–«Жемісті ағаш жер бауырлап өседі, жетелі жігіт ел бауырлап өседі» демекші, Тәуекел мырза еліне қаншалықты еңбек етіп жүр екен?
– Еліме аса бір пайда келтірдім, қызмет еттім деп айта алмаймын. Себебі өнерге қадам басқаныма да көп бола қойған жоқ, екі жыл шамасында. Еңбектің бәрі алда деп ойлаймын.
– Туған өлкеңіз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…
– Туған жерім – Алматы қаласы. Анам – Жезқазғанның қызы. Әкем – оңтүстік өңірден. Жалпы, отбасым туралы айтар болсам, ата-анам кішкентай кезімде ажырасып кеткен. Анамның қолында өстім, есімі – Галина. Галина дегенге орыс деп ойлап қалмаңыздар. Есімінің неге орысша екенін анамнан қызықтап сұрағанымда «Атаң іссапарға барғанда ғашық болған қыздарының бірінің есімін қойған», – дейтін. Әлде қалжыңдап айтады ма екен?.. Үйде екеуміз, алдымда әпкем бар. Әпкем Бақыт – тұрмыста, Астана қаласында тұрады.
– Қазіргі уақытта өмірлік жарыңызды жолықтырдыңыз ба?
– Бойдақпын. Жеке өміріме келсем, шыны керек, өнер уақытты көп талап етеді екен. Бір ғана емес, бірнеше саланы қатар алып жүру көп дайындықты қажет етеді. Сондықтан жеке өміріме тіптен уақытым жоқ.
– Анаңыз қашан әже атанып, немере сүйеді?
– Ол кісі әзірше мені асықтырып отырған жоқ. «Аяққа тұрып ал, тұрақты кәсібің болсын» дейді. Үйлену мәселесін екі жылдан кейінге жоспарлаудамын.
– Қандай мамандықтың иесісіз?
– Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың түлегімін. Негізгі мамандығым – инженер-механик. 2010 жылы оқуымды аяқтаған соң өз мамандығым бо­йынша екі жылдай жұмыс істедім. Жұмысыммен қатар модельдікпен де айналысып жүрдім. Оны жасырудың қажеті жоқ шығар, барлығы да содан бастайды. Әртүрлі жарнамалар болды. Бейнебаяндарға түсуге шақыра бастады. Эпизодтық рөлдерге шақырылдым. Негізі, барлығы хобби ретінде басталған еді. Қазір киноларда басты рөлдерді ойнауға да қол жеткіздім. Бірақ болашақта жеке кәсібімді ашсам, актерлігім де, әншілігім де хобби ретінде қалады.
– Актерлік шеберлігіңізді шыңдаймын деген мақсат бар ма?
– Актер мамандығы бойынша оқимын деген жоспар бар. Жаңа оқу жылы басталған кезде әншілікке барамыз ба, болмаса актерлікке түсеміз бе, оны алдағы уақытта көреміз. Қазір Мұрат Әбзелбаев деген ағамыздан сахна тілінен сабақ алып жүрмін. Ал актерлік қабілет бәрібір де шыңдалуы керек. Сондықтан актерлікті міндетті түрде оқимын.
– Тегіңіз де, есіміңіз де көп кездеспейді. Есіміңізді кім қойған?
– Тәуекел деп атымды әкем қойған. Бала күнімде Тәуекел ханға ұқсатып қойған шығар деп ойлайтынмын. Өйткені әкемнің екінші ұлының аты – Абылайхан. Университетте оқып жүргенімде жазғы демалысқа Шымкентке бардым. Сол жақта бір отырыста әкемнің достары есімімнің қойылу тарихына қатысты бір оқиғаны айтып берді. Сөйтсем, Тәуекел ханға еш қатысы жоқ екен.
– Вокалдан кімдерден сабақ алып жүрсіз?
– Жасұлан Жанұзақовтан сабақ алып жүрмін. Өте дарынды жігіт, өзі де мықты әнші. Мәскеуде Жанар Дұғаловамен бірге курстас болған. Жеті-сегіз айдың шамасы болды, нәтижесі жаман емес. Көбі «Актерлікті енді бастап жатып, әншілікке қалай бет бұрып кетті? Бір саланы жетілдіріп алмай ма алдымен?» деп таңғалатын шығар. Продюсерім Жанна Әбуова мені тауып алып, ұсыныс жасады. Мұндай көмек берем деген адамның қолын қалай қағасың? Бәріне беріле бермейтін мүмкіндік болғандықтан, қабыл алмасқа болмады.
– Әндеріңіздің сөзін кімдер жазды?
– Сөзін Асқар Дүйсенбі ағамыз жазды. Ол кісімен әлі таныс емеспін. Жанна ханым тікелей жұмыс істейді. Ән таңдау, сөзіне мән беру мәселелерінің бәрін Жанна ханым өзі шешеді. Әндерді өңдеу үшін Украинаға жіберді.
– Халық қалай қабылдап жатыр?
– Даусымды жағымды деп жатады. Әлі де көп жұмыс істеу керек. Мен өзімді қалыптасқан әншімін деп айта алмаймын. Кемшіліктерімді білемін, соны түзетуге тырысамын. Және бір түсінгенім, әншілік оңай кәсіп емес екен. Кезінде көп әншілерімізді «фонограммамен айтады» деп менсінбейтінмін. Қазір өзім өнер қазанына түсіп, солармен бірге қайнағаннан кейін көп нәрсені көріп-біліп жүрмін. Әр әншіні сыйлайтын болдым.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№1 (187) қаңтар 2015 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Қырлан САЛҚЫНБАЙ

Пікір қосу