• Ұшқын, сізбен сұхбаттаспағалы да біраз болып қалыпты. Қазір немен айналысып жүрсіз? Сұхбатқа әрең дегенде уақыт тапқаныңызға қарағанда жұмысыңыз аса қауырт сияқты. Солай ма?
  • Сөзіңіздің жаны бар,көптен бері сұхбат бермеппін Шығармашылығыма қызығып жатқандарыңызға көп рахмет. Аллаға шүкір, жұмыс қарқынды болмаса да, өз ретімен жүріп жатыр. «Алашұлы» тобынан кеткелі он шақты әнім жарыққа шықты. Оның бірнешеуіне бейнебаян түсіріп үлгердім. Әндерімнің үш-төртеуі ел ішіне жақсы тарады. Бұл мен үшін, әрине, үлкен жетістік.
  • Əншілер топтан кетіп, жеке шығармашылыққа ойысқан кезде еркіндікке қол жеткізгендіктерін айтып жатады. Әрине, топ болып жұмыс істегендіктен ойыңдағы дүниенің бәрі орындала бермейді. Ал сіздің тынысыңыз ашылды ма? Шығармашылық еркіндікке қол жеткізе алдыңыз ба?
  • Топтық жұмыстың да, жеке солист болып жұмыс істегеннің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Мәселен, мен «Алашұлы» тобында жүргенімде ән жазумен айналысып жүрсем, продюсеріміз, топтағы жігіттер бейнебаян өңдеу, стиль, қаражат тағы басқа шаруалармен айналысатын. Топта жұмыс істеудің артықшылығының бірі осыда деп айтуға болады. Ал, қазір бәріне өзім жауап беремін. Міне, дайындықта жүремін, сіз маған тікелей қоңырау шалып жатырсыз, одан сізге сұхбатқа келемін. Кейде тіпті «ойбу, бүгін түсірілім бар еді ғой» деп ұмытып кететін кездерім болады. Ал, еркіндікке келсек, менің жан-дүнием қазақи синтездік бағытқа, лирикаға жақын. Сол жағынан еркіндікке қол жеткізген шығармын.Похожее изображение
  • Иә, сөзіңіз аузыңызда. «Алашұлы» тобында жүргеніңізде патриоттық бағыттағы әндерді ғана орындайтынсыз. Қазір, жаныңызға жақын лирикалық жанрға бет бұрдыңыз. Бұл патриоттық әндерден шаршадым деген сөз бе?
  • Бұл «патриоттық» деген сөздің мағынасын түсінуге де байланысты. Мен лирикалық ән орындасам да, оның түпкі ойы, мән-мағынасы қазақилық пен патриоттық сезімнен алыстамайды. Меніңше, екеуін ұштастыра білу қажет. Иә,қоржынымда махаббат туралы әндер де бар. Себебі, мен романтикпін. Ғажайыпқа сенемін, әуен арқылы адамдардың жүрегін тебіренткім келеді. Әндеріме өзіндік әуезімді қосуға тырысамын. Құдайға шүкір, сол әнімнің әуезінен халық «бұл ән Ұшқын Жамалбектікі ғой» деп бірден танып жатады. Ал,жалпы айтқанда мен патриоттық әндерді орындаудан ешқашан шаршамаймын.
  • Бала кезіңізден үлгі тұтатын Мейрамбек Бесбаевпен бірге дуэт орындадыңыз. Бұл дуэт қалай пайда болды?
  • Бала кезімде ауылға «Музарт» тобы келіп, концерттік кеш өткізгенде, сол кісілермен бір сахнада тұру арман болды. Мейрамбек ағаға еліктеп, домбыра тартып үйрендім. Кейін ержеткен соң , Қазақстанға оқуға келуге шешім қабылдадым. Әрине, үйдің жалғыз баласы болғандықтан атам, отбасым «ауылда қалсаңшы» деп алаңдады. Ойымнан бас тартпайтындығымды көрген соң, ол кісілер де келісті. Кетерімде «көресіздер, Музартпен бір сахнада ән айтамын» деген едім. Шынында да, сол арманды жүзеге асырып, бір сахнада ән шырқадық. Қолымда мүмкіндік болған соң пайдаланып қалуды жөн көріп, Мейрамбек ағаға «дуэт орындайық» деп ұсыныс тастадым. Ол кісі ойланып көретінін айтты. Содан бір күні Мейрамбек аға хабарласып «30 жылдық мерекелік кешімді ұйымдастырмақшымын. Бауырларыммен дуэт орындаймын. Соның ішінде сен де барсың» деді. Әрине, бұған мен қуандым. Кейін ол әнді өзім өңдеп, Мейрамбек аға екеуміз орындап шықтық.
  • Ол кісімен бірге жұмыс істеу ұнады ма?
  • Иә, ұнады. Бізден жақсы дуэт шықты деп ойлаймын. Ең бастысы халықтың ықыласына бөлендік. Халыққа ұнағаны біз үшін бақыт қой.Картинки по запросу ұшқын жамалбек
  • Басқа кімдермен дуэт болып ән орындағыңыз келер еді?
  • Қазір Мәдина Садуақасовамен жаңа дуэт жазудамыз. Бұйырса, наурызда Моңғолиядағы қандастарымызға барып, үш күн концерттік кеш ұйымдастырмақ ойымыз бар. Ал, басқа әншілермен дуэт орындау − ол уақыттың еншісінде. Жақсы ән болып жатса, орындап қалармыз.
  • Сізді қазақилық пен замануи стильді ұштастыра білетін, ұлттық мүддеге мән беретін өнерпаз ретінде танимыз. Қазір өнер жолында жастар арасында К-поп бағытындағы топтар құрылуда. Сіздің осы бағыттағы жастарға көзқарасыңыз қандай?
