• ­Дариға ханым, өзіңізді «Ақсарай» театрының актрисасы ретінде танитын едік. Кино әлеміне қалай келдіңіз?
  • Менің кино әлеміне келуіме Баян Мақсатқызы себепкер болды. Біздің театр актерлері өз-өзімізді дамыту мақсатында 2013 жылы Германияға барған едік. Германиядан оралғаннан кейін Баян Мақсатқызы хабарласып, өзінің түсіргелі жатқан жаңа фильміне шақырды. Мен оның алдында Баянның «Ғашық жүрек» атты телехикаясында кішігірім рөлде ойнаған едім. Осы жолы бұл кісінің кезекті «Абайлаңыз, сиыр!» атты фильміне түстім. Арада біраз уақыт өтпей-ақ Баян мені тағы бір телехикаясына шақырды. Бұл – «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Тракторшының махаббаты» атты туынды. Осы телехикаяның арқасында жұрт мені жақсы тани бастады. Осылайша киноактриса ретіндегі ғұмырнамам басталып кетті
  • Неге үнемі сізді шайпау мінезді әйелдің рөлінде көреміз? Өзіңізді басқа амплуада байқап көргіңіз келмей ме?
  • Мен «мынандай рөлді ойнағым келеді» деп армандамаймын. Маған қандай образ бұйырса, сол образымды жетесіне жеткізіп орындаймын. Қазір маған «барлық фильмде бірдейсіз» деген сындар айтыла қойған жоқ. Өйткені менің кино әлеміне келгеніме көп бола қойған жоқ, бар-жоғы сегіз фильмге түстім. «Мен тарихи рөлге түскім келеді» немесе «Мен пәленшенің ғашығы болғым келеді» деп ешқашан айтқан емеспін, айтпаймын да. Режиссердің ұсынған рөлінде ойнай беремін.
  • Әріптесіңіз Жұлдызай Дүйсенбиева: «Мені режиссерлер үнемі шайпау мінезі бар ауылдың әйелінің рөліне шақырады. Мені басқа образда көргісі келмейді. Комедиядан бөлек, драмалық фильмдерде де ойнай алар едім ғой» деген болатын. Сіз де өз кейіпкерлеріңізден шаршаған, қажыған жоқсыз ба?
  • Мен әлі осы кісідей өз рөлдерімнен шаршаған жоқпын. Образ жасау оңай емес. Мен өз рөлдерімнен ләззат аламын. Бізге сценарий алдын ала жіберілген кезде образым бойынша дайындаламын. Кейіпкерімді жан-жағымда жүрген адамдардан іздеймін. Қоғамдық орындарға барып, адамдардың қимылдарын бақылап жүремін. Мәселен, мен «Бизнес по-казахский» комедиясындағы Мақпал тәтені «Алтын орда» базарынан таптым. «Алтын ордада» дәретханада ақша алып отыратын апайларға қарап образ шығардым. Неге осы тазалықшы, еден жуушы әйелдердің көңілі ештеңеге толмай жүреді, үнемі ашуға берілгіш? Олар бұл жерде жетіскеннен жүрген жоқ. Қайта-қайта біреудің кір-қоңын тазалау оңай емес қой. «Алтын ордада» дәретхана кассасындағы әйелді көргенімде «Құдай-ау мынау мен іздеп жүрген Мақпал ғой» деп таңғалдым. Мен мейрамхана, супермаркет секілді жерлерге барғым келмейді. Осындай қайнаған тіршілігі бар базарларға барғанды ұнатамын. Бұл жерлерден қаншама образды көремін десеңізші.
  • «Шіркін-ай, осы Дариға өмірде қандай әйел екен?» дейді бір көрерменіңіз…
  • Сахнадан тыс өте байыптымын. Өмірде өзіме қойған белгілі бір принциптерім бар. Үйім жиналмай, сыртқа шықпаймын. Үйде де өзіме қатал қараймын. Осы мінезім фильмде көрінеді-ау шамасы. Жұмсақ емеспін. Бірақ, ерекше сезімталмын. Біреу келіп маған проблемасын айтса, түнімен ұйықтай алмаймын. Сол адамға көмектескім келеді де тұрады. Керек кезінде жұмсақ та бола аламын, қатал да бола аламын. Оның үстіне кешірімдімін.
  • Фильмдегі жолдасыңыз Сағиды ойнаған Жалғас Толғанбай туралы не айта алар едіңіз?
  • «Жалғас менің күйеуімнің рөлін ойнайды» деген хабарды естігенде шошып кеттім. Ол кісіні мен ағам деп сыйлап жүретін едім. Сценарийді алып «Қандай түсірілімдер бар екен, артық сахналар жоқ па екен?» деп бәрін бірнеше рет оқып шықтым. Бастапқы күндері бір-бірімізден ыңғайсызданып, ұялып жүрдік. Бірде қызықты жағдай болды. Сағи мен Қарлығаш екеулерінің үйленгендеріне 20 жыл толған күні Сағидің гүл алып келетіні бар. Жалғас аға сол сахнаға қатты дайындалды. Қарындасым, қарындасым деп жүрген менімен сезімге толы махаббат сахнасын жасау керек. Сол кезде Жалғас ағаның жүзіне қарап күле беріппін. Ол кісіге режиссер актерлік импровизация жасауын сұраған екен. Алайда Жалғас аға жасай алмады. Одан бөлек менің Сағиды қолынан ұстайтын сахналар бар, сол сәтте қатты ыңғайсыздандым…

«Қызықты оқиға» дегеннен шығады, мен бір күлсем, тоқтай алмайтын әдетім бар. Түсірілімде күлкімді жия алмай қалған сәттерім де көп болды. Сол кезде режиссер ашуланып «Болды, сахнаны Дариғасыз түсіреміз» деп мені қуып жіберетін. Менде де «түсірілім болып жатыр-ау» деген ой жоқ, күліп отыра беретінмін (күлді).

