– Ердос аға, алдымен өзіңіз туралы, еңбек жолыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Мен 1976 жылы 28 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шәлкөде селосы, Қожбанбет ауылында туыппын. Еңбек жолым еңбек сабағынан басталды. Олай айту себебім,  еңбек сабағының оқытушысы, менің алғашқы ұстазым Ғани Бостанов қол-өнерге баулып, ағаштан, темірден сәндік бұйымдарды жасауды үйретті. Сабақтан тыс уақытым шеберхана мен сурет салу үйірмесінде өтетін. Ал алғаш домбыра шертуды үйреткен ұстазым, досым – Бақыт Жағыппарұлы. Мектепте қолөнер мен саятшылық жағынан мен үздік болдым да, жүргізушілік пен айтысөнері жағынан Бақыт және Жұматай сері үздік еді. 1993 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Сәндік өнер» факультетінің «Ағаш және металды көркемдеп өңдеу» мамандығына оқуға түсіп, 1997 жылы тамамдадым. 1997-99 Магистратураны «Бейнелеу өнері», «Кескіндеме» мамандығы бойынша бітірдім. Жалпы айтқанда суретші, ағаш және металды көркемдеп өңдеу шеберімін. Музыкалық аспапты жасаудағы ұстазым – Жолаушы Тұрдұғұлов. Жолаушы ағайыма бірінші курс оқып жүргенімде, қысқы демалыс кезінде өзім сұранып, домбыра жасауды   үйренуге шәкірт болдым. 1993 жылдан бастап, 13 жыл бойы домбыра жасаудан бөлек, Жолаушы ағайымнан өмірлік сабақ алдым. Екеуміз күн демей, түн демей шеберханада жұмыс жасайтынбыз. Сол еңбектің арқасында аспап жасауға деген қызығушылығым артып, шеберлігім шыңдала түсті. Мектептегі ұстазым Ғани ағай мен Жолаушы ағаның шеберханадағы тазалықтары, адамгершіліктері, шеберліктері жағынан көп ұқсастықтары бар. Жалпы ұстаздан жолым болған адаммын.

Жоғарғы оқу орынынан кейінгі еңбек жолым 1999 жылы «Болашақ» арнаулы орта мектебінен басталды. 2001 жылы ҚР өнер қайраткері Дәркембай Шопарұлы, Болатбек Құдайбергеновтың шақыруымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясына жұмысқа қабылдандым. Дәркембай ағамыздың қолдауымен «Ағашты көркемдеп-өңдеу» мамандығын ашылып, он бес жыл шәкірт тәрбиеледім. Ендігі мақсатым өзімнің жеке  шеберханамның жұмысын жүргізу, шығатын аспаптардың деңгейін көтеру.

– Қара домбыраның қоңыр үніне тебіренбейтін қазақ жоқ шығар. Дегенмен оның жасалу жолын көп адам біле бермейді. Осы екі ішекті, тоғыз пернелі аспапты қалай дайындайсыздар?

– Домбыра жасау материал таңдаудан басталады. Қазір қандай ағаштан жасағың келсе де, барлығы қолжетімді. Мен көбіне жергілікті ағаштардан жасаймын, ал қымбат домбыраларды үйеңкі, африканың қарағашы, полисандр, жаңғақ, қызыл ағаштың түрлері, т.б шет елдерде өсетін ағаштардан дайындаймын. Әлемдегі атақты аспаптардың бірі саналатын скрипканың негізгі жасалынатын материалы – үйеңкі. Ал мойын ағашының беткі бөлігі Африканың қарағашынан салынады. Себебі, қарағаш – желінбейді, тозбайді, өте берік. Кейінгі кездері домбыралар қымбат саналатын африканың қарағашынан жасалып жүр. Дегенмен мұндай материалдан дайындалған домбыраға қарапайым адамдардың қолы жете бермейді. Ағашты таңдаған кезінде беріктігіне ғана емес, өң-түсіне, ағаштың табиғи суретіне (текстурасына), әдемілігіне аса мән беремін.

– Одан кейін?

