жақсылық

Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров 6 мамыр 1951 жылы Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Дихан ауылында дүниеге келген. Ол грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері (1971).

Балалық шағы

Жақсылық Үшкемпіров дүние есігін ашқанда көктем уақыты болған. Сол кезде елдің бәрі Талас өзенінің бойында егін егудің қамына кіріскен кез. Кір сабынның да тапшы кезі болса керек. Анасының шағын дүкені бар екен. Сол дүкеннен тым алыстан бір ақсақал сабын алуға арнайы келіпті. Анасы Жақсылыққа толғатып жатса да қарияның бетін қайтаруға ұялып, дүкенге кіреді екен. Тура сол сәтте сабын сатып тұрып, Жақсылықты босаныпты. Әлгі сабын алуға келген ақсақал анасына таңырқай қарап, бұл бір жақсылықтың нышаны, болашақта жақсылықтың жаршысы болсын деп ырымдап есімін «Жақсылық» болсын деп атап кетіпті.

Жақсылық үйдің ортаншысы боп өседі. Алдымда бір әпкесі, өзінен кейін бір қарындасы болды. Бәрі әжесі Бәтиманың қолында тәлім тәрбие алып өскен.

«Ол кезде қала дегенді білмейтінмін. Балалық шағым далада өтті. Жаз басталысымен құрбыларыммен бірге Талас өзенінің жағасында суға шомылатынмын. Суға жүзудің шебері болатынмын. Тіпті, су астына сүңгіп жарысқанда алдыма жан салмайтынмын. Су астында 2-3 минут жата беретінмін. Футболды да қызыға теуіп өстім. Көршілердің балаларының ішінде мен белдеспеген бала да жоқ болатын. Әйтеуір ауыл балаларына тән қандай ойын бар, соның бәрін ойнап өстім. Балалығымнан жоғалтып алған, таба алмай кеткен, не бере алмай кеткен ештеңем жоқ. Мен үшін балалық шағымның тәтті күндері осылай есімде қалды» (Жақсылық Үшкемпіровтің сұхбатынан).

Күреспен қашаннан айналысады?

Күресті күтпеген жерден 1968 жылы Семей қаласының мал дәрігерлік институтына оқуға түскеннен кейін бастаған. Бірақ, Жақсылық Семейге балуан болу үшін емес, мал дәрігері болу үшін барады. Семейге оқуға түскен 1968-1969 жылдары күресті бастайды. Оқып жүріп, институт қабырғасындағы күрес үйірмесіне жазылдым. Еркін күреспен жарты жылдай айналысқаннан кейін өз салмағында Республика чемпионы атанады. Одан кейін классикалық күреспен айналыса бастайды. Онда да 1970 жылдары Республика чемпионы атанады. Міне, нақ осы кезден бастап, оның жүрегінде Олимпиада чемпионы болсам екен деген асқақ арман ұялайды. Әрине, сол уақытта Олимпиада чемпионы атану былай тұрсын, Кеңес үкіметінің құрамасына ілігудің өзі сол мәртебемен бірдей болған Соның барлығын жеңіп, ақыры Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атанады.

Жарымен қалай танысқан?

Жарының есімі — Күлпан. Семей институтының бесінші курсында оқып жүргенінде танысқан. Ол кезде жары бірінші курсқа енді келген студент болады. Күлпан Семей өңірінің Найман руының қызы. Бір жылдан кейін Жақсылық диплом алады. Күлпан бірінші жылын бітіреді. Сосын көп өтпей Жақсылық Күлпанды Семейден Таразға алып қашып кетеді.

Отбасы

Жары Күлпан, балалары Жандос, Елдос, Жеңіс. Тұңғышы Жандос Америкада жеті жыл әскери қызметте істейді. Қазір елге оралып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында қызмет атқарады. Екінші ұлы Елдос мал шаруашылығы қожалығын басқарып отыр. Ал ең кіші ұлы Жеңіс жеке егін шаруашылығымен айналысады.

Марапаттары

Жақсылық Үшкемпіров 1980 жылы ХХІІ Олимпиада ойындарында Мәскеуде жеңіске ие болды. Бірнеше рет Грек-рим күресінен КСРО біріншілігінің жеңімпазы, КСРО халықтарының VI жазғы спартакиадасының жеңімпазы атанады. 1981 жылы әлем чемпионы, 1982 жылы әлем кубыгының күміс жеңімпазы болады. 1974-1984 жылдар Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы болса,  1984 жылы Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогында 33 жастағы Жақсылық Үшкемпіровты үлкен спорттан шығарып салу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылдыған. 1984-1993 жылдар республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің,  1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры боп қызмет етеді. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Пікір қосу