Туған жылы, жері, білімі
Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым. Қазақстан ҒА академигі (1952), техникалық ғылымдардың докторы (1969), үш мәрте Социалистік Еңбек Ері (1972,1976,1982). 1936 жылы Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтын бітірген.
Бала Димаштан – Елағасы Димекеңе дейін
Елу жыл ел ағасы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев тәрізді ірі тұлға жөнінде айтылар сөз де, естелік те әрқашан жетіп-артылады. Ұлы тұлға болмысының қалтарыс-бұлтарысын тереңдей зерттеп, әрдайым жаңа дүниелер жазуға да мүмкіндік мол. Алайда біз бұл арада табан астынан бірдеңе ойлап тауып, тың жаңалық ашуды, сондай-ақ әлденені дәлелдеп немесе керісінше, жоққа шығаруды мақсат тұтпаймыз. Себебі бұл өмірде талас тудырмайтын жайттар бар. Мысалы, Дінмұхамед Ахметұлының кеңестік, онда да Коммунистік партия кезеңімен байланысты өткен өміріне кім қалай қараса да, ол – шын мәнісінде еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналдырып кеткен жан. Яғни Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанның өнеркәсіптік және шикізаттық базасын, құрылыс инфраструктурасын, ғылым-білімін, мәдениетін өркендетуге сіңірген еңбегі ұланғайыр. Сонымен қатар оның баға жетпес кісілік келбеті мен адами зор қасиеттері де уақыт өткен сайын мейлінше тұлғалана түсуде. Ол туралы том-том кітап жазып, бүкіл ел-жұрт жабылып, күні-түні шежіре шертсе де сағынышты сырдың түгесілмесі анық. Сондықтан бұл жердегі әңгіме де Димаш Ахметұлы бейнесінің жекелеген сипаты, әлдебір қырлары жөнінде ғана болмақ. Мәселен…
Отбасы
Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған. Анасы, Зәуре Баирқызы (1888 жылы Шелек (бұрынғы атауы Чилик) Чилик ауданында (қазіргі Алматы облысы) туған) үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан.
Димаш Ахметұлы, өзі айтпақшы, тұп-тура 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан жұбайы Зуһра Шәріпқызына деген махаббатын өмір бойы жанына жалау ғып өткен, өле-өлгенше сыйласқан. Кішіпейіл де жайдары Зуһра Шәріпқызы «ұлықтың әйелімін» деп кергуді білмеген. Көпшілдігімен, қонақжайлығымен ағайын-туыс пен дос-жаранның көңілін таба білген. Қайын атасы Меңдіахметтің дәрет алар суына дейін жылытып беретін әдетінен бірде-бір рет жаңылмаған ол ибалы мінезімен ата-енесіне, еліне жаққан сыйлы келін болған. Сондай-ақ Зуһра Шәріпқызы қолынан өнер тамған ісмерлігімен, еңбекқорлығымен де дараланған.
Өз перзентінің болмағанына қарамастан, Димекең бала көрсе еркелеткісі келіп тұратын өте бауырмал адам болыпты. Содан да інісінің балаларын әкелік мейіріммен бауырына басқан, олардың және басқа да іні-қарындастарының оқып білім алуына, дұрыс тәрбиеленуіне себепші болып отырған.
Мамандығы
Өзінің айтуынша, Димаш Ахметұлы оң-солын танығаннан бастап-ақ тау-кен инженері болуды арман еткен. Оның бірінші себебі – тау-кен ісімен шұғылдану ол кезде біздің ұлт үшін өте сирек жағдай болса, екіншіден, бұған Димекеңнің тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевты бала кезінен ерекше құрмет тұтуы себепкер болған. 1906 жылы Санкт-Петербургтегі жол құрылысы инженерлерін даярлайтын институтты үздік бітіріп, Түрксіб теміржолын салуға қатысқан, энциклопедиялық білімге ие Мұхамеджан ағасының туған халқының мерейін өсірген игі істері үшін көкірегін мақтаныш сезімі кернеген Димекең «Осы кісідей болсам» деп армандайтын. Ақыры сол арманның жетегімен инженерлік кәсіпті таңдаған. М.Тынышбаевтың өмір жолы Димаш ағаның мамандық таңдауына ғана ықпал етіп қоймаған, абзал азаматқа деген ынтызарлық келе-келе оның отбасы мүшелерімен, әсіресе ұлы Ескендірмен етене араласып, өмірлік дос болуына себепші болған.
Еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту комбинаты мен Лениногор қорғасын-мырыш комбинаты сынды еліміздегі ең алып өндіріс орындарында қызмет істеген Димаш Ахметұлы бірте-бірте Ғылым академиясының президенттігіне жоғарылаған. Одан кейінгі өмірінің бәрі де партия-кеңес органдарында, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде қызметте өтеді. 10 жылдай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде төрағаның орынбасары, төраға, 27 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болады. Сол Димекең зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін өзіне жаңа визитка жасатса керек. Сөйтіп, оған аты-жөнінен басқа, «тау-кен инженері» деген жалғыз ауыз сөз жазғызған. Оны көрген жақындары: «Мұныңыз қалай? Докторлық дәрежеңіз бен академиктік атағыңызды неге қосқызбадыңыз?» – деп таңғала сұрайды. Сонда Димаш Ахметұлы: «Оның бәрі – өтпелі де кетпелі, ал «тау-кен инженері» деген – өмірлік нәрсе», – деп жауап берген көрінеді.
Мінезі
Димаш Ахметұлы туралы естелік айтқандардың қай-қайсысы да ол кісінің өте кеңпейіл, сабырлы да салмақты, парасатты адам болғанын баса айтады. Мейлі қызмет бабында, мейлі күнделікті өмірде болсын, ашу шақырып, дауыс көтеру, біреуге жекіру әдетінде болмаған. Үлкен-кішімен бірдей ашық-жарқын кейіпте сөйлесіп, елмен еркін араласқан. Үкімет қызметінде жүрген кезінің өзінде жұмысқа ешбір оққағарсыз, көліксіз, аяңдай басып жаяу барғанды ұнатқан. Кісі баласын жамандап, сыртынан сөз айту, ғайбаттау дегенді білмеген. Сол сияқты жақсылығын білмеген, байыбына бармай өзін күстәналаған адамдардың өзіне де кешіріммен қараған, біреумен өштесу, кек сақтау Димекеңе жат болған. Басынан кешкен түрлі жайттарды меңзей отырып, «Сталиннен Горбачевке дейін» атты мемуарында өзі бұл жайлы «Осы кезге дейінгі ұзақ өмірімде көптеген жайттар кездесті, оның жақсысы да, жаманы да бар. Бірақ бұл – менің өмірім. Басқалар сияқты менің басымда да «қаралы» күндер болды, бірақ мен олардың бірде-бірін жадымнан сызып тастаған жоқпын. Сондай-ақ ештеңеге өкінбеймін және ешкімге өкпелемеймін де» деп сыр ақтарғаны аян. Жаратушы кең бітім, жомарт мінезбен даралаған кісілігі зор адам ғана осылай айта алса керек.
Димекеңнің көпке белгілі бір қыры – ол қолы қалт еткенде аңға шыққанды жаны сүйген. Сол себепті де қару-жарақ коллекциясын жасағанды ұнатқан. Серік Әбдірайымұлының естелігіне сүйенсек, Димаш ағаның мергендігіне талас болмаған және аңшылықты да өзінің жөн-жобасын, заңдылығын сақтай отырып жасаған. Мұның сыртында тарихи романдарға, танымдық әдебиеттерге ден қойған, халық әндерін, күйлерін тыңдағанды ұнатқан. Спорт түрлерінен боксқа, күреске құмартқан, Қажымұқанды аузынан тастамай айтып отырған. Дүниеден өтер-өткенше күнде таңертең жарты сағат дене шынықтырумен айналысқан. Таңертеңгі астан кейін күнделікті газет-журналдарды қарап, хат-хабарды ыждаһатпен оқып отырған.
Еңбегі
Елу жыл ел тағдырына араласып, жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Дінмұхамед Ахметұлы өте парасатты, көреген саясаткер ретінде танылды. Көп нәрсені орталықтың кесіп-пішіп отырғанына қарамастан, ұлт мүддесіне қатысты мәселеде ешкімге есесін жібермеуге күш салды. Тың жерлерді игеру, Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ аудандарын қайтару, Шардара өңіріне атом электр стансысын салғызбау, Ерейментау топырағынан неміс автономиясын ашуға жол бермеу тәрізді маңызы зор мәселелерде білікті саясат ұстанып, асқан табандылық танытты. Бұл ретте Димекең Мәскеудің еліміздің тағдырына қатысты әрбір іс-әрекетін алдын ала сезіп, біліп отырды және оны өз пайдасына шешуге тырысты. Білікті басшылық нәтижесінде сол жылдарда Қазақстан Республикасы Кеңес Одағы көлеміндегі 14-орыннан алдыңғы үштіктің қатарына шықты. Одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көпсалалы өнеркәсіп аймағына айналды. Сөйтіп, еліміздің өндірістік ауқымы 10 есеге өсті. Олжас Сүлейменовше айтсақ, дамудың мұндай қарқыны басқа бірде-бір республикада болған жоқ.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өмірінің тарихи тізбесі:
- 1912 – 12 қаңтарда қазіргі Алматы қаласында (ол кезде Верный) дүниеге келген.