– Ағаш таңдаудан кейінгі кезеңдерді ретімен түсіндіріп өтейін. Ең бірінші дайындалатын – негізгі дыбыс беретін – бет ағашы. Бет ағашы ұзақ жыл кептірілген Тиянь-Шань шыршасы болуы шарт. Оны қалай таңдасаң, домбыраңның дыбысы соған байланысты сөйлейді. Екінші – шанағы. Үшінші – мойны. Маған алғаш домбыра тартуды үйреткен ұстазым, Сейілхан Құсайынов, домбыра тартқан кезде мойын бөлігіне 3 киллограмға дейін салмақ түсетіндігін айтып отыратын. Сол үшін аспаптардың мойындары үш қабат ағаштан жасалынады. Төртінші – домбыраның басы. Бесінші – мойынның беткі бөлігі. Құлағы үнемі түзетілетін болғандықтан, ал мойынның беткі бөлігіне пернелер байланатындықтан, осы бөліктерді қатты ағаштан дайындаймыз. Онан кейін көркемдеу жұмыстарына кірісеміз. Ол үшін алдымен жобасын сызып, күміспен, бағалы тастармен, сүйекпен әспеттейміз. Желімдердің дұрыс қолданылуы, лактеу әдістерінің дұрыс жасалуы, т.б. барлық жасалу технологиясы сақталуы шарт…

– Қарапайым адамдар домбыраны қайдан алғаны дұрыс? Мәселен, базар маңында, жерасты жолдарында көптеп сатылып жатады…

– Халық көбіне көшеде, жерасты өткелдерінде сатылып жататын домбыралардың бағасы арзан дейді де, соны ала салады. Ал оны саудалаушылар жай ғана пайда тапқысы келеді.  Сатушылардың көбі формасы домбыра,  дауысы шықса және үйде тұрса болды деп есептейді. Бірақ кәсіби музыка жолына түсетін бала үшін мұндай арзан, сапасыз домбыралардан үлкен зиян келеді. Себебі, тыңқылдап қалған дыбысқа баланың құлағы үйреніп кетеді де, музыканы тыңдау қабілеті (слухы)  бұзылады. Дұрыс қалыптаса алмайды.

 

Бүкіл аспаптарымның 50-60 пайызы өнер иелеріне жасалған. Солардың ішіндегі 3 домбыраны ерекше атап өтер едім. Біріншісі, Мейрамбек Бесбаевқа арнап қызылағаштан тұтас ойылып, күміспен көмкеріліп, сүйекпен оюланып жасаған домбырам. Бұған Мейрамбек өзі 2005-2006 жылдары  тапсырыс берген, тек 2007 жылы дайндап ұсындым. Ұзақ жасадым. Себебі, ол аспап – құрамалы емес, тұтастай қызылағаштан шабылып, ойылған дәстүрлі домбыра. Мейрамбек бауырым шеберханаға келіп, домбыраны көрсеткен сайын сол аспабыма өзім сүйсінемін. Жалпы Мейрамбекке 5 домбыра жасағанмын, кейінгісін өнердегі інісі Ернар Айдар туылған күніне арнайы жасатты. Менің нөмірімді жұбайынан алған көрінеді. Кезінде Жолаушы аға екеуміз Сүгір атамыздың домбырасының формасын өңдеп дамытқанбыз. Сол формамен қарағаштан тоғыз шанақтан құралып, бұрынғы домбырасына ұқсас етіп жасадым. Бетінде есімі оюланып жазылды. Бірақ ол аң стилінде оюланып кеткендіктен ешкім оқи алмайды. Білетін адам үңіліп қараса, «Мейрамбек Бесбаев» деген жазу шығады.

Одан кейінгі ерекше екі домбыраны – Елбасыға жасадым. Алғашқысын Асылбек Еңсепов арқылы өтініш айтып, екі-үш айда, ою-өрнегі аң стилінде, қымбат африканың қарағашынан дайындатқызып, осы жылдың мамыр айында Тараз қаласында сыйлады. Құны – 10 мың доллардың көлеміндей. Екіншісін ЕХРО-ның ашылуына Елбасыға сыйлаймыз деп Болат Мажағұлов пен Өмірзақ Шүкенов арнайы тапсырыс беріп жасатты. Сөйтіп 1,5 айдың ішінде осы домбыраны да африканың қарағашынан дайындап бердім.

Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының

2017 жыл, №16 (250) санынан қысқартылып алынды)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

Пікір қосу