Үш айдың ішінде маған 12 көлік сыйға тартыпты
– Сәлеметсіз бе, Сайлаубек! Сіздің тегін концерт берудегі мақсатыңыз не? «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Атыңызды шығару ма?
Айнаш, ОҚО
– Жоқ. Атақ-даңқ, өзіме пиар жасауға еш қызыққан емеспін. Маған халықтың батасы қымбат. Егер берген атаққа лайық болмасаң, оны алып неғыласың? Дүние сені бақытқа жеткізбейді. Иә, атақты немесе ауқатты болуың мүмкін. Бірақ оның бәрі уақытша. Арғы өмірге барғанда бәрінің өз сұрауы бар.
– Өзіңіз туралы мақтау сөздерді естігенде «осыған лайықпын ба?» деген ойлар келе ме? Мәселен, тегін концерт бергеніңіз үшін сізді жұрт мақтап жатады…
– Өз-өзімді мақтай алмаймын. Әйтеуір жігітке тән қасиетім бар. Дұрыс деп білген нәрсені жасаймын. Негізі мақтау – Аллаға ғана тән. Сондықтан тегін концерт бергенім үшін мадақтаудың қажеті жоқ. Бұл жерде мен тек себепкермін.
– Көзілдірігіңізді неліктен шешпейсіз? Бұл имиджіңіз бе, әлде Қайрат Нұртасқа еліктеушілік пе?
Мөлдір, Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы
– Көзілдірікті Қайрат Нұртасқа еліктегеннен тағып жүргенім жоқ. Бұл көз жанарына арналған. Бір көзім көрмейді, екіншісі – төрт жарым минус. Көзіме жарық түссе, ауырады. Сондықтан да қара көзілдірік киюге мәжбүрмін. Алла тағаланың маған берген сынағы шығар. Мен үш қыздың арасындағы жалғыз кенже ұлмын. Әкем ұлды болуды қатты қалаған екен. Алладан «бір көзі соқыр болып туса да, ұл берші» деп сұрапты. Әкемнің дұғасы қабыл болып, бір көзім соқыр болып туылдым. Бірақ сіздер көре алмайтын дүниені осы тас көзім көреді. Ол өзіме тән қасиет. Ешкімге жария түрде айта алмаймын.
– Көзілдірігіңіз қымбат тұрады екен, алтынмен жалатылған дейді. Сол рас па?
– Иә, жан-жағы алтынмен қапталған көзілдірігім болған. Ары-бері концерттерде жүргенде ұрлатып алдым. Оны бір кісі сыйға тартқан болатын. Тек бұл ғана емес, кейбіреуі қолындағы сағатына дейін шешіп беріп жатады. Көлік сыйлағандар да болды. Санап отырсам, үш айдың ішінде маған 12 көлік сыйға тартыпты. Бірақ оларды алғым келмейді. Өз еңбегіммен таппаған нәрсені қалай аламын? Мүмкін, ол біреудің көз жасымен келген көлік шығар?! Сондықтан ондай дүние керек емес. Бергенін дым көрмегендей ала берсең, не абыройың қалады? Мен елден пайда көру үшін емес, халқыма қызмет етіп жүрген жігітпін. Бірақ тойға шыққанда ақша аламын. Өйткені қасымда еңбек етіп жүрген азаматтар бар.
– Дизайнер Жадо екеуіңіздің суреттеріңізді ғаламтордан көп кездестіремін. Сіздерді не байланыстырады?
Лаура, Өмірзақ ауылы, Маңғыстау облысы
– Біз өмірде де, өнерде де доспыз. Әпке-іні ретінде араласамыз. Өзімнің келіншегім, бала-шағам бар. Үлкен ұлым екінші сыныпта, қызым біріншіде оқиды. Үшіншісі әлі кішкентай.
– Қанша дегенмен осы заманның Ақан серісі боласыздар. Әлі де ғашық боласыз ба?
– Әрине, кейде әдемі қыздарды ұнатып қалам. Бірақ барынша өз-өзімді ұстаймын. Сезімге ерік беруге болар еді, бірақ ондай арсыз қылықтан қорқамын. Өйткені біз пендеміз, жындардың сөзіне ілесіп кетпеуіміз керек.
– Кәрі қыздар санын азайтуға қалай қарайсыз?
– Алла қаласа, алдағы уақытта әлі төрт әйел аламын. Текке жүргенше оданда бала туып, қазақты көбейтсін!
– Айлап бейнебаян түсіру, гастрольдік сапарларға шығып, тегін концерт беру көп қаражатты қажет етеді. Ақшаны қайдан аласыз? Тойдан түсетін табысыңыз көп пе?
Мирас, Семей
– Мініп жүрген джип көлігімді сатып, соны жұмсадым. Тойдан көп табыс табамын деп те айта алмаймын. Ол ақшаға ән жазамыз, бейнебаян түсіреміз. Ғаламторда «Серікбол неге киімін ауыстырмайды?» дегендей әңгімелер жүр. Ай сайын жаңа киім киюге құмар емеспін. Ең бастысы үстімдегі киімім жыртық емес, таза. Киім алып кигенше сол ақшаны елге жұмсағаным дұрыс емес пе? Жұлдыз болып 3-4 мың долларға костюм тіктіргенше, балалар үйіндегілерге бергенім артық. Бірде бір әншіміз үстіндегі жейдесіне қол жуытпайды. Сөйтсем «бұл 250 мыңның киімі» дейді. Сонда «қойшы, мынау 250 мыңның киімі ме? Мен үстімдегіні үш мың теңгеге ғана алдым» деп әдейі айтам. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) базарға барғанда саудаласқанды жақсы көрген екен. Сол себептен ақшаны бұлай ысырап жасауға болмайды.
– Бандит ағаларыңыз бар деп жатады. Осы қаншалықты шын? Сізге сол кісілер демеушілік көрсете ме?
Дәурен, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы
– Менің «крышам» – Аллам, басқа ешкім емес. Бәрі бір Алланың қалауымен болып жатыр. «Бандит» деген сөз орыстардан шыққан. Інішек, олай айтуға болмайды. Бандиттер түрмеде отыр. Біз адам ұрмаймыз, зорламаймыз, ешкімнің ала жібін аттамаймыз, еңбекақысын жемейміз. Тек бар болғаны – мен ер мінезді жігітпін.
– Сырт-келбетіңізге қарасам, қатал, төбелеске бейім адам секілді көрінесіз. Расымен қызуқандысыз ба?
– Жүрген жерімде шын сөйлеймін. Қазіргі кезде ақиқат айтсаң, бәрі сені бандит деп ойлайды. Адамдар ішіңде дым жоқ, бірақ бетің жылтыр болғаның үшін жақсы көріп жатады.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№3 (213) ақпан 2016 жылғы санында)
Жазып алған Анар ДӘУКЕН