Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсан күні Атырау облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында дүниеге келді. Ол ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің I және II шақырылымдарының депутаты (1996-2004).
Балалық шағы
Фариза кішкене кезінен анасының Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с) туралы әңгімесін естіп өскен. Жоғары сыныпқа келгенге дейін Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с) біздің ауылдың адамы немесе менің ағаларымның біреуі деп ойлап жүрген. Ол қиындықтарды көрген сайын анасын жылатпайтын амал іздеген. Мектепте оқып жүргенінен-ақ «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқыған. Кітапқа, жалпы әдебиет пен жырға жақын болуы осы кезден басталған.
5-сыныпта 5-6 ұл-қыз боп, мектептен үйге қайтып келе жатамыз. Арамызда Хайролла деген ұрыншақ бала болды. Ләззат деген сыныптас қызға тиісіп келе жатқан. Бірдеңе түртті ме, қайдам, содан Ләззат оны сөмкесімен бір пергенде, Хайролла жерге тыраң ете қалды. Сол кезде менің аузыма қайдан түскенін білмеймін, мына шумақтар түсті:
Жылтың-жылтың бала,
Хайролланы қара.
Ләззатқа жеңіліп,
Құлап қалды жаңа.
Қасымдағылар «өлеңді өзің шығардың ба?» деп сұрады. Мен қалай шыққанын білмеймін. Содан үйге келсем, қасымда оқитын балалардың мамасы менің анама келіп, «сенің кішкентайың өлең шығарады екен ғой» деп айтыпты. «Несі бар өлең шығарса? Ертең үлкен ақын болуы мүмкін» деген ғой анам мақтанып. Сол күні «мен ақын боламын» деген арманмен ұйықтадым.
ФАРИЗА ЕСІМІ КІМНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ҚОЙЫЛДЫ?
Әкесі балық шаруашылығында басшы қызметкер болғандықтан, үйлері Каспий теңізінің жағалауындағы Манаш ауылына көшіп келеді. Сол ауылда Нәсимолла деген татар молда бар екен. Әкесі Фариза дүниеге келгенде, сол молданы шақырады. Өзі мінетін бозжорға деп аталатын атын беріп, Фаризаның ныспысын қоюды өтінеді. Содан азан шақырып, оның аты Фариза деп қойылады. Білуімізше, ФАРИЗА – «БІРЕГЕЙ» деген мағынаны білдіреді.
Еңбек жолы
Фариза 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдайды. Сол жылы мектепте мұғалім, кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің әдеби қызметкері болып қызметке орналасады. 1968-1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, ал 1970-1978 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы болады. 1978-2000 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторлына тағайындалса, 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Мұқағали мен Фариза…
Мұқағали поэзиясының менің өміріме ерекше әсер берген кездері жоқ. Жалпы қазаққа және ақындарға Мұқағали поэзиясы қандай құнды болса, мен де сол деңгейде бағалаймын. Ал қайтыс боларының алдында ауруханада жатып «Фаризаға» деген өлеңін жазып, маған поштамен жіберген еді. Мен сол хатты алған күні Жазушылар одағының жұмсауымен халықаралық жиынға қатысу үшін Баку қаласына ұшып кеттім. Мен сол жақта жүргенде Мұқағали ақын дүние салыпты… (Өз естелігінен)
Кітаптары
Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы – «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. Одан кейінгі «Маңғыстау маржандары» (1969), «Мазасыз шақ» (1972), «Асау толқын» (1973), «Мен сенің жүрегіңдемін» (1975), «Шілде» (1978), «Сенің махаббатың» (1979), «Сұхбат» (1983), «Дауа» (1985) т.б. өлең кітаптарымен қатар түрлі тақырыптағы поэмалары да жарық көрді. Атап айтсақ, күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың өнерлі қыздары Майра, Сара жайында «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры», сондай-ақ, «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары», «Жантолының монологы», «Мүшәйра», «Мен өмірді сен деуші ем», «Интервью», «Қырдағы айқас», т.б. поэмалары жарияланды. Фариза Оңғарсынова – әйел тақырыбын шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі. Оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғ.Жұбановаға, күйші Д.Нұрпейісоваға, «Бибігүл-ән» жыры әнші Б.Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р.Бағлановаға, «Жыр анасы» М.Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері қос батыр Әлия мен Мәншүкке арналған. Сондай-ақ, «Қыз махаббаты», «Қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары», «Әйел тілегі», «Әйелдің монологы», «Қызыл тымақты қыз», «Қыз-ғұмыр» атты жырлары ақынды әйел адамының жиынтық бейнесін сомдаушы қаламгер ретінде танытты.
Отбасы
Фаризаның әкесі Оңғарсын – қазіргі Атырау облысында алғаш балық шаруашылығын ұйымдастырған, оқыған, елге қадірлі болған адам. Анасы Халима арабша хат танитын, он баланы дүниеге әкелген, өле-өлгенше бес уақыт намазы мен оразасын қаза жібермеген, ауыз әдебиетін жақсы білген. Балаларының біразы жастай қайтыс болған, ең кішісі — Фариза. Әкесі Фаризаның кішкене кезінде жүрегі ауырып қайтыс болған. Анасы бертінірек, 70-жылдары дүниеден өткен.
Айвар атты ұлы мен Анара есімді келіні бар. Екеуінен тараған Анита , Алан, Әнел атты немерелері бар. Бұлардан басқа жастай қайтыс болған жалғыз ағасының ұл-қыздары да Фаризаның қолында өскен.
«Менің жақсы көрген адамым кездейсоқ мотоциклден құлап өліп қалды. Сонда есім ауыспағанымен соған жақын сезімде болдым. Оншақты күн есімнен танып жүрдім. Мен біреуді жақсы көрсем, соны өмір бойы жақсы көріп өтемін. Тіпті, маған жамандық жасаса да өзімді жаман етіп, оны ақтап алуға тырысатынмын».
Жетістіктері
Фариза Оңғарсынова Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ, республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Ол қазақ елінің тұлғалы азаматы, көрнекті қоғам қайраткері.