Туған жері, жылы, білімі

Әнші Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова 11 қаңтар, 1964 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Теректі ауылында дүниеге келді. Ол —  Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Балалық шағы

Оқушы Мақпал 3-сыныптан бастап Қарағанды қаласында, 5-сыныптан бастап Алматы қаласында білімін жалғастырған. Анасы 13 құрсақ көтерген. Соның ішінде қазір 8-і тірі. Үйінде 6 қыз, 2 ұл болған. Кішкене кезінен «қасқыр қыз» атанған. Мектепте өте пысық болған. Кішкене кезінен концерттерге шақырту алған ол 6-жасында үйінде «Халық әртісі Мақпал Жүнісованы қарсы алыңдар» деп жиі хабарлап ойын ойнайтын болған. Оның өнерге деген қызығушылығы балалық шағынан басталған.

Отбасы

Әкесі Мұхаммедияр — қарапайым шопыр болған кісі. Өнерге ерекше құрметпен қараған. Ауылдастарының бәрі әкесін «дядя Миша» деп атаған. Ал анасы Үміт қатал, тәртіпті талап ететін жан болған. Жолдасы Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы 12 қарашада дүниеден озды. Қазір қызы Мереймен тұрады.

Маған Зәкең отбасын құруға ұсыныс жасағанда, мен не жауап берерімді білмедім. Арадағы 20 жас бар. Оның сыртында ол кезде менде сүйіспеншілік сезімі де болған жоқ. Сөйтіп, бас тартсам, артыма түсіп, залалы тиіп кете ме деген оймен, анамның рұқсатын сұрауды тапсырдым. Келіскен күні анам дайындалып отырды. Зәкең келгенде мен сіңіліммен бірге ас үйде тығылып отырдым. Бір кезде қарасам, үш минут та өткен жоқ, Зәкең сыртқа қарай шығып бара жатыр. Көңіл-күйі көтеріңкі. Апама шықсам, бет-жүзі аппақ, қозғалмай отыр. «Ойбай, апа не болды?» деп ем, анам: «Мен совхоздың әкімінен қорқушы едім, мынауың тіптен одан өткен ғой. Кіре сала «Вообщем, мен қызыңызға ғашықпын. Берсеңіз де алам, бермесеңіз де алам деді», — деп шошынып отыр екен. Содан анам не дерін білмей «Ала бер, ала бер!» депті.

Еңбек жолы

Мақпал 1988 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдени-ағарту факультетін бітірген  ұйымдастырушы-әдіскер. Кейін “Гүлдер” ансамблінің құрамында халық әндерін орындаушы болды. Ол 1981 жылдан бері — «Қазақконцерт» Қазақ мемлекеттік концерттік бірлестігінің солист-вокалисіне тағайындалған.

 Марапаттары

Көптеген халықаралық конкурстардың гран-при иегері болған Мақпал Жүнісова 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 31 жасында Қазақстанның халық әртісі атанды. 1981 жылы Днепропетровск қаласында өткен бүкілодақтық конкурста гран-при иеленіп КСРО-ның ең үздік әйел әншілерінің үздік ондығы кіріп, үлкен танымалдылыққа ие болды. Мақпал Жүнісова сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Мақпал 2004 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды, 2007 жылы «Астана» медальінің иегері, т.б. марапаттарды иеленді.

Пікір қосу