы өте әсерлі болатын: дөңгелек жүзді, орта бойлы, қараторының әдемісі, қара қасты, бұйра шашты да емес, бірақ, шашын мәнерлеп әсем күтіп ұстайтын-ды. Оның киім киісі мен жүріс-тұрысында интеллектуалдық айқын көрініп тұратын.
Еңбек жолы
Мағжан Жұмбаев 1910 – 1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия”медресесінде білім алады. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады. 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. “Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, Қазақ газетіне өз өлеңдерін жариялайды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. “Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті. 1918 – 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919 – 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады. 1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырайды.
Соңғы өмірі
1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Жұмабайұлының 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салады. Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды. Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында С.Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды. Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабайұлы қатаң сынға алынды. Жұмабайұлы 1927 – 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады.
Петропавл қаласыннда мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Жұмабайұлы Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.