Астанада пәтердің биыл бағасы қанша?

Астанада пәтердің биыл бағасы қанша?

315 қаралды
0

Пәтерді қай кезде алған дұрыс? Бағасы қай уақытта шарықтайды? Жылжымайтын мүлік нарығындағы бүгінгі жағдай? Бұл жайлы informburo.kz сайты ақпарат берді.

Әңгімені Астанада пәтерлердің былтырғы мен биылғы бағасын салыстырудан бастасақ. Өткен аптада арнайы ұйымдастырылған көрмеге жиналған риэлторлардан сұраған едік.

Элит класс санатындағы пәтерлер

2017 жылдың мамыр айында мұндай үйлердегі пәтердің шаршы метрі орташа есеппен алғанда 440 мың теңге болған. Бір қызығы 2018 жылдың мамырында сол баға өзгермей сақталған. Бірақ аралықта бағаның күрт өскен кездері болыпты.

Бағаның ең шарықтаған кезі – 2017 жылдың қыркүйегінің соңғы аптасы болған екен. Онда шаршы метрдің орташа бағасы 504 мың теңгеге дейін көтерілген. Бірер айдан кейін түсіпті.

Биыл наурыз айында қайтадан күрт өсіп, шаршы метрінің орташа бағасы 476 мың теңгеге жеткен.

Бизнес класс үйлеріне келер болсақ

Бұл сегменттегі баға былтырмен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттапты. Мысалы, 2017 жылдың бірінші мамырында шаршы метрдің орташа бағасы 312 500 теңге болса, биылғы мамырда – 340 мың теңге.

Комфорт класс санатындағы үйлердің орташа бағасы бір қалыпта тұр

2017 жылы мамырда шаршы метрінің орташа құны 280 мыңға бағаланса, биыл да сол шамада. 2017 жылы 17 қазанда 260 мыңға дейін арзандаған.

Ал эконом класс ше?

Мұндай пәтерлердің өткен жылмен салыстырғанда арзандағанын байқауға болады. 2017-нің мамыр айында олардың шаршы метріне орта есеппен 246 мың теңге сұраса, биыл сұраныс 231 500 теңгеге түскен.

«Қайта өскені, негізі бұл сегменттегі баға жылдың басында қатты құлдыраған болатын» дейді риэлторар. Жалпы эконом кластағы пәтерлердің орташа бағасының күрт төмендеуі биыл қаңтардың соңында байқалған екен. Ол кезде шаршы метрінің орташа бағасы 200 мыңға дейін арзандаған.

«Сатушылар шалқая алмайды»

Мамандардың айтуынша, халықты баспанамен қамтамасыз ететін Мемлекеттік бағдарлама саны көбейсе де, сату мен сатып алу көрсеткішіне айтарлықтай әсері болмаған.

– Егер ескі қаладағы үйлерге келер болсақ, шаршы метрі 245 мың теңге тұрады. Есіл ауданында «Жағалау» элит класстағы үйлерден бастап шаршы метр бағасы 270 мыңнан 400 мыңға жетеді, – дейді жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Валерия Цыганкова.

Дегенмен, мемлекеттік бағдарламалар көбейген сайын пәтерін сатушылар бағаны түсірмей шалқаю дегенді қойған.

– Тіпті пәтер аздап арзандады деуге болады. Мысалы, 2017 жылдың үшінші тоқсанын алып қарайтын болсақ, ескі үйлердің шаршы метрі 265 мың теңге болған екен. Қазір 245 мың теңге.

Сатып алушылардың көбі «7-20-25» бағдарламасын күтіп жүр

– Сол себепті олар дәл қазір тартыншақтап отыр. Өйткені, сауда сәл саябырсыды, – дейді Валерия Цыганкова. – Астана бойынша, ауданы 60-70 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Ондайлар жалпы сатылымның 30,22 пайызын құрайды.

Пәтер қашан қымбаттайды?

Алдын ала болжам әрі жылдағы әдет бойынша, қыркүйек айына қарай 10-15 пайызға міндетті түрде қымбаттайтын көрінеді.

– Өйткені, жұрт осы кезде баласы баратын мектеп жанынан үй іздей бастайды. Сатушылар да сол кезді пайдаланып қалғысы келетін болар, сараңданып қалады, – дейді Валерия Цыганкова.

Сондықтан…

– Пәтер алу ойыңызда болса, қаңтар мен наурыз айлары аралығына жоспарлаған дұрыс. Осы кезде пәтер бағасы түседі, – дейді сарапшы.

 

Пікір қосу

error: Көшіруге болмайды!!