Туған жері

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты – Мұхаметқали. Бірақ «пайғамбар атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді» деп есептеген ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелете атап кеткен. Тұңғыштары Мұқағалидың ізін ала туылған бір қызы мен бір ұлы ерте шетінеген Сүлеймен әкей мен Нағиман шешей олардан кейін Тоқтарбай, Көрпеш атты екі ұл сүйеді.

Отбасы

Мұқағалидың әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа адамы болыпты. Нағиман апаның айтуынша, үйдің тұңғышы болғасын ба, Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған. Мұқағали ер мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген. Табиғаты шырайлы да шұрайлы Қарасаз топырағындағы қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп-өнген Мұқағалидың балалығы әуелде мұңсыз басталады. Алайда сол мұңсыз балалыққа сызат түсірген соғыс Мұқағалиды демде есейтеді. Бір топ жерлестерімен әкесі майданға аттанғанда ол небары он жаста-тұғын.Мұқағали үш ағайынды болған. Ең үлкені – Мұқағали, одан кейін – Тоқтарбай, Көрпеш деген інілері болған.

Ал сағынышты жыр арнаған сүйіктісіне ақын 1949 жылы қосылып, жеке шаңырақ көтереді. Ол кезде Мұқағали 18, ал сүйген жары Лашын 21 жаста болады. Мұқағали ерекше ақкөңіл, ақжүрек, мейірімді жан болған.

Ақынның тұңғышы Ләззат қайтыс болып кетсе, одан кейін 1951 жылы туылған Майгүл Алматыда көлік апатынан қайтыс болған. Одан кейін 1953 жылы  Жұлдыз есімді ұлы, 1958 жылы Алмагүл, 1960 жылы Айбар, 1966 жылы Шолпан есімді балалары дүниеге келген.

Бала Мұхаметқалидан – ақиық ақын Мұқағалиға дейін

Алаңсыз күлкісін соғыс ұрлаған өзге де құрбы-құрдастары тәрізді Мұқағали да тағдырдың ащы дәмін тым ерте татады. Мұқағали он төрт-он бес жасынан өлеңге шындап ден қоя бастайды. Төбесі аласа ғана қоржын тамға қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, шаршамай, шалдықпай оқумен болады. Бұл орайда ол қазақ әдебиеті классиктерінен бөлек, орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок поэзиясын сүйсіне оқиды. Шетел әдебиетінен Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль еңбектерін, әсіресе Бальзак, Лондон, Шекспир шығармаларын жоғары бағалайды.
Әдебиетке құштарлығының қайнар көзі Қарасаздан бастау алған Мұқағали орта мектепті Нарынқолдағы мектеп-интернатта бітіреді. Одан кейінгі жылдарда жоғары оқу орындарының бірнешеуіне еш қиындықсыз-ақ түсіп, әуелі ҚазМУ-дың филология факультетіне, одан кейін шет тілдер институтына, сосын қайтадан ҚазМУ-дың заң факультетіне қабылданады. 1973 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының студенті атанады. Бірақ анасы айтқандай, «Оны да тауысқан жоқ… Олардың білетінін өзім де біледі екем. Алматымды сағындым. Балаларымның қасында болайын деп, кеттім де қалдым…» – деп бір жылдан соң елге қайта оралады. Мұқағалидың кез келгеннің қолы жете бермейтін айтулы оқу орындарының өзіне оп-оңай түсуі – әрине, ақынның оқу-білімге деген құштарлығы мен қабілет-қарымы аса зор болғандығының айғағы.

Бастапқыда ақын туған жерінде ауылдық кеңес хатшысы, Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілінің мұғалімі, аудандық газеттің тілшісі болып қызмет етеді. 1950 жылдардың ішінде өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде аракідік болса да жарияланып, есімі ел құлағын елеңдете бастаған Мұқағали «Өлеңім өлтірмейді» деген сеніммен 1962 жылы Алматыға қоныс аударады. Содан бастап ақынның кәсіби іс-әрекеті әдеби шығармашылықпен тығыз байланыста өрбиді. Қазақ радиосында диктор, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағында поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарады, 1970 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Үлкен қалада үйсіздік пен күйсіздіктің қиыншылығын тартуына, қызметінің жиі ауысуына қарамастан, Мұқағали «алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан, бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан, шырақтардан, оттардан, жалаулардан, тіпті жоғалған замандардан да…» өзі тағат таппай іздеген поэзияға деген шексіз махаббатына деген адалдығына тұрақтылығын сақтап қалды. Алғашқы жыр жинағы жарыққа шыққанда 33 жаста болған Мұқағалидың небәрі он екі жылдық өмірі қалған-ды. Соны сезіп-білгендей ақын жүрегі алабөтен асығады. Қаламы жазудан құрғамаған ақынның 1964-1976 жылдар аралығында сегіз жыр жинағы жарық көреді. Жалпы, Мұқағали Мақатаев 1000-нан астам өлең жазып, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» тәрізді тағы да бірқатар поэма-толғаулар, көркем аудармалар қалдырады. Ең бір кереметі, Мұқағали поэзия жанрына ғана емес, проза, драма, сын саласына да қалам тартып, «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жазды. Бір өкініштісі, ақынның прозалық шығармалары күні бүгінге дейін әдебиетші қауымның зерттеу, зерделеу аясынан тыс қалып келеді. Қалай дегенмен де, Мұқағалидың суреткерлік таланты сан алуан қырынан жарқырай көрініп, қайталанбас өзіндік үні жекелеген өлеңдері мен алғашқы жыр жинақтарынан бастап-ақ айқын аңғарылғаны даусыз.