  • Осыған дейін қай әріптесіңіз өзіңізге қиындау келді? Мысалы, Жан мырзамен ойнау ұнады ма?
  • Ешқандай әртіспен бірге жұмыс істеу қиын болған жоқ. Жан мырза өте тәжірибелі әртіс қой. Ол кісі мықты актер, мінезі де жақсы.
  • Өзіңіз қандай актермен бірге ойнап көргіңіз келеді?
  • Мен осы отбасылық жағдайларға байланысты эмоционалды бір рөлде Олжас Абаймен ойнағым келеді. Ол жігіттің потенциалы мықты. Олжасты жастар әнші ретінде қабылдайды. Мен оны актер ретінде сыйлаймын. Әлі оның уақыты келмей жатыр. Оған жақсы рөл бұйырса, фильмді жандырып жіберер еді.

    Актер Олжас Абаймен
  • Қазір бір фильмнен кейін ізін суытпай екінші фильмге түсіп жүрсіз. Театрдағы қызметіңіз не болды?
  • Мен «Ақсарай» театрында қызмет еткен едім. Қазір ол театр жабылып қалды. Жетекшіміз Болат Атабаев шетелде жүр. Бүгінгі күні театрымыздың актерлері жан-жақта, әрқайсысы өз нәпақаларын тауып жүр. Ал менің басқа бір театрға барып, қызмет ететін ойым жоқ. Өзім еркіндікті жақсы көретін адаммын. Біреуге кіріптар болып жүре алмаймын. Алайда, кім біледі, мүмкін театрға бір күні оралып қалармын…
  • Өзіңіз мамандық бойынша әншісіз. Әншілік жолды бастағыңыз келмей ме?
  • Шыны керек, тауыққа ұқсап киініп алып ән айтқым келмейді. Сахнаға шыққаннан кейін бір мәні бар, жақсы композициясы бар жақсы ән айтқым келеді. Әншілігім үшін ақша тауып, дүние қуған адам емеспін. Өзім Мейрамбек Беспаевпен, Жұбаныш Жексенұлымен бірге дуэт айтқым келеді. Бұл енді болашақтың еншісінде.
  • Білуімше, жолдасыңыз да өнер адамы екен. Ол кісімен қалай таныстыңыз?
  • Екеуміз бір группада оқыдық. Оқуды бітіргеннен кейін барып махаббатымыз ашылды. Екеуміздің қосылуымызға менің анам себепкер болды.
  • Қалай сонда?
  • Анам ауылдан мені көріп кетуге келген еді. Досым ретінде таныстырған оны көріп: «Сен осы жігітке тұрмысқа шығарсың-ау, осыдан басқа ешкім саған көнбейді», – деді. Анамның сол сөзінен кейін, екеуміздің арамызда сезім пайда болды. Қазір жолдасым М.Әуезов театрында жұмыс істейді.
  • Қазір отасқандарыңызға қанша уақыт болды?
  • Айтпай-ақ қояйын, көз тиеді, біраз жыл болып қалды.
  • Ата-анаңыз туған жеріңіз Мойынқұмда тұра ма?
  • Анам қазір ауылда Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында тұрады. Ол кісіге қиындау тиіп жүр. Өткен жылы әкемізден айырылып қалдық. Әкем «Мезгілсіз махаббат» телехикаясының түсірілімі кезінде қайтыс болды. Сол күні жүрегім бірдеңені сезді. Гримм бөлмесінде отырған едім. Бір белгісіз нөмір бірнеше рет хабарласты. Сөйтсем, туған әпкем хабарласып жатыр екен. Бірден: «Дариға, әкеміз қайтыс болды», – деп жылап жіберді. Әкемнің қазасы маған ауыр тиді. Түсірілім тоқтатылды. Не істерімді білмей, шарасыз күйде қалдым. Әкеммен түнде ғана сөйлескен болатынмын, маған жылқының етін салып жіберемін деген еді. Жүрегі тоқтап қалыпты. Өзі такси жүргізушісі еді. Ұзақ жолдан кейін, біраз дамылдай тұрайын деп отырған жерінде қайтып кетіпті. Бір қуанатыным, әкем ақ өліммен өлді. Жаман дертке шалдықса, шыдай алмас едім…

Он  күннен кейін түсірілімге қайта келдім. Комедияда ойнау қиынға соқты. Одан кейін бірден  «Бизнес по-казахский» фильмінің түсірілімі басталды. Жолда жылап барам, жылап қайтам. Бірақ бірде-бір түсірілімде  көз жасымды көрсетпедім. Қанша адам жұмылып еңбектеніп жатқанда, менің сора-сора жасым ағып отырғаным дұрыс емес деп ойладым. Анама қазір қиын тиіп жүр. Ол кісіні қалаға көшіріп әкелгім келеді. Оған анам көнбейді, әкемнің шаңырағын тастағысы келмейді.

  • Анаңыз қандай адам?
  • Менің табиғатым анама ұқсайды. Әкем көңілшек адам еді, жарықтық. Анам «Жұмсақ ағаш құртқа жем, жұмсақ адам жұртқа жем» деп айтып отырады. Өзі өте мықты адам. Мен анамнан үлгі алып өстім. Қазіргі бар тілегім – анамның амандығы.
  • Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

                (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу