Ринат

– Отбасыңыз, әке-шешеңіз, бауырларыңыз жөнінде айтып берсеңіз…
– Отбасым туралы бұл шындықты ешуақытта айтпап ем. Мен 13 жасымнан әкесіз өскен ұлмын. 7-сыныпта оқып жүргенімде әке-шешем ажырасып кетті. Маған бұл өте ауыр тиді. Бірақ әке-шешеңді сен таңдамайсың. Сондықтан ата-анамды кінәлап, олардан безіне алмаймын. Мүмкін, екеуінің маңдайына жазылған тағдыр осы шығар?! Бәріне түсіністікпен қараймын. Әкем Рифхат Зайытұлының қазір басқа отбасы бар. Аягөзде бір мектептің директоры, оған дейін қатардағы мұғалім болып жүрді. Құжат жүзінде ажырасқандарымен, бәрібір ол – менің әкем, араласып тұрамыз. Ал 1983 жылдың 14 қарашасында сол кездегі Семей облысы Аягөз қаласында мені жарық дүниеге әкелген анама бұл өмірде ешкім тең келмейді. Төрт перзентін қыстың ызғарында, жаздың аптабында базар жағалап, сауда істеп, ешкімнен кем етпей өсірді. Тіпті мені «Ринат Зайытов» еткен де сол кісінің адал еңбегі мен қажыр-қайраты, тілегі шығар деп ойлаймын.
– Сіз кімге тартқансыз?
– Түр жағынан анама тартқанмын. Ал мінез жағынан кімге тартқанымды білмеймін. Негізі, үйдегі төртеуміздің мінезіміз төрт түрлі. Әйтеуір, титтейімнен намысшыл болып өстім. Егер ата-анам ажыраспағанда, мүмкін, мен Семейге келіп, айтысқа араласпас па едім?! Бүгінгідей Ринат болмас па едім?! Барлық нәрсенің бір себебі болады. Жас күнімде балалығымнан қалған ашынудың әсері ме, бұзық боп өстім. Тағы бір мінезім – қанша қиналып тұрсам да, білдірмеймін. Адам баласына зарымды айтып, мұң шағып көрмеппін.

– Жарыңыз Зүлфиямен қашан таныстыңыз?
– 2001 жылы таныстық, 2004 жылы үйлендік. Екеуміз қыз-жігіт боп дұрыстап жүрмеппіз де. Бір-бірімізді де бірден ұната қойған жоқпыз. Айналып келгенде, тағдыр ғой. Зүлфия – досымның қызының (қазіргі әйелі) құрбысы-тын. Ол қызын шақырса, Зүлфия бірге шығады. Мен мына жақтан еріп барам. Сонымен екі қыз, екі жігіт боп әңгімелесеміз. Келе-келе бойымда оған деген сенім пайда болды. Иә, иә, махаббаттан бұрын сенім пайда болды. Өз басым бәрінен махаббатты бірінші қоятын адам емеспін. Өйткені оның оянуы да, өшуі де – бір-ақ сәт. Біздің отбасымызда сенім мен түсіністік басым. Зүлфия – қарапайым отбасынан шыққан қыз. Екі жоғары оқу орнын бітірген, экономика саласының маманы.

ринат

– Ринат, айтыстың түйіні – ақиқат қой. Өз бойыңыздағы шындығыңыз қаншалықты деңгейде?
– Өмірде тек шындықпен ғана өмір сүру мүмкін емес. Бүгінгі шындығың ертеңге жарамайды. Қазіргі адамдардың көбі ақиқатқа сенбейді, керісінше, өтірік айтсаң, құлақ түріп, тыңдай қалады. Мен өзі аса адам тани білмеймін. Талай рет аузым күйген. Әйтеуір, мойнымдағы жауапкершілік жүгінің ауыр екенін білем және соған қарай тірлік жасаймын. Көп жерде сөйлемей қала салам. Жасандылықты суқаным сүймейді, сол пәлемен өте қаспын. Шынайы адамдарды жақсы көрем, олармен әңгімем жарасады. Соған қарағанда өзімнің де бойымда шындықтың ұшқыны бар сияқты…
– Айтыстағы басты ұстанымыңыз қандай? Үнемі шамданып отырасыз…
– Иә, бәрі «ұшып кететіндей қомданып, шамданып отырасың» деседі. Ол өзіме білінбейді. Табиғатым солай. Басты мақсатым – қарсыласымды жеңу. Әңгіме жүлде алу-алмауда емес, ел алдында шынымен жеңіске жетсем, мен үшін бас­ты жүлде сол. Кейде жеңіп тұрсаң да, ұпайың төмен болып, жеңілетін кездер болады. Мен ондайда да бәрібір іштей мақсатымның орындалғанын сезіп, қуанып тұрам. Айтыста мен – тырнақшаның ішіндегі кекшілмін. Бір ақыннан жеңілгенімді іштей сезсем, жатсам-тұрсам соны қалайда бір жеңуді ойлап жүрем.
– Айтыста қарсыластарыңыз «ұйғырсың» деп тиісуші еді. Таза қазақсыз ба?
– Әкемнің анасы – ұйғыр. Қазір Қытайда тұрады, қайбір жылы барып көріп келгенмін. Негізі, менің басқа ұлтқа деген аса махаббатым жоқ, керісінше, жек көрем. Соның ішінде ұйғыр, шешен, орысты…
– Нағашы әжеңіздің көңіліне тимей ме? Бойыңызда оның да қаны бар емес пе?
– Неге тиеді? Қандай қан? Мен қазақпын, бітті!
– Жүрегі нәзік ақынсыз, кейде оңаша отырып егілетін кезіңіз бола ма?
– Болады. Ондайда жападан-жалғыз бір жаққа кетіп қалғым келеді.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

 №16, 2010 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Пікір қосу