Мұқағали Мақатаев өмірінің тарихи тізбесі:

1931 – 13 наурызда (куәлікте 9 ақпан деп қате жазылған) Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген.
1941 – әкесі Сүлеймен Калининград майданында қаза табады.
1948-1949 – ҚазМУ-дың филология факультетінде оқиды.
1948 – оқуын тастап, Шибұт деп аталатын көрші ауылға ауылдық кеңестің хатшысы болып барады.
1949 – көктемде жары Лашынмен отау құрады.
1949 – аудандық «Советтік шекара» газетіне «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» деген өлеңдері жарияланады.
1950 – Алматыға келіп Шет тілдер институтына, неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, оны да тұрмыстық жағдайына байланысты тастауға мәжбүр болады.
1954 – Қарасаздағы бастауыш мектепке орыс тілі пәнінен сабақ береді. «Әдебиет және искусство» журналында үш өлеңі жарық көреді.
1957 – Республикалық радиоға диктор болып жұмысқа тұрады.
1960-1962 – «Советтік шекара» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады.
1962 – Алматыға көшіп келеді.
1962-1963 – «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет атқарады.

1963-1965 – «Мәдениет және Тұрмыс» журналында жұмыс істейді.
1964 – «Ильич» атты алғашқы кітабы жарыққа шығады.
1965-1966 – Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімін аударады. Ол 1971 жылы жарық көреді.
1965-1972 – «Жұлдыз» журналында қызмет атқарады.
1966 – «Армысыңдар, достарым!» атты өлеңдер жинағы жарыққа шығады.
1967 – «Қарлығашым келдің бе?» атты кітабы жарық көреді.
1969 – У.Уитменнің «Шөп жапырақтары» мен «Мавр» кітабы жарыққа шығады.
1969 – 14 маусымда «Қазақ әдебиетінде» жарияланған өлеңдері «күңгірт», «көмескі», «жұмбақ», «пессимизмнен тұрады» деп сыналады.
1970 – Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады.
1971 – «Райымбек! Райымбек!» поэмасын аяқтайды.
1972 – «Дариға жүрек» жинағы жарық көреді.
1973-1974 – Жазушылар одағының жолдамасымен Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқиды.
1974-1975 – «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» кітаптары жарыққа шығады.
1976 – «Өмірдастан» таңдамалылар жинағының сүйінші данасы өлерінен алты күн бұрын қолына тиді.
1976 – 27 наурызда бауыр циррозы ауруынан дүние салды.

Поэзиядағы алғашқы қадамдары

«Оңашада ойларын тыным еткен. Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен. Ақындар бар амалсыз бұғып өткен, Ақындар бар ішінен тынып өткен»

Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді (“Қазақ әдебиеті”, 18.3.1960).

Шығармалары мен аудармалары

Мұқағалидің “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 ж.), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 ж.), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, “Қош, махаббат!” (1988 ж.) атты прозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің “Сонеттерін” (1970 ж.), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж.) қазақ тіліне аударды.

Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы [У.Уитмен, “Шөп жапырақтары” (1969); У.Шекспир, “Сонеттер” (1970); Д.Алигерьи, “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімі (1971)], 8 жыр жинағы [“Ильич” (1964), “Армысыңдар, достар” (1966), “Қарлығашым, келдің бе?” (1968), “Мавр” (1970), “Дариға-жүрек” (1972), “Аққулар ұйықтағанда” (1974), “Шуағым менің” (1975), “Өмірдастан” (1976)] жарық көрді. У.Уитмен, У.Шекспир, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.