  • Мен негізі біреуге баға бергенді ұнатпаймын. Сондықтан бұл сөзімді тек пікір ретінде ғана айта аламын. К-поп болсын, қазақилық болсын оның бәрі баяғыдан қалыптасқан стиль ғой. Ешкімді, ешнәрсені бөліп жармаймын. Музыкант ретінде пікірімді айтсам, мәселен, «91» тобының әндері маған ұнайды. Әуендерін тыңдағанда «қалай кәсіби түрде жасаған, кім өңдеген екен?!» деп қызығамын. Ал, ол кісілердің образына байланысты көзқарасымды сұрасаңыз, бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың. Әр адамның өзінің таңдау еркі бар. Қазір заман сондай. Ал оларға «неге өйттің» деп айтуға менің де, сіздің де хақымыз жоқ. Егерде ол ақиқатқа, біздің дінімізге, пәлсапамызға, салт-дәстүрімізге қайшы болса, Жаратқанның өзі оның жазасын береді. Ал, менің өзімнің ойым олар салтымызды, ұлттық мүддемізді ұмытпаса екен деймін.Картинки по запросу ұшқын жамалбек мейрамбек беспаев
  • Фильмдерге саундтрек ретінде де ән жазасыз. Киноның табиғатын жіті танып білу, түсіну оңай дүние емес. Сіз саундтректі қалай жазасыз?
  • Саундтрек жазбас бұрын, фильмнің сценарийін бастан – аяқ оқып шығам десем өтірік болып қалар. Оның бүге-шігесіне дейін әр сахнасын оқып отыруға уақытым жетпейді. Біз міндетті түрде сол фильмнің режиссер, сценарисімен кездесеміз. Ол кісілер маған фильмнің нақты идеясын, не жайлы екенін қарабайыр сөзбен түсіндіріп береді. Олардың идеясын түсінгеннен кейін, мен де өзімнің ұсыныстарымды көрсетіп, айта бастаймын. Осылайша жұмыс істейміз.
  • Өзіңіз үшін қай фильмнің саундтрегі сəтті болды деп ойлайсыз?
  • 2017 жылы Азамат Сатыбалдының «Бір сен үшін» фильміне жазған әнім сәтті шықты деп ойлаймын. Сонымен қатар, 2015 жылы шыққан «Қара шаңырақ», «Әулет» сериалдарына жазған саундтректерім де көңілімнен шықты.
  • Ал, өзіңіздің киноға түсу ойыңыз жоқ па?
  • Әрине,бар. Өйткені мен Өнер академиясының актерлық мамандығын бітіргенмін. Бір-екі фильмдерге шақырту да болған. Алайда көңілімнен шықпаған соң, бас тарттым. Ал былай өзім кастингке әлі барған емеспін. Бірақ, болашақта киноға түсу ойым бар.
  • Димаш Құдайбергеновтың дауыс ырғағына лайық əн жазып бермек едіңіз. Бұл ой жүзеге асты ма?
  • Иә, Димашқа бір-екі ән жазып бердім. Бірақ, оны қашан айтатынын нақты білмеймін. Тіл көзден сақтасын, қазір ол жігіттің бүгіні мен ертеңі жаңалыққа толы. Мүмкін шығармашылығында өзгерістер болып жатқан шығар. Одан «қашан айтасың?», «қашан жазасың?» деп сұраған да ыңғайсыз ғой. Алайда өзі ниеттеніп, «айтамын» деп алған болатын.
  • Осыдан 5 жыл бұрын берген сұхбатыңызда «Қытай Халық Республикасындағы ата-анамды, 100 отбасыны атамекенге көшіріп әкелу − арманым»,− деп едіңіз. Осы арманыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?
  • Шыны керек, әлі ата-анамды елімізге көшіріп алып келе алмадым. Қазір өздеріңіз білетіндей, ортада саяси мәселелер де туындап тұр. Сондықтан ата-анамды алып келудің өзі қиынға соғуда. Бірақ, қазір қыс болғанымен, ертең жадырап жаз шығады. Сол сияқты бұл саяси мәселелер де шешіліп, бір мүмкіндік туар. Сол кезде әке-шешемді көшіріп алып келіп, басқа көшіп келетін қандастарымызға көмек керек болса, жағдайым жетсе, көмегімді аямаймын.
  • Қазір ҚХР Шыңжаң аумағында, яғни қазақ этнос өкілдері мекендеген жерде көптеген проблемелар туындауда. Ол жерде туыстарыңыз да бар шығар. Бұл мәселе туралы не айта аласыз?
  • Енді ол саяси мәселе ғой. Оны шешуге, араласуға қауқарым жетпейді. Ол жақтағы қандастарымыздың жағдайын естіп жатырмыз. Таңғалатын жерінде таңғалып, ашынатын жерінде ашынып қойып жүрміз.
  • Қытайдағы ауылыңызға барып, қазақ қандастарға концерттік кешіңізді ұйымдастырып па едіңіз?
  • Өкінішке орай, әлі кеш өткізе алмадым. Қазіргі жағдай да мүлдем қиындап кетті. Себебі, қазақтардың басын біріктірсек, оның өзінен үлкен мәселе туындап кетуі мүмкін. Бірақ, болашақта кеш өткізу жоспарда бар. Ол жақтағы бауырларымыз мені жақсы көреді. Әндерімді тыңдап, шығармашылығыма қызығушылықтарын білдіріп тұрады. Оны есітігенде өзім риза болып қаламын.
  • Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

     (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

                 

 

 

 

 

Пікір қосу