- 1930 – Алматыдағы №14 орта мектепті бітіреді.
- 1931-1936 – Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтында оқиды.
- 1936 – институтты бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алып, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне жұмысқа жіберіледі.
- 1937-1939 – Қоңырат кенішінде бұрғылау цехының бастығы болады.
- 1939 – «Алтайполиметалл» комбинатының Риддер кеніші басқармасына директор болып тағайындалады.
- 1939 – жары Зуһра Шәріпқызымен некелеседі.
- 1939 – КОКП мүшелігіне қабылданады.
- 1942-1952 – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
- 1949 – «Қоңырат мыс кенішін қазу» атты ғылыми еңбегі жарыққа шығады.
- 1952 – Қазақ Ғылым Академиясының академигі және Президенті болып сайланады.
- 1955-1960 – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып қызмет атқарады.
- 1960-1962 – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарады.
- 1962-1964 – Өзбекстанға мақталы аудандарды қосуға қарсы болғаны үшін билік тізгін И.Юсуповқа беріп, қайтадан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалады.
- 1964 – Хрущевтің орнына Брежнев келген соң Қонаев қайтадан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып тағайындалады.
- 1966-1970 – Социалистік Еңбек Ері атағы, Ленин ордені, «Орақ пен Балға» алтын белгісі тапсырылады. Алматыда көзі тірісінде ескерткіш-бюст орнатылды.
- 1978 – «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары» еңбектері жарыққа шығады.
- 1982 – үшінші рет Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
- 1986 – 16 желтоқсан күні Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбинды тағайындады. Бұған наразы болған қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасы орын алды.
- 1987 – 26 маусымдағы пленумда Қонаев «Қазақстан Компартиясы ОК-нің І хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтаумен КОКП ОК-нің мүшелігінен босатылады.
- 1992 – Алматыда Халықаралық Қонаев қоры құрылады.
- 1992 – «О моем времени» атты кітабы жарыққа шығады. Осы жылы кітап қазақшаға аударылып, «Өтті дәурен осылай» деген атпен жарияланады.
- 1993 – 22 тамызда Дінмұхамед Ахметұлы Алакөл ауданының Ақши ауылында жүрегінен екінші рет инфаркт алып дүниеден озды.
- 1994 – Алматы қаласында Д.А.Қонаевтың мұражай-үйі ашылып, ұлы тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты тарихи мұраларын сақтауға байланысты бағдарламалы жұмыстар қолға алынды.
Өкінішке қарай, Желтоқсан көтерілісінен басталып, 90-жылдарға дейін жалғасқан орынсыз қаралаулар мен байбаламдар Дінмұхамед Ахметұлының елін көркейтуге бағытталған ұзақ жылғы еңбегін әп-сәтте желге ұшқандай етті. Бірақ ол кісі табиғатына тән сабырмен, кең мінезбен бәріне көнді, бәрін көтерді. Еңбегін бұлдап, ешкімге кінә артқан жоқ. Қызметтес інісі Кеңес Аухадиевше айтсақ, «Көзі жұмылғанша «Қалың орманда тек биік қарағайдың басын ғана жел шайқайды, халқыма өкпем жоқ» деуден танбай кетті». Яғни өз арының ақтығына сенімі кәміл болған ұлы тұлға әділеттің түбі салтанат құрарын білді. Содан соңғы демі таусылғанша елмен емен-жарқын араласып өтті. Естелік кітаптар жазды, кездесулерге барды. Ең ақырында Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу мақсатымен Сарқантқа сапар шекті. Сөйтіп, соңғы демі өзі идеал тұтқан бірегей тұлға туған топырақта үзілді.
Білуімізше, Дінмұхамед Ахметұлы екі нәрсені армандапты. Оның бірі – Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын, ал екіншісі – XXI ғасырды көру екен. Өкінішке қарай, тағдыр оны маңдайына жазбады. Дәтке қуат етеріміз, екеуін де Димекеңнің өзі ерекше қадір тұтқан ел-жұрты, халқы көрді. Ал елі барда Димаш ағаның қасиетті есімі де мәңгі жасайтыны анық.