Марат Қабанбай 1948 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген. Ол — балалар жазушысы, публицист.

Бала Марат

Білетіндердің айтуынша, Марат жетімдік пен жоқшылықтың да тауқіметін тартқан көрінеді. Ауру анасы мен шиеттей іні-қарындастарын асырау үшін жазушы еңбекке ерте араласады.

Еңбек жолы

Марат Қабанбай 1975 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, 1966 – 1968 жылдары аудандық газетте корректор, əдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, «Лениншіл жас» газетінде, «Жалын» баспасында, Қазақ КСР баспа, полиграфия жəне кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет істейді. Ал 1995 – 1997 жылдары республикалық «Ана тілі» газеті редакторының орынбасары, 1999 жылдан өмірінің соңына дейін «СолДат» газетінің бас редакторы болып еңбек еткен Марат Қабанбай қазақ публицистикасының да тасының өрге домалауы жолында көп еңбек сіңірген. Еліміз алғаш тəуелсіздік алған жылдары Мараттың қаламынан туған мақалалар қазақтың тəуелсіз журналистикасының қалыптасуына игі ықпал етті. Үлкенді-кішілі талай журналистер оны ұстаз тұтты.

Болмысы қандай болған?

«Ол мінезді жазушы еді. Кейде ағынан ақтаралып, жетісіп тұрған мінезінің жоқ екенін өзі де мойындайтын. Онысы рас. Өйткені ол кез-келген адамның ығына жығыла бермейтін. Өзінің өмірге деген көзқарасы, принципі, ер-азамат ретінде ұстанған позициясы болды. Әсіресе Марат түйсігі шамалы, білімі жоқ, надан адамдармен сөйлескісі келмейтін.Ол көп оқыған, көп тоқыған өте мәдениетті адам болды» (жары Сәуленің естелігінен).

Отбасы

Отбасында жары Сәуле Хамзина және екі қызы бар.

Шығармалары

Жазушының шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. Негізгі тақырыбы: заман келбеті, жастардың өмір-тіршілігі; идеясы: адамды сүю. «Бақбақ басы толған күн» (1975), «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» (1977), «Жиһанкез Тити» (1982), «Пысық болдым, мінеки» (1983), «Қала мен қыз бала» (1984), «Қазақ, қайда барасың?» (1995), «Сурет салғым келмейді» (1995) аттыповес-тер мен әңгімелер топтамалары, «Көркем дәм» (1977), «Айшылық алыс жол» (1987) романдары жарық көрді. Шығармалары орыс тілінде «Арыстан, я, виоленчель» (1980, М., ), «Вот он я — бывалый» (1986, М.,), «Горький вкус» (1989), «Эхо» (1991) деген атпен басылып шықты. Жекелеген туындылары украин, молдован, латын, неміс тілдеріне аударылған

Марапаттары

Марат Қабанбай сексенінші жылдардың ортасында Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған. Бұл аса беделді дүниежүзілік сыйлық бұрын бүкіл Кеңес Одағы бойынша тек Михаил Алексеев деген орыс жазушысына берілген болатын. Демек, бұл марапат бойынша Совет Одағының тарихында Марат Қабанбай – екінші лауреат. Орыстар Алексеевті сол Андерсен сыйлығын алғаннан кейін бірден көкке көтеріп, Социалистік Еңбек Ері атағын бергені белгілі. Ал біздің басшылар ол кезде өз жазушымыз Марат Қабанбаевты кішкентай медальға да ұсынуды білмепті.

Өкінішке қарай, Марат Қабанбай 2000 жылдың 26-сəуірінде, небəрі 52 жасында қайтыс болады.

Пікір қосу