Актриса Әсел Сәдуақасова Асқар Ұзабаевтың «Келін де адам» комедиясында ене рөлін сомдайды. Ол НТК арнасының «Ревю» бағдарламасына берген сұхбатында бұл фильмдегі қиындықтар мен түсірілім барысы туралы айтып берді.
– “Келін де адам” фильмі білуімізше, прокатқа дайын тұр. Сіз кімнің рөлін сомдайсыз?
– Фильмнің атауы өзгеруі мүмкін. Ол ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты баяндайды. Бұл екі адамның арасындағы проблема үнемі болған, болып жатыр, бола да береді. Туындының басында ене мен келін шай ішіп отырады. Кенет екеуінің жаны алмасады. Яғни мен бастан-аяқ ененің рөлін сомдайтын боламын. Ал Данагүл келіннің рөлін сомдайды.
– Әсел, жап-жас қызсың ғой. Ененің рөлінде болған қандай екен?
– Бұл рөл маған қиынға соқты. Мен шамамен бір ай бойы алдын ала дайындалдым. Фильмде қазақ тілінде айтатын сөздерім өте көп. Кейбіреуінде акцент болып, дубляж жасадық. Ана тілімді енді үйреніп жатырмын. Өкінішке орай, мен бала күнімнен оны үйренген жоқпын. Осы картинада қазақ тілінің қаншалықты маңызды екенін түсіндім.
– Әрдайым командаңызға елге танылған актерлер мен кәсіби режиссерлерді таңдайсыз. Гонорарлары атақтарына сай болуы керек қой. Жалпы продюсер ретінде сізге қымбатқа түсіп жатқан жоқ па?
– Асқар Ұзабаев екеуіміз дәл осы жерде теңқұқылы продюсерлерміз. Яғни Асқар фильмнің сценарийін де жазды, режиссері де, продюсері де болды. Барлық шығынды екіге бөліп өтедік. Жалғыз продюсер болғаннан, осылай жасаған әлдеқайда тиімді екен. Біріншіден, моральдық тұрғыдан жеңіл болады. Екіншіден, қажетті заттардың барлығы арзан көрініп тұрады. Коммерциялық кино сапалы, ұнамды әрі арзан болуы тиіс.
– Комедия түсіру керек. Себебі, біздің көрермен комедиядан онша жатырқай бермейді. Яғни бұл үйреншікті жанр кассаны да көбірек жинайтын болып тұр. “Келін де адам” фильмі несімен ерекшеленбек?
– Бұл – нағыз комедия. Арасында көзге жас алуға мәжбүрлейтін көріністер де бар. Бұған ақпан айында көз жеткізетін боласыздар. Мұнымен қатар, комедия түсірген кезде продюсер көп шығындалмайды. Бұл жерде бастысы – сценарий мен режиссерден қателеспеу.
– Ақпан айында “Обитель зла”, “Росомаха” сынды кинолар прокатқа шығады. Мұндай бәсекелестіктен қорықпайсыз ба? Нарықты алдын ала зерттедіңіз бе?
– Біздің фильммен қатар “Зверобой” мультфильмі шығады. Мен осы туындыдан аздап сақтанатын едім. Десе де, қазір халқымыз Голлувудтан гөрі, отандық туындыларды жоғары бағалайды.
– Әр рөл белгілі бір өзгерісті талап етеді. Бұл жерде қандай құрбандыққа бардыңыз?
– Бұл түсірілімдер қиынға соқты. Себебі, күн суық кезде жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Оны 21 күн бойы түсірдік. Осы уақыт ішінде тек бір күн демалдық.