Асқар Сүлейменов 1938 жылы 29 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Шорнақ елді мекенінде дүниеге келген. Ол жазушы, әдебиет сыншысы, драматург.

Бала Асқар

Асқар бала кезінен кітапқұмар, дарынды болған. Шолаққорғандағы Калинин атындағы ортамектепті бітірген. Бала кезінде асық ойнағанды жақсы көрген. Пластинкалардан тек классикалық музыка тыңдаған. Жылқыны жанындай жақсы көрген. Үйде жылқының суреттері ілініп тұратын боғлан.

Әлия Бөпежановамен қалай танысты?

«Асекеңді алғаш рет 1980 жылы мамыр айында Жазушылар одағында көрдім. Жас сыншы Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» атты алғашқы жинағы талқыланатын болды. Төрдегі бір орын мен есік жақтағы екі орын бос екен. Солардың біріне отырдым. Екіншісіне бір кісі отырар-отырмастан қолын көтері, ортаға шықты. Бақыттың сыншылығы туралы айтты да есікке бет алды. Есіктен шығар тұста маған бұрылып қарап: «Бала, сіз мені тауып алыңыз!»-деді де, шығып жүре берді. Ішімнен «қызық адам екен» деп ойладым. Жұрттың сөзінен түсінгенім — ол қызық адам Асқар Сүлейменов екен. Бір күні Асекең маған: «Бала, сіз Айтотыға қыз болсаңызшы», — деп қалды. Сөздің астарын бірден түсінген мен алғашында қатты абдырадым да: «Айтотының қыздары баршылық қой» деп әзілге бұрып жібердім. Өйткені бұған еш дайын емес едім. Арада жарты жылдай уақыт өткенде «Айтотыға қыз болсаңызшы» деген сөзін қайталаған Асекең қарындасы Тыныштықтың мейрамханада өткен туған күніне құрбым екеумізді шақырып, туған-туыстарымен таныстырды. Содан көп ұзамай некеге тұруға өтініш бердік». (жары Әлия Бөпежанованың сұхбатынан)

Өмірінде қыздар көп болғаны рас па?

«Негізі әкем анамнан кейінгі кездестірген Жұпариса мен Медина деген екі қызға да ғашық болды. Оның бірі қырғыз елінің актрисасы Жұпариса екеуінің таныстықтары жазушы Смағұл Елубайдың үйінде бастау алыпты. Жұпариса әкемді қатты сүйді. Тіптен тұрмысқа шыққысы келді. Бірақ, әкем «Қыздың обалына қаламын. Менімен болашағы болмайды» деп бас тартыпты.

Ал Медина Дағыстанның қызы еді. Өте сұлу, қыр мұрынды, Айтотыға қатты ұқсайтын. Шашы қысқа, ортаға бөлінген болатын. Мединаның күліп түскен суреті әкемнің қағаздарының ішінде жүретін. Анда-санда қарап қоятынын байқап қалатынмын.Бірақ, әкем жаңағыдай «обалына қалармын» деді ме, белгісіз, отбасын құра алмады. Екеуінің жас айырмашылығы 20-21 жас болатын». (қызы Қарагөз Сүлейменованың сұхбатынан)

«Қарғын» романының басты кейіпкері кім?

«Жасынның прототипі — Асқар. Себебі ондай мінез Асқардан басқа адамда жоқ. Ол «жақсы көремін» деген сөзді айта алмайтын. «Махаббат» деген сөзді жек көретін. «Қарғын» романындағы Жасынның мінезі — тура Асқардың мінезі. Бірақ, олардың өмірлері екі басқа. Дегенмен, романдағы жігіт қыздың ернінен сүйгендігі айтылатын сөздер Асқардікі» (Дулат Исабековтің сұхбатынан)

Еңбек жолы

Асқар Сүлейменов 1959 жылы ҚазПИ-дің әдебиет-тарих факультетін(қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. 1962 жылы ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) аспирантурасын тәмамдаған. Оның 1961 жылы алғашқы сын мақаласы “Жол басы” “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінде жарияланған.

Шығармалары

  • “Бесін” (1970);
  • “Адасқақ” (1988);
  • “Бесатар” (1996) прозалық шығармалары;
  • “Кек” (2001) драмалық жинағы;
  • “Болмыспен бетпе-бет” (2001) сыни-эстетикалық, өнертанушылық жинағы;
  • Төрт томдық шығармалар жинағы (2007-2009),
  • “Арғымақтар мен адамдар” деректі фильмінің (1977),
  • «Ас» («Құлагер») көркем фильмінің (1976) сценаршысы;
  • «Баянел» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу») сценарийін жазған;
  • «Кек» драмасы Шымкент (қазіргі ОҚО) облыстық драма театрында (1980, режиссері Қ.Жетпісбаев);
  • «Төрт тақта-жайнамаз» (1989), «Жетінші палата» (1993), (Қыздай жесір-штата қысқарту» (1994) драма-диалогтары бар.

Отбасы

«Асекең сырт көзге сыр бермегенмен, бала дегенде шығарда жаны бөлек болатын. Ұлы Әлішерді әскерде жүргенде Ауғанстанға алып кетпесін деп жанұшырды, қызы Қарагөз келгенде қандай бақытқа кенелді, мұны әдеби орта да жақсы біледі. Немересі Бекзатты хан көтерді, жиендерін де әлпештеді.

Әсмәға деген махаббаты да ерекше болды. «Миледи!» деп айтатын. Мысалы, «Миледи! Мен Сізді көңілімде аялап ұзақ күтіп едім. Жылқыға қалай берілсем – Сізді де соншалықты жақсы көремін» деген сипатта хаттар немесе Әсмәні алғашқы қарымен, алғашқы Жаңа жылымен, алғашқы Наурызымен құттықтаулар жазып қоятын. Жұмысында отырғанда күніне екі-үш рет үйге телефон соғатын. Әсмә әппақ, маңдайы кере қарыс болып, шалқасынан түсіп ұйықтап жатқанда, Асекең маңдайынан иіскеп, қайта-қайта Сегіз серінің «Гауһартас» әнінің мақамымен «Атқан таң,.. жаққан шам…» деп отыратын. Асекең дүние салған күні Әсмә жеті айға енді толған еді. Айтоты екеуміз түске дейін бардық қой, сонда кіргенде алғашқы сұрағы «бала, как Миледи?» болды» (жары Әлия Бөпежанованың сұхбатынан)

Пікір қосу