Солдан оңға қарай: келіні Бақытгүл, немересі Айман, зайыбы Лашын (марқұм), баласы Жұлдыз, қызы Шолпан, жиені Болат

Поэмалары

Мұқағалидің “Ильич”, “Ақ қайың әні”, “Ару-ана”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қырандастар, қош болыңдар”, “Чили-шуағым менің”, “Шекарада”, “Большевиктер”, “Өмірдастан”, “Арман”, “Шолпан”, “Досыма хат”, “Алтай-Атырау”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Қашқын”, “Жер үстінен репортаж”, “Моцарт. Жан азасы” атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған “Моцарт. Жан азасы” реквиемі пәлсапалық мазмұны, психологиялық тіні өзгеше туынды. “Табыт үні”, “Халық үні”, “Жесірлер үні”, “Бесік жыры” аталатын 4 бөлімді туындының әрбір бөлімінде бірде табыт, бірде жесір-Ана, бірде Жер-Бесік атынан Өмір мен өлім туралы философиялық пайымдаулар айтылған. Ақын Моцарт тағдырын тілге тиек ете отырып, өмір туралы өз жанының оптимистік рухын, әрбір адамның жан түкпіріндегі арман-әнін жеткізеді. Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы: “Мен жырламаймын, Сырласамын. Сыры бір замандаспен мұңдасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым” немесе “Тіпті де мен емес-ті “Мен” дегенім… Өзгенің жаны-сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін” дейді. Мұқағали шығармашылығының тіні “өзін-өзі” зерттеуден тұрады. Мұқағалидің медитативті лирикасындағы лирик. Мен — өзін-өзі іздеген, өмір мен өлім, адам мен қоғам, ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрған, толассыз ізденістегі пәлсапашыл Мен. Мұқағалидің шығармаларында философиялық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу, медитация басым. “Өмірдастан” атты топтамалы толғауында жесір жеңге (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психол. шиеленіс арқылы шебер жеткізілген. Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде. Имандылық,ислам діні турасында “Я, Жаратушы Аллам”, “Сатқан емен”, “Дін-ғылымның анасы”, “Я, Алла”, “Бүкіл дүние мұсылмандарына хат”, “Адам қайдан жаралған”, “Жүрек арызы”, “Күн батты, міне, кеш кірді”, “Не керек, осы, адамға”, т.б. өлеңдер жазды. “Сатқан емен, сатпайтын дінімді мен”, “Мұхаммедтің үмбеті-мұсылманмын”, “Сайтанның да, күнәсіз періштенің, Бал мен уын талғамай неге ішкенмін. Періштенің қайғысын бөліспедім, Сайтанменен болса да келіспедім” секілді жыр жолдарында адам табиғатына сай тартыс, пенденің жан тылсымындағы жұмбақ қақтығыстар көрініс тапқан. Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды (“Тауда өстім”, “Тау бір аңыз”, т.б.). “Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған”. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. “Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген” дейді ақын. Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағалидің поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді: “Су сұрасам, сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем”. Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған: “О, Муза, маған алыс сөреңді бер, ұайыптан кел де, мені демеп жібер”. Мұқағали адам жанының диалектикасына терең бойлап, оның болмысын шынайы бедерлейді (“Жапырақ жүрек-жас қайың”). Ол “Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін “адам жанының инженері болып қалу” дегенді ұстанды (Күнделік, 10.2.1976). Ақынның шеберлігі өмірден өзін, өзінен өмірді көре білуінде. “Бүкіл менің жазғаным — бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма” дейді ақын. Мұқағалидің адамзат ғұмыры мен әлем сырын жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қомақты мұра боп енді. Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің “Қош, махаббат” жинағына (1988) әр жылдары жазылған “Құлпытас”, “Марусяның тауы”, “Өзгермепті”, “Әже”, әңгімелері, “Қос қарлығаш”, “Жыл құстары” повестері мен “Қош, махаббат” пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. “Рух және сезім” , “Сезім найзағайы”, “1969 жылғы қазақ поэзиясы“ атты әдеби сын еңбектерінде О.Сүлейменов, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, С.Мәуленов, т.б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия туралы ой толғайды.

 Мұқағали… Бүгінде бұл есім әркімнің көңілінде күллі қазақ даласының образын оятып, оның ұланғайыр кеңдігін, көкмұнар таулары мен жан баспаған жапандағы қара орманының, түпсіз терең тұңғиық көлдерінің көрінісін көз алдына әкеледі. Ол – туған халқының өзіне деген өлшеусіз махаббатымен мерейленген ұлы перзенті, Жаратушы иесі тумысынан бөлекше дарынмен даралаған ақиық ақын.

 

Пікір қосу