– Нұрлан екеуіңіздің дуэттеріңіз қалай құрылған еді?
– Біз Ақтауда танысқанбыз. Ол кезде Ұлықпан, Нұрлан Ақтауда жұмыс істейтін. Ал мен концерттерде олардың көмекшісі болып аппараттарын, аспаптарын тасып, қастарында жүретінмін. Бір күні ән айтып отырғанымды көрген Нұрлан: «Сен ән айтады екенсің ғой. Бірге ән айтсақ қалай қарайсың?» – деп ұсыныс жасады. Міне, содан бастап бірге ән айтып жүрдік. 1998 жылы Республика сарайында өткен «Тамашаның» жиырма жылдығында алғаш рет «Лейла, қалқам-айды» айтып, үлкен сахнада өнер көрсеттік.
– Өнер академиясынан оқудан шығып қалғаныңыз осы кез емес пе?
– (Күлді). Иә, осы кезде ғой. «Тамашада» ән айтып шыққанымды Нұрқанат аға «Тамашада» ойнады» деп естіпті. «Сен оқу бітірмей-ақ актер болып кетіпсің ғой. Ендеше, саған оқудың керегі жоқ. Оқудан шығасың!» – деп қатты ашуланды. Тіпті оқудан шығарып жіберді. Бірақ кейін қайтадан қабылдады ғой.
– Алдағы уақытта актер ретінде өзіңізді сынап көру ойыңызда бар ма? Әлде тым кеш пе?
– Есіңде болсын, қарындасым, қандай істі бастасаң да ешқашан кеш емес. Егер үш-төрт ай жақсылап дайындалсам, актерлік өнерімді қайта қолға алуға болады.
– Мұрат, жақында әлеуметтік желіге бір суретіңізді салып, елді шулаттыңыз. Екінші рет отбасын құрғаныңыз рас па?
– Иә, екінші рет отбасын құрғаным рас. 27 желтоқсанда беташар жасадық. Үйлену тойын қаңтар айында жасайтын болып келіскен едік. Алайда анамның науқастанып қалғанына байланысты кейінге қалдырдық.
– Кейбіреулер екінші рет үйленгенін жасырады ғой. Ал сіз суретіңізді жариялаудан еш қымсынбадыңыз…
– Не үшін жасыруым керек?! Ол – ашынам не көңілдесім емес, заңды әйелім. Бірақ инстаграмға бұдан гөрі дұрыстау суретімді салуым керек еді.
– Суретті салған бойда жұрттар неше түрлі пікір жазып жатты. Мұның барлығы сізге қалай әсер етті?
– Кімнің аузына қақпақ боласың, қарындасым?! Біреулер «бақытты болыңыз» деп тілектерін білдірсе, енді біреулер «Ұялмайсың ба? Бір емес, үш бірдей қыздың әкесісің. Мұның не?» деп жек көріп, ұрсып жатты. Мұндай сөздер қыздарымның шамына тиіп кетті-ау деймін, «Папа, мұныңыз не?» деп олар да артынан реніштерін білдірді. Негізі, қыздарым менің екінші рет отбасын құрғанымды жақсы біледі. Ал өзгелердің жеке өмірім туралы сөз қозғағаны дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі бұл – менің жеке өмірім.
– Құпия болмаса, жарыңызбен ажырасуыңызға не себеп болды?
– Бір-екі жылдан бері қарым-қатынасымыз дұрыс болмады. Отбасында ұрыс-керіс көбейіп кетті. Арамызға түскен адамдар да болды. Осының барлығы әсер етті.
– Егер қарсы болмасаңыз, қазіргі келіншегіңізбен толығырақ таныстырып өтіңізші.
– Жарым Әйгерім – Маңғыстаудың қызы, 1992 жылғы. Өзімнен 11 жас кіші.
– Оны көптен бері танитын ба едіңіз?
– Біз 2014 жылдың көктемінде Алматыда таныстық. Достарыммен бірге бір танысымыздың үйіне қонаққа барған едік. Әйгерімді сол жерден көрдім. Ақылына көркі сай, қарапайым, ақылды, саналы, ойлы қыз екен.
– Екінші рет отбасын құрғаныңызды қыздарыңыз қалай қабылдады?
– Олар әлі бала ғой, ештеңе түсінбейді. Бірақ үлкен қызым қиналып жүр.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№4 (190) ақпан 2015  жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу