Гүлнәз Жоланова бала күнінен биге қатысқан. Ал кино әлеміне тек «Қазақ аруы» байқауында жұлдызы жанғаннан кейін келген. Ол бір кездері өзін аямай сынаған режиссер Асқар Ұзабаевқа алғыс айтты. Мұнымен қатар, ол дәл қазір журналистика саласында білім алып жатқанын жеткізді. Бұл туралы “Басты рөлде” бағдарламасында айтылды.

«Отбасымда екі адамбыз: анам және мен. Өнерге 6 жасымнан, кәсіби би үйірмесіне 7 жасымнан келдім. Бала күнімде тойларға шығып билейтінмін. Алғаш Абай атындағы мәдениет сарайына барып, Серік Сариев есімді ұстаздың тәрбиесінде 10 жылдай биледім. Басында бір-екі жыл мектепте билеп, артынша арнайы ансамбльдерге қосылуға болады. Түрлі республикалық, шетелдік байқауларға қатыстым. Ансамбльдің өзінің психологиясы болады. Билеп жатқан кезде қай қатарда тұратының үлкен рөл атқарады. Баланың кішкентайынан бастап қоғаммен қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Өзім сондай өмір жолынан өттім. Шынымды айтсам, мен осы өнердің жанкүйері болдым. Ұйқым қанбаған кездерде жылайтынмын. Ертесі концертке кетіп қалуымыз мүмкін еді. Сондай сәттердің бірінде анам биден кетуге кеңес берді. «Осыншама уақыт биледің. Жарайсың! Билеудің не екенін білесің» деген әңгімелер басталды. Осыдан кейін 10-сыныпта биден кетуге мәжбүр болдым. 11-сыныпты тәмамдаған соң, ҚазҰУ-дың «Туризм» мамандығына тапсырдым», – дейді Гүлназ Жоланова.

Бірақ өнерден алыстап кете алмады. Тынымсыз еңбек пен үлкен арман оған бүгінгі жетістіктерін сыйлады.

«Үлкен өнерге алғашқы қадамым «Қазақ аруы» байқауынан басталды. Ешуақытта сұлулық байқауына қатысуды армандаған емеспін. Бір құрбым Баян Мақсатқызының байқау туралы жазбасын көрген екен. Артынша құрбым мен апам сол байқауға қатысуға үгіттеді. «Барлық талаптарға сай келіп тұрсың» дегендей айтты. Облыстың атынан шығып отырғандықтан, бар күшімді салдым… Маған дейін «Қазақ аруының» тарихында бір аталымды екі қызға беру деген болмаған. Финал кезінде әйтеуір көйлек алдым деп тұрған болатынмын. Бір кезде басыма тәж тағып, көрермен қол соғып, бетімнен сүйіп жатыр. Сол сәт өте түсініксіз болып кетті», – дейді актриса.

Гүлназ Жоланова түрлі-түсті шаш үлгісін аса ұнатпайтынын айтып жатыр. Мұнымен қатар, оның әлі күнге дейін жүргізуші куәлігі жоқ екен. Мұны көлік жүргізуге қызығушылығының жоқтығымен түсіндірді.

«Аптасына бір рет шашыма маска жасап тұрамын. Айына екі рет өзімнің шаштаразыма келемін. Шынымды айтсам, жұмыртқаны жарып, үстіне қаймақ салып ешқандай маска жасамаймын. Тек дайын маскаларды сатып аламын. Ес білгелі шашым әрдайым ұзын болатын. Қазір маусым мен көңіл-күйіме байланысты тек түсін өзгертіп отырамын. Анда-санда кекіл шығарамын. Сары, қызыл түстерге аса құмар емеспін әрі өзіме жараспайды. Осы күнге дейін фотосессияға түрлі образ таңдап көргенмін. Өзіме табиғи образдар ғана жақын. Қыз баласы болған соң сұлулыққа жаным құмар. Аптасына бір рет сұлулық салонына міндетті түрде барып тұрамын.  Жұмыста әдемі болып жүруге тырысамын. Ал күнделікті өмірде бояусыз, әдемі киіммен ғана жүргенді ұнатамын. Кәсіби деңгейде болмаса да, бояуды келбетіме жарасатындай етіп жасай аламын. Бізге келісім-шарт бойынша, жобадан алған ақша туралы айтуға болмайды. Қазір ҚазҰУ-дің «Журналистика» факультетінде магистрантпын. Яғни телевидение саласына қатысым бар. Сол саланың «кухнясын» аздап үйреніп, алғашқы қадамымды басып жатырмын. Туризм саласынан алған білімімді бизнеспен ұштастыруға болады. Қонақүй мен мейрамхана ісі сынды пәндерді өткенбіз. Жалпы оның қалай дамып, қалай жасалуы тиіс екенінің сызбасын білемін. «Қазақ аруы» – менің өмірімдегі елеулі өзгерістердің себепшісі», – дейді ол.

Актриса бұрын-соңды белгілі бір рөл сомдап көрмегендіктен, алғашқы жобасында қатты қиналған. Тіпті, өзінің бұл саладағы тәжірибесіздігі үшін Асқар Ұзабаевтан талай сөз естіген-ді. Десе де, ол танымал режиссерге тек алғыс айтатынын жеткізді.

«Маған KeshYou қыздарына секілді қатаң талаптар қойылмайды. Баян Мақсатқызы екеуіміздің арамыздағы келісім-шартта «тұрмысқа шығуға болмайды» деген шектеу жоқ. Сондықтан оны көре жатармыз. Бұрын-соңды басқа жобаларға қатысып көрмеген соң, әрине, қиындық тудырды. Алғашқы режиссерім – Асқар Ұзабаев болды. Ол кісі өз алдына қатал, талапшыл адам. Біз бұл телехикаяны бір ай шамасында түсірдік. Осы уақыт ішінде қиналдым. Дегенмен сол кездегі қатал сөздер айтылмаса, бұлай шыңдалмас едім деп ойлаймын. Қазіргі уақытта Асқар Ұзабаевтың көптеген жобасына қатысып жүрмін. «Сен менің ең сүйікті актрисамсың» деп қалжыңдап жатады. Бұл Баян Мақсатқызының жобасы болғандықтан, басты рөлге кастингсіз бекітілдім», – дейді ол.

Пікір қосу