Секен Тұрысбеков 1961 жылы 12 наурыз күні (құжат бойынша 1 мамыр) Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Ол ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күйші.

Бала Секен

Секеннің азан шақырып қойған аты – Серікболсын. Үйдегілер еркелетіп Секен деп атап, содан құжатта да Секен болып кеткен. Оның домбырашы Төлебай деген нағашысы болған. Домбыраға деген қызығушылығын сол оятқан. «Үйдегі кілемнің жоғарғы жағында әжемнің көрші ауылдан алып келген бір шекті домбырсы ілініп тұратын. Оны кішкентай балалардың қолдары жетпейтін жерлерге қоятын. Бір күні ауырып жатып, әлгі домбыраны қолыма алып, кез келген әуенге салсам, ойнап кетеді. Кейін айтқали көршімнен екі шекті домбыраны тартуды үйрендім. Өзім де ШҚО, Тарбағатай ауданы, Үржа елді мекеніндегі орта мектепке алғаш барғаннан домбыра үйірмесіне қатыстым» (Секен Тұрысбектің сұхбатынан)

8-сыныпты бітірген соң Секен Семейдегі М.Төлебаев атындағы училищеге оқуға түседі. Ары қарай білімін Қазақ Ұлттық консерваториясында жалғастырады. Ұстазы Мәлгаждар Әубәкіров болады. Секеннің «Мәлгаджар» атты күйі аяулы ұстазына арналған.

Еңбек жолы

Секен консерваторияны бітіргеннен кейін «Сазген» ансамблі кұрамында еңбек етеді. 2001 ж. Еуразия университеті жанындағы «Қоңыр қаз» ансамблінің көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. 

«Көңіл толқыны» қалай туды?

Бұл күй Алматыға Секеннің алғаш келген 1985-87 жылы дүниеге келген шығарма. Қос құлыны Анар мен Жанар бірінен кейін бірі дүниеден өтеді. Сол күндері жер бетіне сыймай, жабығып, күйзеліп жүргенінде осы күйді шығарған.

«Ақ жауын» оркестрі қашан құрылды?

1994 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Секен Тұрысбековке оркестр құру туралы ойын айтады. Сөйтіп, құрылады. Алайда, алғашында біраз қиындықтар болады. 1997 жылы алғашқы концертін береді. Оркестрді халықтың үміті мен қайғысы,өткені мен келешегі туралы ой қозғаған «Ақ жауын» күйімен атаған.

Отбасы

Ұлы Азамат заң саласын таңдаған. Қызы Аят Ұлттық музыка академиясының теория және композиторлық кафедрасында білім алып жатыр. Екеуі де отбасылы.

Жетістіктері

Секен Тұрысбеков алғашқы күйі «Көңіл толқынын» 24 жасында шығарады. 28 жасында Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығын иеленеді. Ол кезде бұл сыйлық Халық әртісін алудан да қиын болған. Ал 31 жасымда Республикаға еңбегі сіңген әртіс атанады. Ел ішінде бұл атақ маған ерте берілді деген әңгіме тарады. «Көңіл толқынынан» кейін «Ақ жауын», «Ару ана», «Өкініш» атты күйлерім дүниеге келеді. Кейін Халық әртісіне ұсынған кезде, «атақтарыңа да, даңқтарыңа да рақмет» деп өзі бас тартады.

Бүгінге дейін Секен «Көңіл толқыны» (1985 ж), «Өкініш» (1986 ж), «Боздақ» (1986 ж), «Ақ жауын» (1986 ж), «Аруана» (1987 ж), «Дарабоз» (1987 ж), «Балауса» (1988 ж), «Мәлгаждар» (1996 ж), «Күлтегін» (2001 ж), «Ақжүніс» (2005 ж), «Жазғы қар» (2006 ж), «Көкбөрі» (2009 ж) атты 12 күй шығарған. «Көңіл толқынынан» бұрын 1983 жылдары бірнеше ән жазған. «Аққу сазы» деген әнін Мақпал Жүнісова «Азия дауысында» орындаған.

Пікір қосу